Рус Каз Eng

Жамбыл облысы

Тараз
 

Тарихи очерк

Қазiргi Қазақстан жерiн ежелгi адамзат баласы бұдан 1 млн-дай жыл бұрын мекен еткен. Оны Қаратау, Маңғыстау өңiрлерiнен табылған тұрақтардан алынған материалдар дәлелдейдi.

Қазақстан жерiндегi ерте палеолиттiк (эоплейстоценнен бастап б.з.б. 150 — 130 мыңжылдықтарға дейiн) ескерткiштер Қаратау, Сарыарқа, Мұғалжар, Маңғыстау, Ертiс алабынан табылған. Орта палеолитке (мустье) жататын (б.з.б. 150 — 130 мыңжылдықтардан б.з.б. 35 — 30 мыңжылдықтарға дейiн) ескерткiштер де бұл өңiрлерде көп. Кейiнгi палеолит (б.з.б. 30 — 35 мыңжылдықтардан б.з.б. 12 — 10 мыңжылдықтарға дейiн) дәуiрiнде адамзат жерiмiздiң барша аймақтарына тараған. Республика аумағындағы тас дәуiрi әртүрлi ендiктердегi әлемдiк дамудың (олдувей мәдениетi, ашель мәдениетi, мустье мәдениетi, т.б.) барлық заңдылықтарын сақтаған.

Ежелгi тас құралдары Қаратау қыратының оңт.-батысындағы Арыстанды өз. алқабының төм. төрттiк дәуiрiне қатысты ең биiк сөресiн құрайтын, тұтасып қатып қалған конгломераттар қабатынан табылған. Қаратау сiлемдерiндегi ашель кезеңiнiң тұрақтары көп. Ең көрнектiлерi Бөрiқазған мен Тәңiрқазғаннан табылған бұйымдар төрт топқа: бiр жақты, екi жақты шапқыш құралдар; зiл мен сындырғыштар; домалақ iрi бұжыр тастар топтарына жатады. Мұндай шапқыш құралдар Оңт.-Шығыс Азия мен Африканың шелль-ашель кезеңiндегi бұйымдарға өте ұқсас. Түркiстан қ. маңындағы Қошқорған, Шоқтас ескерткiштерiнен табылған тас құралдардың жас мөлш. б.з.б. 500 мыңжылдықтан әрi асады. Ашель кезеңiнiң ескерткiштерi Орт. Қазақстаннан (Құдайкөл, Жаманайбат, Обалысан, т.б.), Шығ. Қазақстаннан (Қозыбай), Маңғыстаудан (Шақпақата, т.б.), Мұғалжар тауларынан (Жалпақ, Мұғалжар, т.б.) да табылған. Екi жақты шапқыш (бифас) құрал, әсiресе, соңғы аталған өңiрдегi бiрнеше орындардан зерттелдi.

Мустье кезеңiне жататын тұрақтардың ең маңыздылары Қаратаудан (Уәлиханов атындағы тұрақ, Шақпақ, т.б.), одан соң Бат. Қазақстаннан (Шақпақата, Құмақапа, Аққыр, т.б.), Сарыарқадан (Бұрма, Семiзбұғы 2-10, Аққошқар, т.б.), Шығ. Қазақстаннан (Бөдене-1, т.б.), Жетiсудан (Ақтоғай, т.б.) табылған. Кейiнгi палеолит жұрттарында бұрынғысынша, ұсақ малта тастардан жасалған шапқыш құралдар, салмақты қырғыштар, үш бұрышты қалақшалар көп, олар дөңгелек тұрпатты өзектастардан омырылып алынған. Омыру техникасы жетiлдiрiлген, көп қырлы призма пiшiндес өзектастар да табыла бастады. Соғып түзету техникасы кең қолданылған, ол жүзi жұқа құралдар — найза, сүңгi ұштарын жасауға мүмкiндiк берген. Бұл кезеңде палеогеогр. жағдай қолайсыздау болғанымен, Қаратау жотасынан (Уәлиханов атынд. тұрақтың жоғ. мәдени қабаттары, Ащысай, Ұшықтас, т.б.), Шығ. Қазақстандағы Ертiс өз-нен (Қанай, Свинчатка, Пещера, Шүлбi, т.б.), Сарысу өз. өңiрi мен Солт. Балқаш өңiрiнен (Семiзбұғы, Тораңғы, Баршын, Батпақ, т.б.) табылған тас бұйымдар осы кезең туралы мейлiнше толық мағлұмат бередi. Палеолиттен мезолитке (б.з.б. 12 — 10 — 5 мыңжылдықтар) өткен кезеңдерде қазiргi кездегiге жуық табиғи келбет орнықты. Садақ пен жебенiң ойлап табылуы аңшылық кәсiпке үлкен мүмкiндiктер туғызды. Бұл дәуiр ескерткiштерi Қазақстанда аз зерттелген. Оңт. Қазақстанда (Маятас, Жаңашiлiк-1-3, т.б.), Орт. Қазақстанда (Қарағанды-15, Әкiмбек, т.б.), Солт. Қазақстанда (Мичурин, Боголюбов-2, Явленко-2, Атбасар, т.б.), Торғай ойпаты аудандарында (Дүзбай-6, т.б.), Қостанай қ. маңында (Дачная, Евгеньевка, т.б.) орналасқан тұрақтар адамдардың шаруашылығынан, дүниетанымынан мол мағлұмат бередi. Неолит (б.з.б. 5 — 3 мыңжылдықтар) дәуiрiнде адамдар өнiм өндiруге бет бұра бастады.

Микролиттiк (жебе ұштары, саптамалы құрал жүздерi) және макролиттiк мәдениет (тас балта, қашау, кетпен, дән уатқыш, келi, пышақ, қырғыш, т.б.) дами түстi. Тас өңдеу (тегiстеу, аралау, бұрғылау), сүйектен, мүйiзден, ағаштан бұйым жасау жетiлдi. Қыш ыдыстар жасала бастады. Мекендерiне байланысты неолит, энеолит қоныстарының бұлақтық, өзендiк, көлдiк, үңгiрлiк деп топталатын 600 орны анықталды. Қоныс орындары Қаратау алқабынан (Қараүңгiр, Арыс, Дермене, Тасқотан, т.б.), Арал маңынан (Жалпақ, Ақеспе, т.б.), Сарыарқадан (Жезқазған, Сарыбұлақ, Қарағанды кешендерi, т.б.), Шығ. Қазақстаннан (Соцчигиз, т.б.) табылды. Ақмола обл. Атбасар ауд-ндағы Атбасар мәдениетi (б.з.б. 7 мыңжылдықтың соңы — 6 мыңжылдық басы) жергiлiктi мезолит тайпаларының материалдық негiзiнде қалыптасқан. Мұнда 200-ге тарта тұрақ табылған.

Торғай ойпатында неолит дәуiрiне жататын Маханжар мәдениетiнiң тұрақтары ашылған.

Сондай-ақ, бұл заман ескерткiштерi Ертiс алабында (Усть-Нарым, Пеньки, Железинка моласы) да көп. Неолит дәуiрiнде дәстүрлi аңшылық, балық аулау, терiмшiлiк сақталды. Өндiрушi шаруашылық негiзi — қарапайым егiншiлiк пен мал ш. пайда болды. Бұл энеолиттiк (б.з.б. 3 — 2 мыңжылдықтар) тұрақтардан айқын көрiнедi. Көкшетаудағы Ботай бекетi жанындағы Ботай мәдениетi, Торғайдағы Терсек мәдениетi солт. өңiрлердегi далалық энеолиттi сипаттайды. Осы мәдениеттердiң көптеген материалдық деректерi байырғы адамдардың дiни нанымынан, шаруашылық жайынан хабар бередi. Күнделiктi өмiрде бiрқатар заттар мыстан жасала бастаған. Қола дәуiрiнде (б.з.б. 2 — 1 мыңжылдықтар) мыс пен қола металлургиясы дамыды (қ. Ежелгi кен қазбалары). Тайпалар мал және егiн ш-тарымен кешендi түрде айналыса бастады. Еңбек өнiмдiлiгi артты. Жеке отбасылар оқшауланды, отбасылық меншiк кеңейдi, рулық қауым iшiнде мүлiк теңсiздiгi өстi. Қола — еңбек құралдары мен қару жасау үшiн қолданылатын негiзгi шикiзат көзiне айналды. Қола дәуiрiнде Сiбiрдiң, Жайық өңiрiнiң, Қазақстан және Орта Азияның ұлан-ғайыр далаларын тегi жағынан және тарихи тағдырларының ортақтығы жағынан туыс тайпалар мекендедi; бұл тайпалар өзiнше бiр үлгiдегi жарқын мәдениет қалдырды. Мұны 1914 ж. Сiбiрдегi Ачинск қ-ның маңынан табылған Андрон деревнясы атымен аталатын Андрон мәдениетiн қалдырған тайпалар ескерткiштерiнен көруге болады. Андрон мәдени-қауымдастығы таралған аймағына және өзiндiк белгiлерiне қарай үш тарихи кезеңге бөлiнедi: ерте кезеңi — б.з.б. 18 — 16 ғ-лардағы Петров мәдениетi; орта кезеңi — б.з.б. 15 — 12 ғ-лардағы Алакөл-Атасу, Федоров-Нұра мәдениеттерi; соңғы кезеңi — б.з.б. 11 — 9(8) ғ-лардағы Алексеев, Замараев, Сарығары, Беғазы-Дәндiбай мәдениеттерi. Ғылымда Андрон мәдени-тарихи қауымдастығы тарихи кезеңдерiне қатысты түрлi пiкiрлер бар. Дегенмен, ғалымдардың көбi бұл кезеңдер бiрiн-бiрi алмастырып отырды деген пiкiрге тоқтаған. Қола дәуiрiндегi әрбiр мәдениет жерлеу құрылыстарымен, қабiрге қойылған заттарымен ерекшеленедi.

Бұл кезеңде түрлi металдардың қорытпаларынан еңбек құралдарын (пышақ, орақ, шалғы, балта), қару-жарақ (қанжар, найза, жебе ұштықтары), әшекейлiк бұйымдар (тоға, бiлезiк, моншақ, тарақ) жасау жетiлдiрiлдi. Ертедегi шеберлер металл құю, соғу, бедерлеу, өрнек салу, тегiстеу, әрлеу тәсiлдерiн жақсы меңгере бастады. Тас құралдары да (дән уатқыш, келi-келсап) бұрынғысынша пайдаланыла бердi. Мүйiз, сүйек, шақпақ, тас, қыш, терi, жүн, ағаштардан бұйымдар жасау iсi жетiле түстi. Мал ш. мен кен байыту iсi қоғамдағы ер адамдар рөлiн күшейттi. Бұл өз кезегiнде аналық тек үстемдiгiн аталық тек билiгiнiң алмастыруына алып келдi. Дiни ұғымда отқа, ата-баба аруағына табыну түрлерi кең тарала бастады. Қола дәуiрiнiң өзiндiк мәдени кезеңдерi Қазақстанның барлық аймақтарынан байқалады.

Қазақстанның қола дәуiрiндегi тайпалар бiрлестiгiнiң негiзiнде ертедегi көшпелiлер мәдениетi қалыптаса бастады (қ. Көшпелiлiк). Б.з.б. 1-мыңжылдықтың басында Қазақстан далалары мен шөлейт, таулы аудандарында негiзгi кәсiп көшпелi мал ш. болды. Темiр дәуiрiнде (б.з.б. 7 ғ-дың басы) адам еңбегi анағұрлым өнiмдi бола түстi. Темiр өндiру қосымша өнiм мөлшерiнiң артуына жағдай туғызды. Көлiк ретiнде жылқы кеңiнен пайдаланылды. Табиғи орта мен климат жағдайларына байланысты мал ш-ның негiзгi үш түрi: көшпелi, жартылай көшпелi және отырықшылық дами түстi. Темiрден ер-тұрман әбзелдерi (ауыздық, т.б.), қару-жарақ, тұрмыс бұйымдарының жаңа түрлерi жасалды. Көшпелi тұрмыста киiз үй, арба, күйме кеңiнен қолданылды.

