Рус Каз Eng

Жамбыл облысы

Тараз
 

Әдебиет, өнер және мәдениет

Еуразия құрлығының нақ жүрегіндегі шетсіз-шексіз далада, биік таулар мен мыңжылдық көлдер аралығында көшпенділер ортасында өзіндік ерекшелігі бар, табиғатты қадір тұтатын айрықша мәдениет өмірге келді. Ол моңғол және түрік халықтары мәдениетінің қосындысынан пайда болып, кейінірек ислам және парсылық дүниетаным әсерімен байи түсті. Ол кезде әлі Қазақстан мемлекеті болмаған еді. Алайда, сол заманның өзінде көп ғасырлық ортақ мәдениет қалыптаса бастады. Еркін деген ұғымды білдіретін “қазақ” атауының өзі кейінірек пайда болды (14-15 ғасырларда).  

Білім жөнінен артық, басқа өздері сияқтылар арасында осынау мәдениеттің алатын орынын анықтауға деген айрықша құштарлықтан, қандай да болсын біртұтас, ділі де, тілі де бір, (түркітілді), мекендеген жерлері ұқсас Дала тайпаларының бірлестігін құру қажеттілігі пайда болды. Осылайша, мемлекеттің пайда болуына алдына-ала жол ашқан, көшпенділердің кеңістік пен уақыт жөніндегі үнемі қозғалыс жағдайындағы күрделі таным білімі және рухани ұғымдарына негізделген еркін мәдениеті туды. Кейінірек осынау жоғары дамыған, көпқұрылымды мәдениет жаңа білімдермен және отырықшы өмірге тән қағидалармен байи түсті. Оның құрамында тек далалық, көшпенді этностардың өкілдері ғана пайда болған жоқ. Қазіргі кезде мәдениет: түпнұсқалық қазақ мәдениеті (дәстүрлер, салт-жоралғылар, тіл, және т.б. сақталған) және бүгін біздің елде тұрып жатқан көптеген (130-дан астам) этностың ерекшеліктерін сіңірген қазақстандық мәдениет боп дамуда. Бүгінгі Қазақстан мәдениеті – қазақстандық халықтың тұрмыс-салттары мен әр алуан рухани және материалдық формада айқын байқалатын эстетикалық құндылықтарының кешені. Мәдениет табиғи күшіне сәйкес өзінің шығармашылық қуатын дамытып және байытып, әлемдік ұлттық мәдениеттер отбасында алатын дара орынмен қамтамасыз етеді.  

Халықтық-қолданбалы өнер  

Хас шеберлердің дәстүрлі туындыларына: көшпенді халықтар мәдениетіндегі “ғарыш”, ғалам және оның сұлулығы, Ұлы Дала табиғаты мен ауа-райына бейімделудің әдістері мен жолдары жайлы түсініктер арқау болған. Форманың шырқау биігі – киіз үй – атпен, түйемен тасуға болатын, жиналмалы баспананың жетілген түрі. Оның сыртқы және ішкі жабдықтары кілемдермен және ою-өрнекті киіздермен безендіріледі.  

Тұрмысқа қажет заттар киізден, ағаштан, теріден, металдан жасалады.  

Киім. Ерлер киімі: мақпал шапан, кестелі белбеу, тақия, киіз қалпақтар. Әйел киімі: кең етек көйлек, мақта-матадан, жібектен және масатыдан тігілген қамзол. 

Зергерлік іс. Шеберлер (зергерлер) алтыннан, ерте заманғы ақ күмістен зергерлік бұйымдар жасағанда құю, нақыштама, бедерлеу, зерлеу, қарайту, қиыршықтау, жылтыр бояумен сырлау әдістерін қолданған. Бұйымдарға қайталанбас шеберлікпен кеңінен қолданылатын ұлттық өрнек – қазақ халқының ішкі мағынасы бай, жан дүниесінің тілі.  

Музыкалық өнері  

Аспаптары. Музыка халықтың жан дүниесін әуенмен жеткізеді. Ежелгі қазақ аспаптары – домбыра мен қобыз (шертпелі), саз-сырнай, қамыс сырнай – сыбызғы. Қобызды жасаушы және аспаптық жанр –күйді шығарушы – аты аңызға айналған түрік философы және музыканты Қорқыт.  

Музыканттар. Қазақтың ұлы домбырашы-күйшілері – Асан қайғы (XV ғ.), Тәттімбет, Дәулеткерей, Құрманғазы, қобызшы Ықылас (ХІХ ғ.), Нұрғиса Тілендиев (ХХ ғ.).  

Халық әншілері. Ұлы жыршы-жыраулары – Жаяу Мұса, Ақан Сері, Әміре, Мәди, Кенен (ХІХ-ХХ ғ.ғ.), Шәмші Қалдаяқов (ХХ ғ.).  

Жаңа жанрлар. Кәсіби сазгерлер мектебі әлемге әйгілі болды: Е. Брусиловский (тұңғыш ұлттық “Қыз Жібек” операсының авторы), Е. Рахмадиев (“симфониялық күй” жанрын жасаушы); балбармақ – пианино тартушы Ж. Әубәкірова, скрипкашылар А. Мұсаходжаева, М. Бисенғалиев; опера әншілері Е. Серкебаев, Б. Төлегенова, Ә. Дінішев, Е. Құрманғалиев; эстрада жұлдызы Р. Рымбаева. Қазақстанда үш опера және балет театры, бірнеше симфониялық және көптеген фольклорлық оркестрлер мен ансамблдер бар.  

Архитектурасы  

Ұлы Дала ғасырлар бойы жатжерлік басқыншылардың шайқас алаңы болып, ортағасырлық қалалар мен архитектуралық кешендердің қирауына ұласты. Солардың ішіндегі сақталғандары –Х. А. Яссауи кесенесі (XІV-ХV ғ.ғ.) (Түркістан қ.) ЮНЕСКО Бүкіл әлемдік тізіміне қосылды. ЮНЕСКО Бүкіл әлемдік ескерткіштер тізіміне Алматыдағы Свято-Вознесенский кафедральды шіркеуі де (1907) кірді. Әлемге әйгілі Республика Сарайы (Алматы, 1970, арх. Н. Рипинский және т.б.), «Медеу» кешені (1972, арх. В. Кацев, А. Қайнарбаев).  

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда “архитектуралық ренессанс” басталды. (Астанада арх. К. Курокаваның бас жоспары бойынша /1934-2007/, Жапония) ел Президентінің резиденциясы «Ақ Орда» (арх. К. Монтахаев /1950-2009/, ҚР); Жасыл-сулы бақжолы (К. Курокава), (Бейбітшілік пен келісім Сарайы («Пирамида», 2006) және «Хан Шатыр» орталығы (2010, арх. Н. Фостер, Англия); «Қазақстан» Орталық концерт залы (2009, арх. М. Николетти, Италия); «Нұр-Астана» мешіті (2005, арх. Ч. Хафиз, Ливан); Азиада -2011 бірнеше спорт кешендері тұрғызылды.  

Әдебиет  

Фольклор. Қазақтар ғасырлар бойы “Қобыланды батыр”, “Ер Тарғын”, “Қамбар батыр” ерлік эпостарын, “Қыз Жібек”, “Қозы Көрпеш – Баян сұлу”, “Еңлік – Кебек” лиро-эпикалық дастандарын өз жүректерінде сақтап келеді.  

Айтыс ақындарының (Сүйінбай, ХІХ ғ., Жамбыл, ХХ ғ.) поэтикалық сайыстары халықты шаттыққа бөледі.  

Жазба әдебиеті. Оның негізін салушы – ойшыл, ақын, ағартушы Абай (1845-1904) «Ғақлия» («Қара сөздері»). Абайдың ісін мұрагер ретінде жалғастырушылар ХХ ғасыр басындағы демократтар – “Сөзді өнер атаулының ішіндегі ең біріншісі деп есептейтінін” мәлімдеген ақын, қазақ графикасының реформаторы А. Байтұрсынов (1873-1938), М. Дулатов (1885-1935) – “Оян, қазақ!” өлеңдер жинағы; М. Жұмабаев (1893-1938) – ұлы лирик. Әлемге әйгілі жазушылар М. Әуезов (1897-1961) – “Абай жолы” роман-эпопеясы (1954); І. Есенберлин (1915-83) – “Көшпенділер” трилогиясы (1973); ақын М. Шаханов – “Өркениеттің адасуы” поэмасы (2001); ақын, түрколог, Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі О. Сүлейменов –«Адамға табын, Жер, енді!” поэмасы (1961), «Аз и Я» зерттеуі (1975).  

Бейнелеу өнері  

Қазақстанның бірқатар аймақтарында жартасқа салынған ежелгі суреттер сақталған (біздің дәуірімізге дейінгі І-ІІ мыңжылдықтан – біздің дәуіріміздің VIII-IX ғ.). Тамғалы-тас петроглифтері (Алматы облысы) ЮНЕСКО бүкіл әлемдік мәдени мұра тізіміне енді.  