Малға және жерге отбасылық меншiк нығайды. Қауымдар арасында жайылым, мал үшiн қақтығыстар жиiлей түстi. Ерте темiр ғасыры дәуiрiнде (б.з.б. 1 — мыңжылдық ортасы) Қазақстандағы тайпалық одақтар қалыптасты. Қазақстанның оңт., шығыс және орт. аудандарын мекендеген тайпалар сақ тайпалар одағына (қ. Сақтар), ал батыс, солт. аудандарындағы тайпалар савроматтар тайпалық бiрлестiгiне бiрiктi. Археол. деректер бұл бiрлестiктерде мемл. нышандардың болғандығын аңғартады. Сақтардың оңт. өңiрлердегi Бесшатыр, Есiк обасы, Түгiскен, Ұйғарақ, т.б. ескерткiштерi олардың мәдениетi мен өнер жетiстiктерiнiң бiрегей туындылары болып табылады. Шығ. Қазақстандағы тайпалар материалдық мәдениетi майәмiр (б.з.б. 7 — 6 ғ-лар), берел (б.з.б. 5 — 4 ғ-лар), құлажорға (б.з.б. 3 — 1 ғ-лар) кезеңдерiне бөлiнедi. Майәмiр кезеңiндегi Шiлiктi обасы, Берел кезеңiндегi осы аттас обалардан алынған мағлұматтардан сақтардың әлеум. жағдайын, тұрмысқа қажеттi заттардан олардың шаруашылығы мен дүниетанымын аңғаруға болады. Орт. Қазақстан тайпалары Тасмола мәдениетiн қалдырды (жазба деректерi бойынша бұлар массагет тайпалары не исседондар). Мұны тастардың тiзбектеле, мұртқа ұқсай орналасуына байланысты “мұртты обалар” деп те атайды. “Мұртты” обалардың архит. кешенi қола дәуiрi тайпаларының табынушылық құрылыс өнерiнiң дәстүрлерiн айқын бейнелейдi. Савромат-сармат ескерткiштерi, әсiресе, Елек өз. бойында көп шоғырланған. Мұндағы Бесоба қорымы, Целинный қорымы, Сынтас қорымы, т.б. ескерткiштердiң құрылысы мен олардан табылған заттар бұл тайпаларда қолданбалы өнердiң жоғары болғандығын көрсетедi. Ертедегi көшпелiлердiң дiни нанымында отқа, күнге, от басы, ошақ қасы, ата-баба аруағына табыну орын алды, пұтқа, керемет күшке сенушiлiк сақталды. Қолданбалы өнерде скифтiк-сiбiрлiк аң кескiнiн бейнелеу нақышы кең тарады. Бат. және Солт. Қазақстандағы савромат мәдениетi тайпалары — аландардың арғы тегi, Шығ. Қазақстанды аримаспылар, Жетiсу мен Оңт. Қазақстанды тиграхауда сақтары, Арал маңын массагеттер қоныстанды. Темiр дәуiрiндегi ежелгi тайпалар бiрлестiгi жөнiндегi жазба деректемелердi екi топқа бөлуге болады: 1) көне деректермелер (Геродот, Ксенофонт, Птолемей, т.б.); 2) ахамен әулетi (ежелгi парсы) сына жазбалары. Соңғы деректемелерде сақтардың үш тобы: хаумаварга сақтар, тиграхауда сақтар, тиай-парадрайа сақтар аталады; (қ. Қазақстанның ежелгi тайпалары).

Жазбаша деректемелер археол. зерттеулермен ұштастырылып қазiргi таңда б.з.б. 8 — 1 ғ-лардағы тайпалар, тайпалық одақтар жөнiнде көп мәлiметтер алынып отыр. Б.з.б. 3 ғ-да Қазақстан жерiнде кейбiр тайпалар өз мемлекетiн құрып, алыс-жақын елдермен саяси қарым-қатынастарға түскенiн де жазба және археол. деректемелерден көруге болады. Шаруашылықтың бiртiндеп дамуы, тұрмыстың бiршама ортақтығы, этн. жақындық Қазақстан аумағында мемлекеттердiң құрылуының негiзгi себептерi болды. Олардың алғашқылары сюнну (ғұндар) болатын. Оның атау тегi әр түрлi тайпаларды бiрiктiрген және Тынық мұхит пен Солт. Қытайдан Алтай мен Жетiсуға дейiнгi аумақты, ал кейiннен одан әрi батысқа да ара-тұра таралып отырған саяси құрылымға қатысы бар.

Зерттеушiлер ғұндарды түрiктердiң арғы ата-бабалары деп есептейдi. Бұл бiрлестiктi Модэ басқарған кезде ғұндар бүкiл әлемге танылды. Модэ шаньюй б.з.б. 206 ж. Қытайға, б.з.б. 201 ж. Алтай тайпаларына сәттi жорықтар жасады. Ғұндар бiрлестiгiне шыққан тегi әр түрлi тайпалар немесе этн. саяси құрылымдар кiрген. Конфедерацияның қоғамдық өмiрiне бiр орт-қа бағынғысы келмейтiн қуатты күштер, кең байтақ жердiң әр түкпiрiндегi аудандар арасында берiк саяси және экон. байланыстардың болмауы зор ықпал жасады. Ғұн қоғамында бiрлiк Фратрияаралық бауырластық ұйымның ерекше түрi болуы арқылы орнаған. Б.з.б. 1 ғ-дың ортасында сюнну қоғамы өз вассалдық иелiктерiнен айырылып, Хуханье шаньюй бастаған оңт. және Чжичжи басшылық еткен солт. топтарға бөлiндi. Оңт. сюннулер Ордос аумағында қалды да, солт. сюннулер өз тайпаластарының қысымымен солт. пен батысқа қоныс аударды. Б.з.б. 49 ж. Чжичжи ғұн конфедерациясын қайта бiрiктiруге деген талпынысы нәтиже бермедi. Ол қаңлылармен одақтасып, үйсiндермен соғысты. Хань империясының бодандығындағы оңт. ғұндар 304 ж. Лю-хан атты өз мемлекетiн құрды. Солт. ғұндардың Едiл — Жайықтағы үлкен бөлiгi 4 ғ-дың 2-жартысында Қара т. жағалауын, Днестрге дейiнгi өлкенi бағындырды. Жалпы, ғұндардың батысқа жорығы “Халықтардың ұлы қоныс аударуына” түрткi болды. Ол Қазақстанды мекен еткен тайпалардың этн.-саяси тарихына елеулi өзгерiстер енгiздi. Жетiсуда ежелгi тиграхауда сақтарының жерiн мұра етiп алған усундер (үйсiндер) Орт. азиялық тайпалар едi. Олар б.з.б. 160 ж. шамасында өз мемлекетiн құрған. Негiзгi жерi Iле алқабында болды, бат. шекарасы Шу мен Талас өзендерi арқылы өтiп, Қаңлы мемлекетiмен шектестi. Шығысында ғұндармен, оңт-тегi иелiгi Ферғанамен ұштасып жатты. Қытай жазба деректерi үйсiндер иелiгiнде 630 мың адам болғанын және бiр уақытта 188 мың жауынгерге дейiн шығара алатынын мәлiмдейдi. Үйсiндердiң археол. ескерткiштерi — қорымдар (Қапшағай, Өтеген, Тайғақ, Қарлақ, Ақтас, т.б.) мен қоныс орындарынан (Ақтас, Кеген, т.б.) табылған заттар олардың мал ш-мен, егiн егумен айналысқанын көрсетедi. Үйсiн байларының 500-ге тарта жылқысы болғандығы жазба деректерден де белгiлi. Үйсiн қоғамындағы әлеум. айырмашылықтар археол. материалдардан да айқын байқалады. Қаңлы (кангюй, канцзюй) мемлекетi жазба деректемелерде б.з.б. 2 ғ-да айтыла бастайды. Кейбiр деректерде қаңлы халқы 120 мың отбасынан, 600 мың жаннан құралатыны және саптағы әскерi 120 мың адам екенi айтылады. Қаңлылар б.з.б. 46 — 36 ж. Чжичжи бастаған ғұндарды қолдады, кейiн үйсiн және қытайлармен бiрiгiп, оларға қарсы шыққан. 85 ж. қаңлылар Қашғардағы қытай уәлиi Бань Чаоға қарсы көтерiлген ферғаналықтарды жақтаған. Қаңлылар Жiбек жолының Сырдария бойымен өтетiн Ферғанадан Арал өңiрiне дейiнгi бөлiгiн өз бақылауында ұстап тұру үшiн күрес жүргiздi. Қаңлылардың қала жұрттары мен обаларынан шетелдiк бұйымдар көп шыққан. Олардың археол. ескерткiштерi ғыл. ортада жетiасар мәдениетi, қауыншы мәдениетi және отырар-қаратау мәдениетi деген атаулармен белгiлi. Қаңлы мемлекетiнiң халқы егiншiлiкпен, мал ш-мен, қолөнер кәсiбiмен, саудамен айналысқан. Ғыл. әдебиеттерде қаңлы, үйсiн халықтарының этн. сипаты жөнiндегi мәселе күрделi де қиын. Олардың қай тiлде сөйлегенi жөнiнде де бiрыңғай пiкiр жоқ. Зерттеушiлердiң бiразы оларды шығыс иран тайпаларынан шыққан десе, екiншi бiреулерi олар түркiлердiң арғы аталары, олар түркiше сөйлеген деп есептейдi. Қалай болғанда да, қазақтың ең iрi тайпалары үйсiн, қаңлы деп аталады. Бұл тайпалар құрған мемлекеттер Қытай, Парфия, Рим және Кушан империясы сияқты елдермен саяси, экон. және мәдени байланыс орнатқан.

Ертедегi ортағасырлық мемлекеттер. Қазақстан жерi 6 ғ-да билеушiлерi ашин руынан шыққан Түрiк қағандығының билiгiнде болды. Түркi этносы 3 — 4 ғ-ларда қалыптасқан. “Түркi” этнонимi алғаш рет қытай жылнамаларында 542 ж. аталады. Қытайлар түркiлердi сюннулердiң (ғұндардың) ұрпақтары деп санаған. Шежiрелерде Вэй князьдiгiнiң солт. өңiрлерiне солт.-батыс жақтан келген түркiлердiң (туцзюе) жыл сайын шапқыншылық жасап, ойрандап кететiнi хабарланады. 546 ж. тирек (теле, телi) тайпалары қазiргi Моңғолияның оңт. және орт. бөлiктерiн мекендеген және мұнда үстемдiк еткен аварларға (жуань-жуань) қарсы жорық жасады. Түрiк қағаны Бумын күтпеген жерден тирек әскерiне шабуыл жасап, кескiлескен шайқастан кейiн оны жеңедi де, тиректердiң 50 мыңнан астам әскерiн тұтқынға алады. Даланың әдеттегi құқығының қағидаларына сәйкес тұтқынға алынғандарды өзiне қосып алған түркiлер күшейiп, 552 ж. көктемде аварлар ордасына шабуыл жасап, оларды күйрете жеңедi. Сөйтiп, Бумын (553 ж. өлген) Түрiк қағандығының негiзiн салды.

Оның мұрагерi Мұқан қаған (553 — 572) билiк құрған жылдарда қағандық Орт. Азияда саяси үстемдiкке ие болды. Олар Маньчжуриядағы қидандарды, Енисей аймағындағы қырғыздарды бағындырды. Солт. Қытай мемлекетi алым-салық төлеп тұрды. 561 — 563 ж. түркiлер Иранмен эфталиттерге қарсы одақ құрды. 587 ж. Бұхара түбiнде түркiлер эфталиттердiң негiзгi күшiн талқандады. 588 ж. Герат қ. түбiнде Иран түркiлердi жеңдi. 571 — 576 ж. Истеми (Iстемi) мен Түрiксанф қағандар басып алған Терiстiк Кавказ бен Қырым жерлерiне жорық жасаған болатын.

Қағандықтағы өзара қырқыс кезiнде (582 — 593) мұндағы ықпалынан айрылды. Түркi қағандығындағы әлеум. қайшылықтар, ашаршылық, жұт, Суй әулетiнiң (Қытай) шекаралардағы шабуылдары (581 — 618) бұл мемлекеттiң 603 ж. Батыс және Шығыс болып екiге бөлiнуiне алып келдi. Батыс түрiк қағандығы “ежелгi усун жерлерiне” iрге тептi. Оның аумағы Қаратаудың шығыс баурайынан Жоңғарияға дейiнгi жердi алып жатты. Қағандықтың негiзгi этн.-саяси ұйытқысы “он тайпа” (он оқ будун) болды. Шу өз-нiң шығыс жағында дулының бес тайпасы, ал оның батыс жағында бес тайпалы нушебилер мекендедi. Астанасы Суяб (Қырғызиядағы Тоқмақ қ-ның маңы), ал қағанның жазғы ордасы Мың бұлақ (Түркiстан қ. жанында) едi. Қағандықтың күш-қуаты Жегуй-қаған (610 — 618) мен Түн-жабғы (618 — 630) тұсында күшейе түстi. Тохарстан мен Ауғанстанға жасалған жаңа жорықтар мемлекет шекарасын Үндiстанның солт.-батысына дейiн кеңейттi. Соғды мен Бұхарада қаған өкiлдерi отырды. Халық (түркiлер, соғдылықтар) сауда-саттықпен, қолөнер кәсiбiмен, егiншiлiк және мал өсiрумен айналысты. Батыс түрiк қағандығында әлеум.-экон. және саяси қатынастардың ала-құла, үстемдiк ету мен тәуелдiлiктiң алуан түрлi болуына қарамастан, таптардың құрылу және ертедегi феод. қоғамдық қатынастардың бiршама тез қалыптасу үрдiсi жүрiп жатты. Iшкi тартыстар мен Жетiсудағы Тан империясы саясатына қарсы күресте Үшлiк (Үш-Елiк, Учжиле) бастаған түргештердi күшейтiп, ақыры 704 ж. Жетiсуда Түргеш қағандығы (704 — 756) орнады. Үшлiк қаған (699 — 706) Жетiсудан Бөрi-шадты қуып шығып, Ташкенттен бастап, Тұрфан (Сичжоу) мен Бесбалыққа (Тинчжоу) дейiнгi жерлерге өз билiгiн орнатты. Ол астанасын Суябқа орналастырды.

Iле өз. бойындағы Күнгiттi екiншi орда еттi. Үшлiк қаған елдi 7 мың әскерi бар 20 түтiктiкке (еншiлiк) бөлiп басқарды. Сақал қағанның (706 — 711) тұсында Түргеш қағандығы батыста соғдылармен бiрге арабтарға қарсы күрес жүргiздi, оңт-те бұларға Тан әулетi зор қауiп төндiрiп тұрды, ал шығыста Орт. Азия түркiлерi қыспаққа алды. Сұлық (Сулық, Сулу) қаған (715 — 738) ел басқарған кезде қағандық бiршама күшейдi. Орда Таласқа (Тараз) көшiрiлдi. Сұлық қағанға екi майданда күрес жүргiзуге тура келдi: батыстан арабтар, шығыстан Тан сарайы қауiп төндiрдi.

Елшiлiк жолымен (неке байланысы) және әскери шаралар арқылы Сұлық шығыстан келетiн қауiптiң алдын алып, батыста белсендi әскери әрекет жүргiздi. 723 ж. Ферғана қарлұқтарымен және Шаш тұрғындарымен тiзе қосқан түргештер арабтарды ойсырата жеңдi. Бiрақ 732 ж. араб уәлиi түргештердi талқандап, Бұхараға кiрдi. 737 ж. Сұлық арабтарға қарсы жорыққа шығып, тағы да жеңiлiс тапты. Оны өз қолбасшыларының бiрi Баға-Тархан өлтiргеннен кейiн сары түргештер мен қара түргештер арасында тартыс басталды. 746 ж. Жетiсу жерiне Алтай мен Тарбағатайдан қарлұқтар келiп қоныстана бастады. Өзара тартыстан әлсiреген түргештер оларға жөндi қарсылық көрсете алмады. 748 ж. Қытай империясының әскерi Суябты ойрандап, Шашты бағындырды. 751 ж. Атлах қ-нда (Тараз маңы) арабтар мен қытай әскерлерi арасында бес күнге созылған соғыс болды. Шешушi сәтте қарлұқтар арабтар жағына шығып, қытай әскерi толық күйретiлдi. Осыдан кейiн қытайлар да, арабтар да мұнда табан тiрей алмай, керi шегiндi. 756 ж. қарлұқ тайпалары саяси үстемдiкке қол жеткiздi. Батыс түрiк қағандығының орнына төрт бiрдей мемлекет орнады.

Хазар қағандығын қоспағанда, Төм. Едiл өңiрi мен Солт. Кавказда, Қазақстан жерiнде үш этн.-әлеум. бiрлестiк пайда болды: Сырдарияның төм. және орт. бөлiгiн, Арал өңiрi даласын Оғыз мемлекетi жайлады, ал Қазақстанның Солт. Шығ. және Орт. аймақтарында Қимақ мемлекетi орнады. Батыс түрiк қағандығының өзегi болған Жетiсуда Қарлұқ мемлекетi (766 — 940) құрылды.

Қарлұқтар туралы алғашқы деректер 6 ғ-ға жатады. 6 — 7 ғ-ларда қарлұқтар Түрiк, Батыс түрiк және Шығыс түрiк қағандықтары ықпалының аясына кiрдi. 7 ғ-дың ортасында қарлұқ бiрлестiгiнiң құрамында бұлақ, шiгiл (себек) мен ташлық тайпалары болған. Оларды көсемдерi елтабар (елтебер) басқарған. 742 ж. Моңғолия даласында қарлұқтардың, ұйғырлар мен басмылдардың саяси одағы ықпалын жүргiздi. 744 ж. басмылдарды ұйғырлар мен қарлұқтардың бiрiккен әскерi талқандап, Орт. Азияда Ұйғыр қағандығы (744 — 840) құрылды. Ұйғыр көсемi — қаған, қарлұқтар басшысы — жабғұ атағын алды. Дербестiкке ұмтылған қарлұқтар кейiнiрек олардан бөлiнiп кеттi.

Олар түргеш мұрасын иемдену үшiн оғыздармен күрес жүргiзiп, оғыздарды Сыр өңiрiне ығыстырды. 766 ж. түргеш қағандарының қос ордасы (Тараз, Суяб), бүкiл Жетiсу жерi қарлұқ жабғысының қол астына өттi. 766 — 775 ж. олардың бiр бөлiгi Қашғарияны басып алса, бiр тобы 8 ғ-дың аяғында Ферғанаға ықпалын жүргiзе бастады. 8 — 10 ғ-ларда қарлұқ тайпалары Қазақстанның Жоңғар Алатауынан бастап, Сырдарияның орта ағысына дейiнгi, Ыстық көл мен Балқаш арасындағы жерлердi қоныс еткен. 810 ж. қарлұқтарға арабтар жорық жасап, Құлан қ-на дейiн жеткен. 812 ж. арабтар Отырарға шапқыншылық жасағанда, қарлұқ жабғысы қимақ елiне қашып кеттi. 840 ж.

Енисей қырғыздары Ұйғыр қағандығын құлатты. Исфиджаб билеушiсi, қарлұқ жабғысы Бiлге Күл Қадырхан осыны пайдаланып, өзiн қаған деп жариялады. Осы жылы қаған қарлұқтарға “қасиеттi соғыс” жариялаған самани әулетiмен соғыс жүргiздi. 893 ж. саманилер Тараз қ-н басып алды да қала халқы ислам дiнiн қабылдады. Оңт. Қазақстан жерiнiң бiраз бөлiгiнде араб билiгi орнады. 10 ғ-дың алғашқы жартысында қарлұқтар жерiндегi бытыраңқылықты пайдаланған Қашғардың түрiк билеушiлерi 940 ж. Баласағұн қ-н басып алып, Қарлұқ мемлекетiн құлатты. Мемлекеттегi тайпалық еншiлiк жүйе орт. билiктi әрдайым әлсiретумен болды. Дербестiкке ұмтылған тайпа басшылары арасындағы өзара күрес, iшкi қырқыс, қоныс-өрiске байланысты талас-тартыс оны әбден әлсiреткен. Халқы этн. жағынан бiртектес болмады, мұнда соғдылықтар да тұрды. Дегенмен қарлұқтар тұсында қала мәдениетi дамып, көркейдi. Мұнда 25 қала мен қоныс болған.

8 ғ-дың 2-жартысы — 9 ғ-дың басындағы тарихи оқиғалар оғыз тайпаларында мемл. ұйым бөлiктерiнiң дамуына түрткi салды. Оған печенег-кангар конфедерациясымен соғыс едәуiр дәрежеде себепшi болды. 9 ғ-дың басында оғыз жабғылары қарлұқтармен және қимақтармен одақтасып, печенег-кангар бiрлестiгiн жеңдi де Сырдарияның төм. ағысы мен Арал өңiрiнде Оғыз мемлекетiн (9 — 11 ғ-дың басы) құрды. 9 ғ-дың соңында олар хазарлармен одақтасып, печенегтердi жеңiп, Орал мен Едiл арасын қол астына қаратты. Бастапқы кезде оғыздар 24 тайпадан құралып, екi фратрияға: бұзұқтар мен ұшықтарға бөлiндi. 10 ғ-да астанасы Янгикент (Жаңа Гузия) болды. Мемлекет басшысы — жабғы (ябгу, ябғұ), оның кеңесшiлерi — “күл-еркiн”, мұрагерлерi — “инал” деп аталды. Оғыз мемлекетi саяси және әлеум. табиғаты жағынан ертедегi феод. мемлекет болатын. Онда әскери-демокр. құрылыстың қойнауынан өсiп шыққан ел билеу ин-ттары сақталды, ал жабғы билiгiн iрi әскери-тайпалық ақсүйектер кеңесi шектеп отырды.

Оғыздар қоғамында жеке меншiк қалыптасып, дами бастады. Негiзгi шаруашылығы мал өсiру едi. Жартылай отырықшы және отырықшылар егiншiлiкпен, қолөнерiмен айналысты. Құл саудасы кең қанат жайды. Оғыздар мәжусилiк нанымды ұстап, бақсы-балгерлерге табынған. Бiрте-бiрте ислам дiнi ене бастады. Оғыз мемлекетi Киев князi Святослав I-мен одақтасып, 965 ж. хазарларды, 985 ж. Новгород князi Владимир I-мен бiрге Едiл Бұлғариясын ойрандады. 10 — 11 ғ-ларда алым-салықтың күшеюiне қарсы Оғыз мемлекетiнде көтерiлiстер болып өттi. Салжұқтармен жүргiзiлген соғыстар мен iшкi қайшылықтар нәтижесiнде әлсiреген Оғыз мемлекетiн қыпшақ тайпалары бiржолата құлатты. Оғыздардың бiр бөлiгi Шығ. Еуропа мен Кiшi Азияға өтiп кетсе, екiншi тобы Мауераннахрдағы қарахан әулетi мен Хорасан салжұқтарының қол астына қарап, тағы бiр бөлiгi Дештi қыпшақ тайпаларының құрамына сiңiсiп кеттi.

Оғыздармен бiр кезеңде Солт., Шығ. және Орт. Қазақстан жерiнде Қимақ (кимек) қағандығы (9 — 11 ғ-дың басы) үстемдiк еттi. Қимақтар тарихының ерте кезеңi яньмо тайпасымен тiкелей байланысты. 7 ғ-да яньмо солт.-батыс Моңғолияны мекендеген. 7 ғ-дың ортасында имектер (кимектер, қимақтар) Алтай тауының терiскей аудандары мен Ертiс өңiрiне қоныс аударды. Олардың басшылары “шад-тұтық” деп аталған. 840 ж. Ұйғыр қағандығы ыдырағаннан кейiн құрамында жетi тайпа ұйытқы болған қимақ федерациясы қалыптаса бастады. Ендi қимақ тайпаларының басшысы байғұ (ябғұ) атағымен атала бастады. Бұл атақ лауазымдық дәрежесi жағынан шадтан жоғары болатын. 9 ғ-дың ақыры мен 10 ғ-дың бас кезiнде Қимақ қағандығы құрылғаннан бастап, олардың басшысы түркiнiң ең жоғ. лауазымы — қаған атын алды. Бұл кезде қимақ мемлекетiнiң өзегiн 12 тайпа құраған. Үкiмет билiгiн мұраға қалдыру ин-ты қағанның отбасы мен хан әулетi iшiнде ғана емес, тайпалар ақсүйектерi арасында да қалыптасты. Мыс., қағанның 11 басқарушысының еншiсi олардың балаларына мұра ретiнде берiлген. Әрбiр еншiлiк иелерi қағанға бағынды. Қимақтар мал өсiрдi. Олардың арасында тәңiрге, ата-баба аруағына табыну ғұрпы қалыптасқан. Жекелеген топтары отқа, күнге, жұлдыздарға, өзенге, тауға табынған. Шаман дiнi кең тараған. Кейбiр топтары христиан тектес дiн — манихейлiктi ұстанған. Жазба және археол. деректер шонжарлар арасында ислам дiнi де таралғанын байқатады. 11 ғ-дың басында бұл қағандық күйредi. Оғыздар жерiн басып алған қыпшақ хандары едәуiр күшейiп алды да, қимақтарды саяси үстемдiгiнен айырды.

Дамыған ортағасырлық мемлекеттер. 10 ғ-дың орта шенiнде Жетiсу аумағында және Шығ. Түркiстанның бiр бөлiгiнде әлеум. құрылымы бiршама дамыған, өзiнен бұрынғы мемл. құрылымдардың көптеген әлеум. ин-ттарын табиғи түрде бойына жинақтаған Қарахан мемлекетi (942 — 1210/12) пайда болды. Оның құрылуына және ерте кездегi тарихында қарлұқ конфедерациясының тайпалары (қарлұқтар, жiкiл (шiгiл), яғма, т.б.) зор рөл атқарды. Қарахан әулетiнiң негiзiн салған — Сатұқ Боғра-хан (915 — 955). Ол исламды қабылдаған. 11 ғ-дың 40-жылдары Ибраһим ибн Насыр тұсында мемлекет екiге бөлiнедi: бiрiншiсiнiң орталығы Бұхарада (кей деректерде Үзкент) болған, қарауында Ходжентке дейiнгi Мауераннахрды қосып алған Батыс қағандық, екiншiсi Тараз, Испиджаб, Шаш, Ферғана, Жетiсу мен Қашғар жерлерi кiретiн Шығыс қағандық (астанасы — Баласағұн). 1141 ж. Қарахан салжұқ әскерлерiн талқандағаннан кейiн екi хандық билiгi де қарақытайлар қолына көштi. 1212 ж. Хорезм шах Мұхаммед батыс қағандықтың соңғы қағаны Османды өлтiргеннен кейiн Қарахан мемлекетi түпкiлiктi жойылды. Қарахан мемлекетiнде аса маңызды әлеум.-саяси ин-т — әскери-мұралық жүйе болған. Билеушiлер туыстары мен жақындарына белгiлi бiр аудан, облыс, қаланың халқынан салық жинау құқын бердi. Мұны иқта деп атады, ал оны берушiнi мұқта немесе иқтадар деген. Халықтың басты кәсiбi көшпелi және жартылай көшпелi мал ш. болды. Сонымен қатар 11 — 12 ғ-ларда мұндағы түркi тайпаларының едәуiр бөлiгi егiншiлiкпен айналысып, қала мәдениетiнiң дамуына едәуiр үлес қосты; қ. Қазақстанның ежелгi қалалары.