Көркем сурет және графика. Тұңғыш ұлттық кәсіби суретші– акварелші Ә. Қастеев (1904-73). Оның ұстазы Н. Хлудов (11850-1935) – көшпенділер өмірі туралы этнографиялық дәлме-дәл және романтикалық көркем суреттердің авторы. Табиғат көріністерін асқан шеберлікпен салған Ж. Шарденовтің (1927–92), «магиялық импрессионизм» жасаған Е. Төлепбайдың; әлемге әйгілі “Алматылық аңыздарды” жасаған фантаст С. Калмыковтың (1891-1967) жұмыстары, ХІХ ғасырдағы қазақ батыры және ақыны Махамбет образын арқау етіп, графикалық парақтар жасаушы М. Қисамединовтің туындылары кеңінен танымал.  

Монументтік өнер. Ұлттық мұраға айналған ескерткіштер: Алматы қаласындағы – Абайы (1960), авторы – тұңғыш ұлттық мүсін қашаушы Х. Наурызбаев (1925-2009); Көкшетау қаласындағы Ш.Уәлиханов (1971) - Т. Досмағамбетов; Астанадағы – Кенесары хан ескерткіші (2001) – авт. Н. Далбай; «Бәйтерек» монументі (2002) – авт. Н. Фостер, «Қазақ елі» (2008) – қазақ халқының тағдыры туралы елдегі тұңғыш сәулеткерлік-мүсіндік кешен (арх. Н. Далбай бастаған, С. Жүнісов, т.б. мүсіншілер тобы).  

Қазақстан театр өнері  

Қазақстан театр өнері 1926 ж. (Қызылорда қ). М. Әуезовтің пьесасы бойынша «Еңлік-Кебек» спектаклінен басталған. 1928 ж. театр Алматы қаласына қоныс аударды. 1930-жылдары қазақ театрлары бірқатар облыс орталықтарында пайда болды. 1933 ж. Семей қаласында құрылған орыс драма театры, көп ұзамай Алматыға көшірілді. Сонда 1934 ж. Ұйғыр театры, 1937 ж. – Корей театры (Қызылордада), 1935 ж. Алматыда – Қуыршақ театры, 1944 ж. сонда – ТЮЗ – жасөспірімдер театры ашылды. 1960-90-жылдар – М.Әуезов атындағы Қазақ драма театрында ең жарқын спектакльдер дәуірі (бас режиссер – КСРО халық артисі Ә. Мәмбетов): У. Шекспирдің «Асауға тұсауы» Х. Бөкеева және Ш. Айманов (Катарина мен Петруччио), Ш. Айтматовтың «Ана-Жер ана» С. Майқанова (Толғанай), т.б.  

Абай атындағы Қазақ академиялық опера және балет театры Алматы қаласында 1934 ж. ашылды. Қазақстанда бірінші опера 1936 ж. қойылды. Содан бері 50-ге жуық опера мен балет жазылды. Елдегі ең жас музыкалық театр – Астана қаласындағы К.Бәйсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының өмірбаяны 2000 ж. М. Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсымен басталды.  

Қазіргі кезде Қазақстанда 50 театр жұмыс істейді.  

Қазақстан киноөнері  

«Қазақфильм» – елдегі жалғыз кинокомпания, ол 1960 жылы Алматы кинохроника студиясының (1934) негізінде құрылды. Қазір Қазақстан жылына 30-40 көркем және деректі фильмдер, сондай-ақ мультфильмдер шығарады.  

2006 ж. «Қазақфильм» “Халық таңдауы: Қазақ киносының алтын топтамасы” акциясын ұйымдастырды. Қалың көрермен қауымның іріктеуімен алынған 50 фильмнің 20-сы реставрацияланды. Рейтинг көшбасшылары: «Абай» (А. Әміркұлов, 1995), «Бойся, враг, девятого сына» (В. Пусурманов, В. Чугунов, 1984), «Қан мен тер» (Ә. Мәмбетов, Ю. Мастюгин, 1978), «Жамбыл» (Е. Дзиган, 1955), «Аңызға айналған Шоқан» (А. Әшімов, Цой Гук Ин, 1984).  

2011 ж. наурызында Алматы қаласында «Қазақфильм» Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай “Қазақстанның жаңа деректі киносы” атты фестиваль өткізді.  

Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының (Алматы) студенттері түсірген Қазақстан Тәуелсіздігімен құрдас жасөспірім жігіттер мен қыздардың өмірі туралы “Мен 20 жастамын” деректі фильмі – нағыз құбылыс болмақшы.  

Республикада Қазақстан мәдениетіне, өнеріне және әдебиетіне арналған 70-ке жуық мемлекеттік мұражай жұмыс істейді. 
Материалдарды пайдалану тек қана құқығын иеленушілердің келісуімен ғана рұқсат етіледі. Барлық суреттер мен мәтіндер авторлардың құқығымен қорғалған.
Байланыста болыңыз