Қазақстанмен шектесiп жатқан Моңғолия аумағында пайда болса да найман, керейiт, жалайырлар ұлыстарының отан тарихында алар орны ерекше. Бұл ұлыстар ежелгi Қазақстанның мемлекеттiлiк бастауларына айтарлықтай үлес қосты. Найман тайпалар одағы 8 ғ-дың орта кезiнде Жоғ. Ертiс пен Орхон өз. аралығында сегiз-оғыз (“сегiз тайпа одағы”) деген атаумен пайда болған. Сегiз-оғыздар Хангайдың батысынан Тарбағатайға дейiнгi жердi алып жатты. 10 — 12 ғ-дың басында наймандар Ляо империясына вассалдық тәуелдiлiкте едi. 12 ғ-да керейiттер (керейлер) мен меркiттер қосылған наймандар конфедерациясы Орт. Азиядағы iрi мемл. құрылымға айналды.

Наймандар өздерiн қоршаған көшпелi және отырықшы-егiншi этностармен, әсiресе қаңлылармен өте тығыз этн.-саяси және мәдени байланыс орнатты. 1125 ж. Қидан мемлекетi күйрегеннен кейiн, оның орнынан бiрнеше мемл. бiрлестiктер құрылды (қ. Қидандар). Олардың арасынан жетекшiлiк рөлi керейiт хандарының қолына көштi. Керейiттер туралы алғашқы мәлiметтер 10 ғ-дың бас кезiне жатады. Олар Орхон өз-нiң орта ағысы мен Онгын, Тола өзендерiнiң аңғарларын мекен еткен. Шыңғысхан шапқыншылығы қарсаңында керейiттер қазiргi бүкiл Моңғолия мен Алтай аумағына үстемдiк еткен. Жалайырлар Шыңғыс хан империясының өрлеу кезiне қарай Хилок және Селенга өзендерiнiң бойын, дәлiрек айтқанда, Селенгаға құятын Орхон сағасын мекендеген.

Наймандар, керейiттер, жалайырлар негiзiнен мал ш-мен айналысқан. Доңғалақты арбаны пайдаланған. Олар құрған “ұлыстар” – алғашқы феод. мемл. құрылымдар болып табылады. Ұлыс ру да, тайпа да емес, ол рулық-тайпалық ин-ттардан жоғары тұрды. “Ұлыс” ұғымы ол кезде “халық” дегендi бiлдiрген. Ұлыс құрамында қандас туысқан адамдардың болуы мiндеттi емес едi. Әрбiр ұлыс белгiлi бiр аумақты иелендi. 1185 ж. Шыңғыс хан (қ. Шыңғыс хан билiгi) меркiт ұлысын талқандаған соң жалайыр, барлас, т.б. тайпаларды қосып алды. 1203 ж. керейiттердi бағындырды. 1190 — 1206 ж. Орт. Азиядағы соғыстар нәтижесiнде Қазақстан жерiне найман, керейiт, меркiттердiң бiр бөлiгi көшiп келдi. Моңғолдар талқандағаннан кейiн найман мен керейiт топтары, жалайырлар түркi халықтарының құрамына, атап айтқанда болашақ қазақ халқының құрамына бiртiндеп сiңiсе бердi. Наймандар Сырдарияға дейiн жетiп, кейiнiрек қазақ халқының қалыптасуына белсене қатысқан. Керейiттердiң бiр бөлiгi Едiлге дейiн барды, кейiн осы атаумен өзбек, қырғыз құрамына, ал шағын тобы қазақтар құрамына кiрдi. Керейiттердiң басқа бiр бөлiгi Солт. Қазақстанда қалды да, бұрынғы этнонимдегi “-iт” жалғауын жоғалтып, керей (ашамайлы керей, абақ керей) деген атпен Орта жүз қазақтарына қосылды. Жалайыр, керейiт және наймандар әлеум.-саяси дамудың бiр деңгейiнде тұрды. Бұл мемлекеттерде iс жүргiзу кең таралған. Құжаттар мөр басу арқылы бекiтiлген. Алым-салық жинау, адамдарды қызметке тағайындау құжаттарына мөр басылған. Ұлыстарда хан қосынының (ордасының) басқару органдары, әскерi және жасауылы бар басқару аппараты жұмыс iстеген.

Жетiсудағы Қарақытайлар мемлекетiнiң (1128 — 1213) құрылуы Орт. Азияның қидан тайпаларымен тығыз байланысты. Қидандар (циднь, хита, кита) б.з. 4 ғ-ындағы жазба деректерiнде моңғол тiлдi тайпалар ретiнде аталады. Олар Қытайдың солт. жағында Маньчжурия мен Уссури өлкесiн мекендеген. 924 ж. Алтайдан Тынық мұхитқа дейiнгi аумақ Қидан мемл-нiң (Ляо империясы) қол астына қарады. 1125 ж. Сунь Қытайы мен Чжурчжень мемлекетiнiң бiрiккен күшi Ляо империясын құлатты да, қидандардың бiр бөлiгi чжурчжендерге бағынып, қалғандары Енисей қырғыздарының жерiн басып өтiп, Емiл өз. бойына тұрақтаған. Сол жерден қала салған. Олардың қол астына Жетiсудың бiр бөлiгi қарап, жергiлiктi түркi тiлдес халықтармен араласып, келе-келе қарақытай аталып кетедi. 1128 ж. Қарахандар әулетiнен шыққан Баласағұн билеушiсi оларды өздерiне қысым жасап, тыныштық бермей отырған қаңлылар мен қарлұқтарға қарсы аттануға шақырады.

Қарақытайлар басшысы Елу (Елюй) Даши Баласағұнды жаулап алды да, оның билеушiсiн тағынан тайдырып, Жетiсуда өз мемлекетiн орнатты. Содан кейiн ол бiрқатар сәттi жорықтар жүргiзiп, мемлекет шекарасын Енисейден Таласқа дейiн кеңейттi. Қарақытайлар қалалар мен отырықшы қоныстарды қиратқан жоқ. Тек әр үйден бiр динардан ғана салық алды. Сондықтан да қарақытайлардың Орта Азиядағы жаулап алу соғыстары көбiне бейбiт жолмен жүрдi. Жетiсу, Оңт. Қазақстан, Шығ. Түркiстан осы мемлекеттiң құрамына ендi. Қарақытайда мемлекет басшысын “гурхан” деп атаған. Мемлекет орт. Баласағұн қ. болды. Әскерде қатал тәртiп жүргiзiлдi. 12 ғ-дың ортасынан бастап қарақытайлар салық саясатын өзгертiп, халықты ашық тонауға көштi. 1198 ж. Ауғанстан жерiнен шыққан гурид билеушiлерi қарақытайларға соққы бердi. Iле-шала гурхан қол астынан құтылуға тырысқан Хорезм де қарақытайларға қарсы күреске шығып, Бұхараны басып алды. 1205 ж. қарақытайлар Термезден кеттi. Мауераннахрдың едәуiр бөлiгi Хорезмге қарады. Гурханға Қойлық пен Алмалықтағы қарлұқ билеушiлерi (вассалдары) де қарсы шыға бастады. Осы кезеңде астана Қашғарға көшiрiлдi. 1208 ж. Моңғолиядан Шыңғыс хан ығыстырған Күшлiк хан бастаған наймандар қарақытайларға қашып келiп, кейiн үкiмет билiгiн басып алды.

Бұрынғы қимақ, қыпшақ және куман тайпалары қоныстанған аумақта әскери-саяси үстемдiк 11 ғ-дың басында Қыпшақ хандығына (11 ғ-дың басы — 1219) көштi. “Қыпшақ” атауы алғаш 760 ж. ежелгi түркiлердiң руникалық ескерткiштерiнде аталады. 9 — 10 ғ-ларда қыпшақтар тарихы қимақтармен қоса өрбiдi. Қыпшақтар қимақтар құрған конфедерацияға, кейiн Қимақ қағандығы құрамына кiрдi. 11 ғ-дың басында Қимақ қағандығы ыдырағаннан кейiн, әскери-саяси жетекшiлiкке ие болған қыпшақтар белсендi қимыл жүргiзу барысында өз мемлекетiнiң шекарасын кеңейттi. Олар Шығ. Еуропа мемлекетiмен де саяси байланыстар орнатқан. 11 ғ-дың 2-ширегiнде қыпшақ ақсүйектерi оғыздарды Сырдарияның орта және төм. бойларынан, Арал мен Каспий өңiрi далаларынан тықсырып шығарды. Аймақтағы этн.-саяси ахуалдың өзгеруiне сәйкес, 11 ғ-дың 2-ширегiнiң бас кезiнде бұрын аталып келген “Оғыздар даласының” (Мафазат әл-гуз) орнынан Дештi Қыпшақ атауы пайда болды. 11 ғ-дың орта тұсында қыпшақ тайпалары Едiлден өтiп, еуропа халықтарымен қарым-қатынас жасай бастады. Қыпшақ этн. қауымының қазақ аумағында құрылуы күрделi де ұзақ процесс болды. Оның даму жолынан үш кезең айқын көрiнедi. Бiрiншi кезең қимақ (кимек) тайпалық бiрлестiгi өзегiнiң құрылуымен тiкелей байланысты, онда 7 ғ-дың 2-жартысынан бастап, 8 ғ-дың аяқ кезiне дейiн қыпшақтар елеулi рөл атқарды. Екiншi кезең 8 ғ-дың аяғынан 11 ғ-дың басына дейiнгi уақытты қамтиды. Бұл кезеңде қыпшақтар мекен еткен аумақ шығысында Алтай мен Ертiстен бастап, батыста Оңт. Орал таулары мен Едiл өңiрiне дейiн жетедi. Қыпшақтармен бiрге Бат. Қазақстанды, орталығы Мұғалжар тауларында болған кумандар жайлаған. Негiзгi үш этн.-саяси бiрлестiк — қимақ, қыпшақ және кумандардың өзара бiрiгуiнде қимақ тайпалары үлкен рөл атқарды.

Сондай-ақ, қыпшақ этносының iшкi этн. даму жолы сол араның байырғы тұрғындарын өз арасына сiңдiрiп, қыпшақтандыруға бағытталды. Қыпшақ этносы қандас туыстық байланыстар емес, аумақтық-шаруашылық қарым-қатынастар негiзiнде қалыптасқан-ды. 11 ғ-дың басынан 13 ғ-дың басына дейiн қыпшақтардың этн. қауымдастығының құрылуы өз дамуының үшiншi кезеңiне өтедi. Бұл уақытта қыпшақ хандарының құдiретi артты, ел-бөрiлi руының әулеттiк билiгi заңдастырылды. 11 ғ-дың орта тұсында қыпшақтар қазiргi Қазақстанның шығысында Алтай мен Ертiстен бастап, батысында Едiл мен Оңт. Оралға дейiн, оңт-нде Балқаш к-нен солт-тегi оңт.-батыс Сiбiрдiң орманды далаларына дейiнгi ұлан ғайыр өлкеге тарады. 11 ғ-дың 2-жартысында Маңғыстау мен Үстiрт жерлерiне орнықты. Қыпшақ хандары мұрагерлiк жолмен билiк құрған “орда” деп аталған хан қосынында ханның дүние-мүлкi сақталып, әскер iсiн жүргiзетiн басқару аппараты жұмыс iстеген. Хандық оң және сол қанаттарға бөлiндi. Оң қанат қосынымен Жайық өз. бойында, Сарайшық қ-ның орнында, сол қанат қосынымен Сырдария аумағындағы Сығанақ қ-нда тұрған.

Қыпшақ қоғамы әлеум. жағынан әркелкi болды. 11 ғ-дың аяғы мен 12 ғ-дың бас кезiнде Жент, Янгикент, төм. Сырдарияның басқа да қалалары қыпшақ көсемдерiне бағынды. Бұл қалалар үшiн 12 ғ-дың 1-жартысында Орта Азияның мұсылман әулеттерi де күрес жүргiздi. Ислам дiнiн таратуды ту ғып ұстаған олар Дештi Қыпшаққа iшкерiлей енедi: 1133 ж. Хорезм шахы Атсыз қыпшақтарды ойсырата жеңдi. Хорезм шахы Текеш (1172 — 1200) қыпшақтармен жақындасып, көшпендi тайпалардың басшыларын қызметке тартты. 13 ғ-дың бас кезiнде Сығанақ қ. аймағы Хорезм шахы Мұхаммед (1200 — 20) мемлекет құрамына кiрген. Моңғол басқыншылығы қыпшақ мемлекетiн құлатқанымен, оның даму үрдiсiн бiржолата күйрете алған жоқ, тек уақытша тұншықтырды. Олар 15 ғ-да қазақ халқы мен мемлекетiнiң қалыптасу кезеңiнде қайта өрледi.

Ертедегi және дамыған ортағасырлық мемлекеттер кезiндегi халықтар мен тайпалардың мәдениетi (6 — 13 ғ-лардың басы). Орта ғ-лардағы тарихи және геогр. әдебиеттерде Оңт., Оңт.-Шығыс және Орт. Қазақстанда, Талас, Қырғыз, Iле және Жоңғар Алатауларының бөктерлерiнде, Қаратаудың күнгей және терiскей беттерiнде, Сырдария, Арыс, Шу, Талас, Сарысу, Кеңгiр, т.б. өзендердiң аңғарларында егiншiлiктiң, қала құрылысы мен сәулет өнерiнiң жоғары дәрежеде дамығаны айтылады. 6 — 13 ғ-дың басында қалалардың пайда болу, даму тарихын археол. деректер де растауда. Қазба жұмыстарының барысында қалалардың терең тамырлы материалдық мәдениет дәстүрлерi болғаны анықталды. Ол дәстүрлер Қаңлы мен Үйсiн заманындағы ежелгi егiншiлiк қоныстардан бастау алады. 6 — 7 ғ-ларда феод. қатынастардың нығаюына байланысты экон. өрлеу басталды. Саяси және экон. орталықтар бiрте-бiрте қалаларға айнала бастады. Ортағасыр қалалары үш бөлiкке бөлiнедi: 1) Цитадель — қаланың iшкi бекiнiстi бөлiгi; билеушi ордасы орналасқан; 2) Шахристанда (Шаһристан) цитадель төңiрегiндегi ақсүйектер мен саудагерлер және оларға қызмет етушiлердiң тұрғын үйлерi орналасты. Ол қаланың экон. орт. болды. Шахристан әдетте мұнара, кiретiн қақпалары бар дуалдармен қоршалған. Оның айналасында қолөнершiлер мен кедейлер қоныстанған рабат орналасқан. Кейiнгi кезеңдерде рабаттар да дуалмен қоршалды. Археол. қазбалардан жинаған материалдар қалаларда қол өнерiнiң қалай дамып, қандай дәрежеге жеткендiгiн шамалауға мүмкiндiк бередi. Орта ғ-ларда қыштан ыдыс жасау ерекше дамыды. Көзе, саптаяқ, табақша, дастархан, құм түрлерi көптеп жасалды. Қала тұрмысында тоқыма, әйнек үрлеу, зергерлiк, ұсталық, ағашты және сүйектi бедерлеп ою жоғары дәрежеге жеткен. Әйнек бұйымдар жасау өндiрiсi кең өрiс алған. Ежелгi Тараз, Отырар, Ақтөбе, Талғар, т.б. қ-ларда әйнек әзiрленген. Металдан шырағдан мен оның тұғыры, ағаш соқа түренi, орақ, кетпен, қару-жарақ (найза, садақ жебесi, т.б.) ұста аспаптары (балға, төс, қысқаш, т.б.) сияқты бұйымдар жасалған. Сүйек пен мүйiзден бойтұмар, пышақ сабы, ойын сүйектерi, түймелер, т.б. ұсақ-түйек бұйымдар дайындалды. Бұл кезеңде егiншiлiк шаруашылықтың жетекшi салаларының бiрiне айналды. Егiншiлiкпен ауыл ғана емес, сонымен қатар қала тұрғындары да шұғылданды. Қазақстандағы елдi мекендер мен қала тұрғындары егiншiлiкпен, бақ және жүзiм ш-мен шұғылданғаны туралы жазба деректерде көп айтылады. 6 — 7 ғ-ларда Қазақстан халқының көпшiлiгi жартылай көшпелi және көшпелi тұрмыс кештi.

Түркiлердiң келуiмен бiрге Қазақстан жерiнде тiзбектелген балбалдармен қоса антропоморфтық тас мүсiн, қатар-қатар тас қоршаулар пайда болды. Осы тұста темiр үзеңгiлер, садақ жебесiнiң, қанжардың жаңа түрлерi, қылыш соғылды. Металл жапсырмалармен безендiрiлген жауынгерлiк белбеу кең тарады. 6 — 8 ғ-лардан қалған бейiттерге өлген кiсiнi мiнген атымен бiрге жерлеу рәсiмi тән. Бейiттердiң сыртқы белгiлерi мынадай: астыңғы жағы төрт бұрышты немесе шаршы пiшiндi болып келедi де, үстiне аласалау етiп тас немесе топырақ үйедi. Өлген кiсiнiң мәйiтi тұрқы сопақша етiп қазылған шұңқырға жерленедi, жанына заттары, әсемдiк бұйымдары, қару-жарақтар қойылады. Атты шұңқырдың түбiнен жоғарырақ тұстан ойылған кертпешекке төрт аяғын бауырына бүгiп, қырынан жатқызып көмген. Кейде бейiтке аттың басы немесе денесiнiң бiр бөлiгi ғана қойылған. Бейiттерден қару-жарақ, ер-тұрман, тұрмыстық бұйымдар, қос жүздi семсерлер, ағаш қынапты қылыштар табылды. Қынаптың сырты былғарымен қапталып, өсiмдiк суреттерiмен безендiрiлген. Жебелер ұшы әр түрлi — үш қырлы, төрт қырлы болып келедi, үш қанаттысы, жапырақ секiлдi жалпақтары да кездеседi. Жебе ұз. 40 — 80 см мөлшерiнде көк теректен жасалған, кейде қызыл түске боялған. Аттың ер-тұрманы, темiр ауыздықтар, үзеңгiлер және жүген әшекейлерiне қарағанда түркi iсмерлерi әшекейлiк жұқа темiрлердi, айылбастарды жасауға өте шебер болған. Әдетте айылбастар қола мен темiрден iстелiп, жапсырмалар мен әшекейлерге қола, күмiс, алтын пайдаланған. Олардың бетiндегi күрделi суреттерде барыс, жылан, бұғы, күшiген сияқты аңдар мен өсiмдiк жапырақтары бейнеленген. Әсем белбеу жапсырмаларының көбi жүрек пiшiндес. Сондай бiр жапсырма әшекейдiң бетiнде жолбарысқа найза түйреп тұрған салт аттының суретi бейнеленген. Төрт бұрышты айылбастар, сүйектен iстелген алқалар да табылды. Қызылқайнардан (Жетiсуда) табылған алқа конус тәрiздi етiп iстелген де, бетiне сiлеусiн басының суретi өрнектелген.

 

Археол. материалдармен қоса жазба деректер де түркiлердiң киiм-кешегi жөнiнде пайымдауға мүмкiндiк бередi. Сыртқы киiм терiден, басқа киiмдер жүн және жiбек матадан тiгiлген. Ол кезде жұрт шапан киiп жүрген. Шалғайы солдан оңға қарай қаусырылған, денеге қонымды, ықшам шапанның сыртынан белбеу буынған, белбеуге қынаптағы семсер және пышақ, шақпақ, қайрақ, ұстара, т.б. ұсақ-түйек салатын кiсе iлiнген. Шалбардың балағын тұмсығы қайқиған, жұқа ұлтанды, өкшесiз етiктiң қонышына салып жүрген.

Қазақстан — тас мүсiндер көп тараған аймақ. Олардың арасында шынайы өнер туындылары да кездеседi. Мыс., әйгiлi қошқар мүйiз тастар. Тас қашаушылардың (мүсiншiлердiң) шеберханалары болғаны, оларда түрлi мүсiндер жасалғаны мәлiм. Мүсiн жасауға тұрқы ұзын тастар (орташа биiкт. 0,5 м-ден 2,8 м-ге дейiн) таңдап алынған, тастың бетi бедерлеу немесе ойып кейiптеу әдiсiмен өңделген. Мүсiндерде көбiнесе еркектiң суретi салынған, кейде әйел бейнесi де кездеседi. Әдетте, еркектер шапан киген, кiселi белбеулi, асынған қаруы бар қалпында бейнеленедi. Кейде жалаң бас, кейде бас киiмдi болады. Көптеген мүсiндерде адам оң қолымен, кейде екi қолымен бiрдей ыдыс немесе үлкен саптыаяқ ұстап тұрған күйiнде, ал базбiр мүсiндерде адамның бетi немесе басы ғана бейнеленген.

Ақсүйек өкiлдерiнiң мүсiндерi жасалған. Олар, әдетте, қырынан немесе жалпағынан қаланған төрт бұрышты тас қорғандармен қоршалған бейiттердiң басына қойылған. Мүсiндердiң арқасы қоршауға, бетi шығысқа қаратылып орнатылған. Мұндай ескерткiштер өлiкке ас берiлетiн төбелердiң басына да қойылған. Кейде бейiттiң қоршауларынан шығысқа қарай кейде қатар-қатар тiзiлген тас бағана — балбалдар орнатылған, олардың арасында антропоморфты мүсiндер де бар. Тас мүсiндер тұрақты иконографиялы мәдени сипаттағы ескерткiштер. Ислам қағидаларының таралуымен байланысты адамды бейнелеу дәстүрi жойылды. Бұл дiн едәуiр кейiнiрек сiңген солт. аудандарда ғана адамның тас мүсiнiн жасау дәстүрi едәуiр уақыт бойы сақталып келдi. Қазақ жерiнде 6 — 8 ғ-ларда айналыста болған ақша пiшiнiн сипаттайтын материал тым тапшы. 6 — 8 ғ-лардағы теңгелердi билiк басындағы рулардың өкiлдерi шығарған. Олар бұл ақшаларға өздерiнiң белгiлерiн — рудың идеограммалық таңбаларын түсiрген. Бұл таңбаларға қарап билеушiнiң руын, сондай-ақ, қай рудың ежелгi ру екенiн анықтауға болады. 6 — 8 ғ-лардағы Оңт. Қазақстанның ең iрi саяси-экон. аудандарының бiрi Отырар қ. болды. Бұл қаланың және оның төңiрегiндегi тұрғындардың тұрмысы шет аймақтарға елеулi ықпалын тигiздi. Отырар қолөнершiлерi шығарған өнiм Қаратаудың күнгейi мен терiскейiндегi, Сырдарияның орта ағысы мен Арыс аңғарындағы көптеген қалалардың базарларында сатылды. Отырар маңында ақшалы сауданың өрiс алғанын Отырартөбенiң өзiнен және оның төңiрегiндегi қалалардың ескi жұртынан (Мардан-Күйiк, Құйрықтөбе) табылған заттар дәлелдедi. Жазба деректерде Сырдария бойындағы кейбiр қалалар хараджды дирхемнiң екi түрiмен: мусейябимен және хорезмимен төлегендiгiн дәлелдейтiн мәлiметтер бар. Қарахан әулетiнiң ақша шығару iсi Самани әулетi заманынан қалған мұраны пайдаланған. Бұрынғыша “қара дирхемдердiң” барлық түрлерi айналымда жүре бердi, олардың iшiнен неғұрлым ұзағырақ пайдаланылғаны гитрифи түрiндегi “мыс тектес” ақшалар болды. Бұған қоса, рынок нарқы зорлықпен енгiзiлген дирхемдердiң жаңа түрлерiмен толықтырылды. Егер 11 ғ-дың басында жоғары сапалы күмiс дирхемдер айналымда жүрсе, 11 ғ-дың 2-онжылдығының басынан бастап құрамындағы мыстың мөлш. 35%-ға дейiн жететiн теңгелер шығарылғаны белгiлi. Күмiс ақша құю 11 ғ-дың соңғы ширегiне дейiн созылды. Шамамен 11 ғ-дың орта кезiнен бастап Қарахан мемлекетiнiң ақша жасайтын үйлерiнiң бiр бөлiгi бiраз уақыт мыс пен қорғасынның қорытпасынан құйылған дирхемдер де шығарып тұрған. 12 — 13 ғ-ларда дирхемдер мыстан жасалып, бетiне күмiс жалатылатын болды, оларды күмiс жалатылған дирхемдер деп атады. “Күмiс дағдарысының” пайда болуына Орта Азияда күмiс қорының азайғандығы себепшi болды.

11 ғ-дан 13 ғ-дың бас кезiне дейiнгi аралық қала өмiрiнiң өркен жайған, тауар өндiрiсi өскен, сауда дамыған кезең болды. Өндiрiстiң қаулап өсуi рынокты алмасу құралымен көптеп қамтамасыз етудi талап еттi. Күмiс қоры таза күмiс теңгелердiң пайда болуына мүмкiндiк жасай алмады. Самани әулетi мен қарахан әулетi тұсында тауар орнына жүрген алтын динарлар ендi айналым құралына кiрдi. Алтын ақша айналымында тұтас теңгелер ғана емес, сонымен бiрге олардың әр түрлi көлемдегi және салмақты бөлшектерi де айналымға қосылды. Көптеген ақша жасайтын үйлерде алтын динарлар шығарылды, олардың сапасы мен салмағында оқта-текте айырмашылық болды. Әйтсе де олар бiр мезгiлде айналымда жүре берген. Бұған Орта Азия жерiнен табылған ақша қазынасы дәлел бола алады. Ұсақ бөлшек сауда үшiн мезгiл-мезгiл мыс ақша шығарылып тұрған.

Жалпы, ертедегi және дамыған ортағасырлық мемлекеттер кезiнде феод. қатынастардың нығаюы, мемл. бiрлестiктердiң пайда болуы, отырықшы егiншiлiк пен қалалардың өсуi, бiрiгiп, топтасуға бағытталған этн. өзгерiстердiң күшеюi Орта Азия, Таяу Шығыс және Шығ. Еуропа халықтарымен экон. және мәдени байланыстар Қазақстан халықтары мен тайпаларының рухани мәдениетiнiң өсуiне ықпал еттi. Монументтi архит. құрылыстар пайда болып, исламның таралуына байланысты қалаларда мешiттер салынды. Сәулет және сән өнерiнiң ескерткiштерi — Тараздағы Айшабибi және Қарахан мазарлары салынды. Көзе, әсiресе құйма көзе жасау iсiнде жаңа белгiлер (ыдыс-аяқ түрiнде, сондай-ақ оның өрнектерi мен бояу түсiнде) — хромдау, жылтырату, әр түрлi өрнек түрлерi (өсiмдiк бұтақтары, жапырақтары, нақышты араб жазулары, геом. пiшiндер), т.б. пайда болды. Бұл жергiлiктi көзе ерекшелiктерiн сақтай отырып, оларды Мауераннахр, Хорезм көзелерiне жақындатты. Қыпшақ, оғыз, қарлұқ және ұйғыр тайпалары мен халықтары тiлiнiң негiзiнде көне түркi руна жазуларын ығыстырып шығарған араб графикасындағы түркi жазулары қалыптасты. 11 — 12 ғ-дың әдеби ескерткiштерiнiң басым көпшiлiгi түркi этносының (негiзiнен қыпшақ-оғыз, қарлұқ-ұйғыр топтары) жергiлiктi тiлдерiнiң даму бағыты етек ала бастағанына қарамастан, жалпы түрiктiк, тайпааралық “түркi” тiлiнде жазылды. Орта Азия мен Қазақстанның көптеген ғалым, әдебиетшi, ақындары араб тiлiнде жазды. Оңт. Қазақстан мәдениетiнiң дамуына Отырардан (Фарабтан) шыққан, мұсылман әлемiне белгiлi ұлы философ және ғалым-энциклопедист Әбу Насыр әл-Фарабидiң ғыл. қызметi дәлел. Ол әлемдiк мәдениет, әсiресе көне, араб, үндi-иран мәдениетi жетiстiктерiмен тығыз байланысты жергiлiктi мәдениет дәстүрлерiмен тәрбиеленiп өстi. Әл-Фараби адамның ақыл-ойы мен болмысының диалектик. бiрлiгiн ашып бердi; астрономия мен геодезия, архитектураның матем. негiздерi, муз. мен эстет. теориялары бойынша зерттеулер жүргiзiп, бiрқатар әлеум. және логик. трактаттар жазды. Филос. дидактик. “Құтадғу бiлiк” поэмасының авторы Жүсiп Баласағұни (11 ғ.), түркi тайпаларының тiлi, фольклоры және этнографиясына арналған белгiлi “Диуани лұғат ат-түрiк” шығармасының авторы Махмұт Қашқари, сондай-ақ, мәдени-тарихи және әлеум. тұрмыстық жайлардан мәлiмет беретiн “Диуани Хикмат” өлеңдер жинағының авторы.

Қазақстан моңғол дәуiрiнде. 12 ғ-дың соңы мен 13 ғ-дың басында Орт. Азия мен Қазақстан далаларында көшпелi тайпалар одағы билеушiлерi арасында басқа тайпаларға өз үстемдiгiн орнату жолындағы күрес күшейе түстi. 13 ғ-дың бас кезiнде Шыңғыс хан империясының құрылуы Еуразияның көптеген халықтары мен мемлекеттерiнiң тарихи тағдырына орасан зор ықпал жасады. Оның жаулаушылығы халықтар мен тайпалардың қалыптасқан қарым-қатынасы мен өзара байланысын бұзды және олардың этн.-саяси, шаруашылық-мәдени дамуының барысын өзгерттi. 12 ғ-дың 2-жартысында моңғол тайпалары наймандар мен керейлердi ығыстырып, түркiтiлдi топтарға сiңiсiп, түркiлерден материалдық мәдениеттiң көптеген бөлiктерiн, шаруашылық пен тұрмыс түрлерiн, көшпелiлiк әдет-ғұрпын, мал тұқымдарын алды. 13 ғ-дың басында Шыңғыс хан құрған мемлекет күшейе бастайды. 1206 ж. Орт. Азиядағы түркi-моңғол тайпаларын бiр орталыққа бiрiктiргеннен кейiн, 1207 — 11 ж. Сiбiр мен Шығ. Түркiстан халықтары — бурят, якут, қырғыз, ұйғыр, т.б. бағындырды. Моңғол шапқыншылығы Қазақстан жерiнде бiрқатар жерлерде бейбiт түрде де жүрдi. 1210 — 1211 ж. қарлұқ ұлысының иесi Арыслан хан өз еркiмен Шыңғыс хан қол астына өтедi. 1217 ж. Алмалы өңiрiнiң билеушiсi Бұзар моңғол ханының вассалына айналады. 1217 ж. Баласағұн қ. ұрыссыз берiледi. Оған моңғолдар “Гобалық” (“Жақсы қала”) атағын бердi. Күшлiктiң езгiсiнен, оның Хорезмшах Мұхаммедпен және қарлұқ билеушiлерiмен соғысынан Жетiсу халқы әбден күйзелген болатын. Сондықтан бұл өлке халықтары моңғолдарды құтқарушы ретiнде қарсы алады. Шыңғыс хан Жетiсу халқын өз жағына тарту үшiн тонаушылық пен қырғынға тыйым салады. Жетiсуды жаулап алу Шыңғыс ханға Орта Азияға жол ашты. 1218 ж. моңғолдардың Отырарға жiберiлген сауда керуенiн Хорезмшах әкiмiнiң тонап алуы 1219 ж. Шыңғыс ханның шабуылын тездеттi. Бұл кезде Шыңғысхан жағында көптеген жергiлiктi ақсүйектер де соғысты. Шабуылға шыққан 150 мың адамның 111 мыңы Орт. Азиялық түркi-моңғолдар, қалғандары Шыңғысхан вассалдары (қарлұқтар, ұйғырлар, т.б.) болды. 1219 ж. қыркүйекте моңғолдар Отырар қ-н қоршады.

Қала бес ай қоршауда болып, халық аштыққа ұшырады. Осыған шыдамаған Қараджа-хаджиб қала қақпасын ашып жiбередi. Бастапқыда 80 мың әскермен қаланы қорғаған Отырар билеушiсi Қайырхан, iшкi қамалға бекiнiп, тағы бiр ай бойы соңғы жауынгерi қалғанша соғысады. Сығанақ қ-ның тұрғындары моңғолдарға жетi күн қарсылық көрсетедi. Жошы бастаған қол Сауран, Жент, Баршынкент, Үзкент, Ашнас қ-ларын басып алады. Сырдария бойындағы көптеген қалалар алынған соң моңғолдың қалың қолы Хорезмшах Мұхамед иелiгiне iшкерiлеп ене бастады. Бұхара, Самарқанд сияқты қалалар жауға ұрыссыз берiледi. 1221 ж. Хорезм жаулап алынды. Соғыс әрекеттерi Орта Азияны түгелдей шарпыды. Сөйтiп, 1219 — 24 ж. Қазақстан жерi толығымен Шыңғыс хан империясының құрамына енедi. Қазақстан жерi үш моңғол ұлысының құрамына: оның денi (далалық жағы) — Жошы ұлысына, Оңт. және Оңт.-Шығыс Қазақстан — Шағатай ұлысына, Солт.-Шығыс бөлiгi — Үгедей ұлысына ендi. 1227 ж. Шыңғыс хан дүние салғаннан кейiн 13 ғ-дың екiншi жартысынан бастап, оның империясы тәуелсiз бiрнеше мемлекеттерге бөлiндi [Жошы ұлысы (Алтын Орда), Шағатай ұлысы, Құбылай негiзiн қалаған Юань (Қытай) империясы, Ирандағы Хулагу (Илхандар) мемлекетi]. Жошы орнына келген Бату (Батый, Сайын) Дештi-Қыпшақ пен Едiл бұлғарларының жерiне, одан әрi Еуропа елдерiне жаулау жорығын бастайды. Орыстың аса iрi князьдiктерiн талқандап, Польша, Венгрия, Чехияны, т.б. елдердi басып алады. 1236 — 42 ж. жорық нәтижесiнде Бату хан қол астына Едiлдiң батысынан Дунайдың төм. жағына дейiнгi аумақ қарайды, оның iшiне Қырым, Солт. Кавказ бен Бат. қыпшақ (половшылар) даласы да кiредi. Едiлдiң төм. ағысында Бату жаңа мемлекет негiзiн салады, ол кейiнiрек Алтын Орда деп аталады. Оның мемл. құрылымы тұтас алғанда Шыңғысхан енгiзген үлгiнiң iзiмен жүрдi. Мемлекет Жошы ұрпағынан шыққан хандар меншiгi саналды. Аса маңызды мемл. мәселелердi құрылтай жиналысы шештi. Ең маңызды қызметтердi хан отбасының мүшелерi атқарған. Әуелгi кезде Алтын Орда моңғолдың Қарақорымдағы ұлы ханға қарайтын. Ол Батудың iнiсi Берке хан (1255/56 — 1266) тұсында дербес мемлекетке айнала бастады. Мөңке-Темiр (1266 — 80) кезiнде толық дербестiкке қол жеткiздi. Ол өз теңгесiн шығарып тұрған. Алтын Орда Туда Мөңке (1280 — 87), Төле-Бұқа (1287 — 91), Тоқты (1292 — 1312), әсiресе Өзбек (1312 — 42), Жәнiбек (1342 — 57) хандар тұсында күшейiп тұрған.

Мұнда 1312 ж. Өзбек хан исламды мемл. дiн деп жариялайды. Алтын Ордадағы “дүрбелең жылдар” кезiнде (1357 — 80) таққа отырған 25 хан ауысады. 14 ғ-дың 80-жылдарында елдi уақытша Ақ Орда ханы Тоқтамыс пен Манғыт биi Едiге бiрiктiрдi. Бiрақ, Iшкi тартыстар, Әмiр Темiрдiң Алтын Ордаға жорықтары, бұл мемлекеттiң бөлшектенуiне алып келдi. Шығыс Дештi Қыпшақ жерiнде 13 ғ-дың орта кезi мен 15 ғ-дың 1-ширегiнде Алтын Ордаға тәуелдi Ақ Орда мемлекетi болды. Оның кемелiне келiп, толысқан шағы 14 ғ-дың 2-жартысы, бiрақ мемлекет аумағы Алтын Ордаға тәуелдiлiгi әлсiреуiне орай, бiрте-бiрте кеңейiп қалыптасады. Өрiс хан (Ұрұс хан, Орыс хан) тұсында Ақ Орда дербес хандыққа айналды. Осы кездерi Ақ Орда Әмiр Темiр әскерiнiң шапқыншылығына әлденеше рет ұшырайды. 1376 ж. Ақ Ордаға Әмiр Темiр қолдауымен Тоқтамыс хан келiп, 1380 жылдан бастап Жошы ұлысын уақытша болса да бiрiктiрдi. 14 ғ-дың 80-жылдарының соңы мен 90-жылдарының 1-жартысында Тоқтамыс хан мен Әмiр Темiр арасындағы күресте Орыс ханның ұлы Құйыршық Мауераннахр әмiрiнiң жағында болды. Ол Ақсақ Темiр жеңiсiнен соң, Шығ. Дештi Қыпшақта билiк жүргiздi. 1419 — 22 ж. Құйыршықтың ұлы Барақ хан Ұлықбектiң қолдауымен Ақ Ордадағы билiк басына келдi. Ол 1422 — 26 ж. Алтын Орда тағына отырды. 1428 ж. Барақ хан өлгеннен кейiн, Шығ. Дештi Қыпшақтағы саяси билiк шайбанилер әулетiне көштi (қ. Әбiлхайыр хандығы). Ақ Орда — Қазақстанда жергiлiктi тайпалардың (қыпшақ, қоңырат, үйсiн, керей, найман, қарлұқ, т.б.) негiзiнде құрылған алғашқы мемлекет болды.

14 ғ-дың орта кезi мен 16 ғ-дың бас кезiнде Оңт.-Шығ. Қазақстан — Шағатай мемлекетiнiң ыдырап кетуi салдарынан — Орта Азияның солт.-шығысында, Жетiсу мен Шығыс Түркiстанда құрылған Моғолстан мемлекетiне кiредi. Моғолстанның өз шекаралары батыстағы Ташкент пен Түркiстан өңiрлерiнен шығыстағы Баркөл мен Хами қ-на дейiнгi; солт-те Балқаш, Тарбағатай мен Қара Ертiстен оңт-тегi Ферғана мен Қашғарияның егiндi аймақтарына дейiн созылып жатқан “7 — 8 айлық жол” болатын. Моғолстан халқының құрамында дулат, қаңлы (бекшiк), керейiт (керей), үйсiн, аркенұт, баарин, арлат, барлас, т.б. түрiк және түрiктенген моңғол тайпалары болды.

Моғолстанның алғашқы хандары Тоғлұқ Темiр (1347 — 62) мен Iлияс қожа Шағатай әулетiнiң билiгiн қалпына келтiруге тырысты. 14 ғ-дың 70 — 80-жылдарында Қызыр-Қожа (1388 — 89) мен әмiр Қамар әд-Дин дулат, Еңке төре және басқаларына, Темiрмен соғысуға тура келдi. Қызыр-Қожаның ұлы Мұхаммед хан (1408 — 16/18) мемлекеттi басқарған кезде елдiң жағдайы бiршама нығайды. Ол мемлекеттi бiр орталыққа бағындыру үшiн ислам дiнiн енгiзуге күш салады. Уәйiс хан (1418 — 28) ел билеген жылдары мемлекет ойраттармен, темiр әулетiнен шыққан билеушiлермен күрестi. Есенбұға (1429 — 61/62) тұсында, Шығыс Дештi Қыпшақтағы Әбiлхайыр хандығынан Жетiсуға Жәнiбек пен Керей бастаған қазақтың бiр бөлiгi көшiп келедi. Қазақ хандығы құрылғаннан кейiн Әбiлхайырдан тараған шайбани (шибани) тұқымының Шығыс дештi Қыпшақтағы билiгi аяқталады. Олар бастаған көшпелi өзбектердiң бiр бөлiгi (қыпшақ, қарлұқ, ұйғыр, қоңырат, т.б. тайпалар топтары) 16 ғ-дың бас кезiнде Мауераннахрға қоныс аударады. Қазақстан жерiнде қалып қойған тайпалар қазақ хандарының қол астына қарайды. Алтын Орда ыдырау кезiнде пайда болған аса iрi мемл. бiрлестiктiң бiреуi — Ноғай ордасы 14 — 15 ғ-ларда ол Бат. Қазақстан аумағының бiр бөлiгiн иемдендi. Ноғай ордасы Едiге тұсында жартылай тәуелсiз ел ретiнде оңашаланып шығады. Едiгенiң ұлы Нұраддин (1426 — 40) кезiнде Ноғай ордасы күшейiп, дербестiкке қол жеткiзедi.

Басқа да көшпелi мемлекеттер сияқты, Ноғай ордасының шекарасы да сыртқы саяси жағдайға байланысты өзгерiп отырады. 15 ғ-дың 2-жартысында ноғайлар Жайықтан өтiп, шығыс пен оңт-ке қарай жылжи бастайды. Сырдария бойындағы қалалар үшiн күрес жүргiзiп жатқан Әбiлхайыр ноғайларға қарсылық көрсете алмады. Ноғай ордасының құрамына түрiк және түрiктенген моңғол тайпалары мен тайпалық бiрлестiктерi кiрдi. Маңғыттарды есептемегенде, оған қыпшақ, қаңлы, қоңырат, найман, үйсiн, алшын, тама, аз (ас), т.б. ру-тайпалар ендi. 16 ғ-да Ноғай ордасы Орыс мемлекетiмен сауда-экон. және саяси байланыс орнатады. Бұл мемлекеттiң тарихы Едiл бойы мен Сiбiрдегi, Орта Азия мен Қазақстандағы көршi мемлекеттер тарихымен аса тығыз байланысты. Ноғайлар тарихы әсiресе көшпелi өзбектер (Әбiлхайыр хандығы) мен қазақтар тарихына айрықша жақын. Қазан және Астрахан хандықтарын Ресей қосып алғаннан кейiн, iшкi қырқыс салдарынан Ноғай ордасы бiрнеше дербес ордаларға бөлiндi. Оның Қазақстан жерiндегi бiр бөлiгi қазақтардың Кiшi жүзiнiң құрамына кiредi. 15 ғ-дың 2-жартысы мен 16 ғ-дың 1-ширегiнде қазақ халқының негiзгi этн. аумағын мемлекет етiп бiрiктiру халықтың да, Қазақ хандығының да қалыптасу үрдiстерiнiң аяқталуын тездеттi. Қазақ хандығының Әбiлхайыр хандығы мен Ақ Ордадан, сол сияқты Моғолстаннан бiр айырмашылығы — оның олардан гөрi кең, тиянақты этн. негiзi — қалыптасып бiткен халқы болды. Моңғол жаулаушылығынан кейiн тұңғыш рет Шығ. Дештi Қыпшақтың, Түркiстан мен Жетiсудың күллi түркi рулары мен тайпалары түгелге жуық бiр мемлекетке бiрiктiрiлдi.

14 — 15 ғ-ларда Қазақстанды мекендеген халық мал ш-мен де, егiншiлiкпен де айналысты. Ашнас, Үзгент, Аққорған, Сүткент, Сауран, Сарайшық қ-лары дамыды. Архит. ескерткiштер: Қожа Ахмет Иасауи мазары, Алаша хан, Жошы хан, Болған ана мазарлары бой көтердi. Қыпшақ тiлi (немесе түркi тiлi) үстем тiлге айналды. Дештi Қыпшақ тiлiнде жазылып бiзге жеткен мұра — 1245 ж. құрастырылған түрiк-араб сөздiгi. Өзiнiң сипаты жағынан алғанда бұл түсiндiрме сөздiк қыпшақ (құман) тiлi ескерткiштерiнiң бiрi — “Кодекс куманикустың” (13 ғ. соңы — 14 ғ. басы) тiлiне жақын.

Сыпыра жырау, Қодан тайшы (14 ғ.), Асан қайғы мен Қазтуған (15 — 16 ғ.) жыраулар шығарм-тары дамыды. “Ер Тарғын”, “Қамбар батыр”, “Алпамыс батыр”, “Едiге батыр” жырлары пайда болды.

“Қозы Көрпеш — Баян сұлу” лирик. эпосы да ортағасырлық бiрегей туынды болып табылады. Қазақ хандығы (1456 — 1847). Қазақ хандығының пайда болуы Қазақстан жерiнде 14 — 15 ғ-лардағы әлеум.-экон. және этн.-саяси өзгерiстерден туған заңды қүбылыс. Өндiргiш күштердiң дамуы, көшпелi ақсүйектердiң экон. қуатының артуы және тәуелсiздiкке ұмтылуы, осы негiзде Әбiлхайыр хандығы мен Моғолстан арасындағы тартыстың өршуi, әлеум. қайшылықтардың үдеуi 15 ғ-дың 2-жартысында бұл мемл-тердiң құлдырап, ыдырауына апарып соқтырды. Әсiресе, Әбiлхайыр хандығы (1428 — 68) көптеген үлыстарға бөлiндi. Олардың басында Шыңғыс хан әулетiнiң әр тармақтағы ұрпақтары, көшпелi тайпалардың билеушiлерi тұрды. Әбiлхайырдың өз ұлысында, қатал тәртiп орнатпақ болған шаралары халық бұқарасының оған деген өшпендiлiгiн күшейттi. Ақырында, халықтың бiр бөлiгi Дештi Қыпшақтан бөлiнiп Жетiсудың батыс өңiрiне көшiп келдi (1456). Оны Жәнiбек пен Керей сұлтандар басқарды. Осы оқиға дербес қазақ мемлекетiнiң негiзiн қалады.

Моғолстан ханы Есенбұға оларды өзiнiң солт. шекарасын, сондай-ақ, өзiнiң бауыры Темiр ұрпағы Абу Саид қолдап отырған Жүнiстiң шапқыншылығынан батыс шекарасын қорғату үшiн пайдаланбақ болды. Жәнiбек Ақ Орда ханы Барақтың ұлы, ал Керей оның ағасы Болат ханның баласы едi. Мырза Мұхамед Хайдар Дулат Қазақ хандығының құрылған уақытын хижраның 870 жылына (1465 — 66) жатқызады. Қазақтың алғашқы ханы болып Керей жарияланды (1458 — 73). Одан кейiн қазақ ханы — Жәнiбек (1473 — 80). Моғолстан ханы Есенбұға өлгеннен кейiн (1462) ондағы тартыстың күшеюiне байланысты, Жетiсу халқы және Әбiлхайыр хандығынан көшiп келушiлер Керей мен Жәнiбек бастаған қазақ хандығының қуатын арттыра түстi. Керей мен Жәнiбек бастаған қазақтарды қайта бағындыру үшiн әскер жиып аттанған Әбiлхайыр хан жолда кенеттен қайтыс болды (1468). Едәуiр әскери күш жинаған және Жетiсуда берiк қорғаныс құрған Керей мен Жәнiбек Жошы әулетiнен шыққан сұлтандардың Шығ. Дештi Қыпшақты билеу жолындағы күресiне қосылды. Қазақ хандарының басты жаулары Әбiлхайырдың мұрагерлерi — ұлы Шайх-Хайдар мен немерелерi Мұхамед Шайбани мен Махмұд сұлтан болды. Керей мен Жәнiбек хандар сауда-экон. байланыстардың маңызды орталықтары және күштi бекiнiс болатын Сыр бойындағы қалаларға өз билiктерiн орнатуға тырысты. Сондай-ақ, Сырдың төм. және орт. сағаларының жерлерi қазақтың көшпелi тайпалары үшiн қысқы жайылым да едi. 15 ғ-дың 70-жылдары Сауран, Созақ түбiнде үлкен шайқастар болды. Яссыны (Түркiстанды), Сығанақты бiресе қазақ хандары, бiресе Мұхамед Шайбани басып алып отырды. Оңт. Қазақстан қалалары үшiн Шайбани әулетiмен арадағы соғыстар Жәнiбек ханнан кейiн қазақ мемлекетiн билеген Бұрындық хан (1480 — 1511) тұсында да толастамады. Дештi Қыпшақта қазақ хандарының билiгi орнықты, Мұхаммед Шайбани Дештi Қыпшақтағы тайпалардың кейбiр бөлiгiн соңына ертiп Мауераннахрға кетуге мәжбүр болды. Мұнда ол Темiр әулетi арасындағы өзара тартысты пайдалана отырып, өкiмет билiгiн басып алды. 16 — 17 ғ-ларда қазақ хандығы нығайып, шекарасы едәуiр ұлғайды. Өз тұсында “жердi бiрiктiру” үрдiсiн жедел жүзеге асырып, көзге түскен хандардың бiрi Жәнiбек ұлы Қасым едi. Қасым ханның (1511 — 23) тұсында қазақ хандығының саяси және экон. жағдайы нығая түстi. Ол билiк құрған жылдары қазақ халқының қазiргi мекен-тұрағы қалыптасты. Бiрсыпыра қалалар қосылды, солт-те Қасым ханның қол астындағы қазақтардың жайлауы Ұлытаудан асты. Оңт.-шығыста оған Жетiсудың көп бөлiгi (Шу, Талас, Қаратал, Iле өңiрлерi) қарады. Қасым ханның тұсында Орта Азия, Едiл бойы, Сiбiрмен сауда және елшiлiк байланыс жасалды. Орыс мемлекетiмен байланыс орнады. Мәскеудiң Ұлы князi III Василий (1505 — 33) билiк құрған кездегi Мәскеу мемлекетi, Батыс Еуропа қазақ хандығын осы кезде танып бiлдi. “Қасым ханның қасқа жолы” деген әдет-ғұрып ережелерi негiзiнде қазақ заңдары жасалды. Дегенмен, Қасым хан тұсында Қазақ хандығы бiр орталыққа бағынған мемл. деңгейiне көтерiле алмады. Ол Қасым өлгеннен кейiн бiрден байқалды. Өзара қырқыс, таққа талас басталды. Моғол және өзбек хандарының қазақ билеушiлерiне қарсы одағы қалыптасты. Өзара тартыс кезiнде Қасым ханның ұлы және мұрагерi Мамаш қаза тапты. Қасым ханның немере iнiсi Таһир (1523 — 32) хан болды. Маңғыт (Ноғай) және Моғол билеушiлерiмен қақтығыстар басталды.

Бұл соғыстар қазақтар үшiн сәттi болмай, оңт-тегi және солт.-батыстағы жерiнiң бiраз бөлiгiнен айырылып, ықпалы Жетiсуда ғана сақталды. Таһир ханның iнiсi Бұйдаштың (1533 — 34) тұсында да өзара қырқысулар мен соғыстар тоқталған жоқ. 1538 — 80 ж. Қасым ханның баласы Ақназар (Хақназар) хандықты бiрiктiруге әрекет еттi. Ноғай ордасындағы алауыздықты сәттi пайдаланған ол, Жайық өз-нiң сол жағындағы жердi қосып алды. Жетiсу мен Тянь-Шаньды басып алуды көздеген Моғол ханы Абд-Рашидке қарсы сәттi күрес жүргiздi. Өзбек ханы Абдолланы қолдау арқылы Сыр бойындағы қалаларды (Сауран, Түркiстан) өзiне бағындырды. Оның Абдолламен байланысынан қорыққан Ташкенттiң ұлыстық әмiршiсi Баба сұлтан жансыздары арқылы Ақназарды у берiп өлтiрдi.

Ақназардың мұрагерi Шығай (1580 — 82) болды. Ол өзiнiң баласы Тәуекелмен (1586 — 98) бiрге Баба сұлтанға қарсы күресiнде Бұхар ханы Абдоллаға барған. Абдолла Шығайға Ходжент қ-н сыйға тартып, онымен қосылып Баба сұлтанға қарсы Ұлытау жорығына шықты. Осы жорықта Шығай қаза тапты. Қазақ хандығының иелiгi ендi Тәуекелге көштi. Тәуекел хан Орта Азияның сауда орталықтарына шығу жолында күрестi. 1596 — 98 ж. Сыр бойындағы қалаларды алып, Ташкент, Әндiжан, Акси, Самарқанд сияқты қ-ларды қазақ хандығына қаратты. Бұхара қ-н қоршауға алған кезде Тәуекел хан мерт болды. Ендi хандыққа Есiм хан Шығайұлы (1598 — 1628) билiк еттi. Ол 1598 ж. Бұхарамен бiтiм шартын жасасты. Өзбектер бұрын тартып алған Сыр бойы қалалары мен Ташкент Қазақ хандығына берiлдi. Есiм хан елдi тыныштандыру саясатын жүргiздi. Сондықтан ол қанға — қан, құн төлеу, барымта алу, құлды сату, зекет, ұшыр жинау, айып салу, әдеп-ғұрыптары, т.б. уағыздады. Халық Есiм хан заңдарын “Есiм хан салған ескi жол” деп атады.

16 ғ-да Қазақ хандығы солт-те Сiбiр хандығымен шектестi. Шайбани әулетi мен Тайбұғы руы арасындағы ұзақ жылдар бойы жүргiзiлген күрестен кейiн 1563 ж. Сiбiр хандығы Шайбани әулетi Көшiм ханның қолына көштi. Сiбiр хандығының халқы түркi тiлдес және угор тiлдес тайпаларының топтарынан құралды. Хандықтың негiзгi халқы түркi тiлдес “Сiбiр татарлары” деген атпен белгiлi болды. Сiбiр хандығы Қазақстанмен саяси және сауда байланысын жасап тұрды. 1581 ж. казак-орыс атаманы Ермактың Сiбiрге жорығы басталды. Бұл жорық барысында Көшiм хан жеңiлгенiмен, Ермак жеңiстi баянды ете алмады. Ол 1585 ж. қаза тапты. Сiбiр хандығы 1598 ж. Ресейдiң құрамына ендi. Хандық құрамында болып келген кейбiр тайпалар (қыпшақ, керей, уақ, табын, жағалбайлы, т.б.) Қазақ хандығына қосылды. 

17 ғ-дың орта тұсынан бастап Қазақ хандығының жағдайы нашарлай түстi. 1635 ж. бiр орталыққа бағынған Жоңғар хандығы Оңт. Сiбiр мен Шығ. Түркiстанды толық бағындырып Қазақ хандығының ең басты жауына айналды. Өзара қырқысты пайдаланған жоңғарлар Жетiсудың бiр бөлiгiн басып алып, осы аймақта көшiп-қонып жүрген қазақтар мен қырғыздарды бағындырды. Бұхара әскерлерi Ташкенттi алып, қазақтарды ығыстыра бастаған кезде, казақ ханы Жәңгiр хан Бұхар әмiршiсiн жоңғарларға қарсы күресу үшiн әскери одақ жасауға көндiрдi. 1644 ж. Жәңгiр хан Самарқанд қ-ның әмiрi алшын Жалаңтөс батырдың көмегiмен жоңғарларға күйрете соққы бердi (қ. Орбұлақ шайқасы).

Жәңгiр жоңғарларға қарсы жорықта 1652(80) ж. қаза тапты. 17 ғ-дың 90-жылдарында жоңғарлардың қазақ жерiне шабуылы бәсеңдедi. Бұл кезде қа-зақ хандығының нығаюы, қырғыздар мен қазақтар арасындағы одақ және оған қарақалпақтардың қосылуы күштi қарқынмен жүрдi. 1680 ж. Жәңгiр ханның баласы Тәуке (1680 — 1718) хан болды. Оның тұсында “Жетi жарғы” заңдар жинағы құрастырылды. “Жетi жарғы” көшпелiлердiң ел билеу заңы болып табылады. Оның негiзгi баптарының мазмұны: қанға қан алу, яғни бiреудiң кiсiсi өлтiрiлсе, оған ердiң құнын төлеу.

Малшыдан зекет, егiншiден ұшыр жиналды. Ең жоғары басқарушылар — хандар болды. Олар тек Шыңғыс хан тұқымынан тағайындалды. Қазақстанның оңт. аудандарында, Сыр бойындағы қ-лар аймағында жерге меншiктiң тұрақты түрлерi қалыптасты. Олардың сойырғал, иқта, милк, вакуф сияқты түрлерi болды. Ханнан тархандық құқық алып, сыйлық жердi иеленушiлер онда тұратын егiншiлерден, қолөнершiлерден өз пайдасына салық жинады. Қазақ қоғамын әлеум.-таптық топтарға бөлу негiзiне әл-ауқаттылық жағдайынан гөрi, әлеум. шығу тегi негiзге алынды. Жоғары топтағы ақсүйектерге Шыңғыс әулеттерi (хандар, сұлтандар, оғландар, төрелер) және қожалар жатты. Ал басқа халық, әл-ауқатына қарамастан, қара сүйекке жатқызылды. Еуразия құрлығындағы алып аумақта орын тепкен қазақ мемлекетiнде ел басқару жүйесiн жетiлдiру ниетiмен геогр.-аум. нышандары бойынша құрылымдық бөлiмдер ретiнде жекелеген ордалар (жүздер) құрылды. 18 ғ-да қазақтар тұратын аймағына қарай үш жүзге бөлiнiп өмiр сүрiп жатты. Әр жүздiң өз ханы болды. Бас ханның ықпалы төмендедi. Қазақ жерiнде бiр орталыққа бағынған мемлекеттiң болмауын көршiлерi өз пайдасына шешудi ойлады. Батыстан Жайық казактарының қолдауымен Едiл бойындағы башқұрттар, қалмақтар Кiшi жүзге тынымсыз шабуыл жасады. Солт-тен Сiбiр казактары Орта жүзге тыным бермедi. Орта Азиядағы Бұхар мен Хиуа хандықтары да оңт-тегi Ұлы жүз қоныстанған қазақ жерiнен дәмелi едi. Қазақтар мен ойраттар арасындағы жайылымдық жер үшiн күрес 15 ғ-да-ақ басталған. 16 ғ-дың соңында ойраттардың шағын бөлiгi қазақ ханы Тәуекелге бағынды. 1635 ж. Батыр қонтайшы Жоңғар хандығын құрды. Жоңғар билеушiлерi (Сенге, Қалдан) Қазақ хандығына басқыншылық саясат ұстанды. Тәуке өлген соң орнына Болат хан болды. Оның кезiнде қалмақтардың қазақ жерiне жорығы күшейдi. Олар 1717 ж. жазда Аягөз өз. жағасында қазақтардың 30 мың сарбазы бар жасағын жеңдi. Келесi жылы жоңғарлар қазақтарды Бөген, Шаян, Арыс өз. бойында жеңiлiске ұшыратты. 1723 ж. ерте көктемде жоңғарлар қазақ жерiне тағы да жойқын шапқыншылық жасады. Жоңғарлар Ұлы жүздi қырып-жойып, Орта жүз, Кiшi жүз жерлерiне жеттi.

Халық басы ауған жаққа кеттi. Ұлы жүз бен Орта жүздiң қазақтары Самарқанд пен Ходжентке қарай шұбырды. Кiшi жүз қазағы Хиуа мен Бұхараға ағылды. Босқындардың бiразы Сырдың сол жағындағы Алқакөл маңына топтасты. Халық бұл кезеңдi “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” деп атады. “Елiм-ай” деген қасiреттi ән осы кезден қалған. Халық бiрiгудiң қажеттiгiн түсiндi. 1726 ж. Ордабасы құрылтайында қазақ әскерiнiң бас қолбасшысы болып Әбiлқайыр хан сайланды. 1728 ж. Әбiлқайыр хан, Тайлақ батыр, Саурық батыр бастаған жасақтар Ырғыз өз-нiң оңт.-шығыс бетiндегi Бұланты өз-нiң жағасындағы “Қара сиыр” деген жерде қалмақтарға қарсы соққы бердi. 1730 ж. көктемде Балқаш к. маңында iрi шайқас өттi. Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай сияқты батырлар бастаған қазақ жасақтары жоңғарларға шешушi соққы бердi. Бұл жер кейiн “Аңырақай” деп аталып кеттi. Қалмақтар Iле өз. бойымен шығысқа қарай қашуға мәжбүр болды. Бiрақ қазақ жерiн азат ету жолындағы Отан соғысын жеңiспен аяқтау жорықтары аяғына дейiн жеткiзiлмедi. Тәуке ханның ұлы Болат хан (бас хан) кайтыс болып, Орта жүз ханы Сәмеке де, Кiшi жүз ханы Әбiлқайыр (бас қолбасшы) да тақтан дәмелендi. Алайда таңдаушылар аға хан етiп Болаттың үшiншi ұлы Әбiлмәмбеттi сайлады. Әбiлқайыр мен Сәмеке бұған наразы болып, майдан шебiнен әскерлерiн алып кеттi. Осы тұста әрбiр жүздiң өз iшiнде бытыраңқылық күшейдi. Кiшi жүз сұлтандары Батыр мен Нұралы (Әбiлқайыр ұлы) өз алдына ел биледi. Сол сияқты Орта жүзде Күшiк пен Барақ сұлтандардың да өз иелiктерi бар едi. Қазақ хандығының Бұхара, Хиуамен қатынасы да нашар болды. Едiл өз. бойындағы қалмақтар мен башқұрттар Кiшi жүздiң жерiне шабуыл жасап, үнемi қауiп-қатер туғызып отырды.

Қазақ даласын Ресей империясының отарлауы. Ресей патшалығы мен Қазақ хандығының арасындағы саяси байланыстар Тәуекел хан елшiлiгiнен басталды. 1594 жылдың аяғында Ресеймен достық келiсiм жасау үшiн Мәскеуге қазақ елшiсi Құлмұхаммед жiберiлдi. Тәуекел орыс патшасымен “достық пен ынтымақ” жасауға асықты. Өйткенi Бұхара ханы Абдолламен уақытша бiтiм жасап, ноғайлармен арадағы қатынас шиеленiсiп тұрған болатын. Елшiлiк мақсаты Мәскеуде аманат ретiнде ұсталып отырған ханның iнiсi Оразмұхамедтi босату және орыс патшасы Борис Годуновтан “отты қару” алу болатын. Орыс патшасы тек уәдемен шектелдi. Кейiн Ресей патшалығы мен Қазақ хандығының жақындасу қажеттiгi жоңғарлар шапқыншылығынан да туындады. Едiл өз. бойындағы қалмақтар, башқұрттар, казактар да маза бермедi. Осындай күрделi мәселелердi Ресеймен одақтасу арқылы шешуге болатын едi. Ал қазақ даласы Ресей үшiн Шығыс мемлекеттерiмен жалғастыратын көпiр iспеттi болатын. Орта Азия елдерiне, Қытайға жол ашатын қақпа деп бiлген Петр I (1682 — 1725) қазақ жерiне бiрнеше экспедиция жiбердi. 1718 ж. Семей қамалының, 1720 ж. Өскемен бекiнiсiнiң негiзi қаланды. 1730 ж. 8 қыркүйекте Уфаға Әбiлқайыр ханның Сейiтқүл Қойдағұлов пен Құлымбет Қоштаев бастаған елшiлiгi келдi. 1731 ж. 19 ақпанда Ресей патшайымы Анна Иоановна Әбiлқайыр ханға грамота жiбердi. 1731 ж. 30 сәуiрде Кiшi жүзге орыс тiлмашы, елшi А.И.Тевкелев бастаған елшiлiк келдi. Олармен бiрге Санкт-Петербургке жiберiлген қазақ елшiлерi де оралды. Сонымен, 1731 ж. 10 қазанда өткен қазақ құрылтайында Кiшi жүздiң Ресейге қосылуы туралы шешiм қабылданды. 1731 ж. 15 желтоқсанда Тевкелевпен келiссөз жүргiзген Орта жүз ханы Сәмеке Ресейге қосылу туралы ұсыныс жасады. Ол ұсыныс 1734 жылдан кейiн жүзеге асырыла бастады. 1734 ж. 10 маусымда Анна Иоановна Әбiлқайырға Ор өз. сағасынан бекiнiс салу қажеттiгi жөнiнде хат жолдап, қала салынатын жерге И.К. Кириллов пен А.И. Тевкелевтi жiбердi. Жайық бойына 14 қамал салынды. 1740 ж. Орынбор экспедициясы бастығы ген.-л. князь В.А. Урусов Орынборға елшiлiк басқарып келдi. 19 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында Нұралы, Ерәлi сұлтандармен, Жәнiбек, Бөгенбай, Есет батырлармен, кейiнiрек Орта жүз ханы Әбiлмәмбет және Абылай сұлтанмен келiссөз жүргiздi. Оның барысында Кiшi жүз бен Орта жүздiң 399 өкiлi Ресейге қарайтындығы жөнiндегi шартқа қол қойды. Алайда осы шарттан кейiн де Ресейге Кiшi жүздiң бiраз бөлiгi, Орта жүздiң аз ғана бөлiгi қосылды. Ал Солт.-шығыс және Орт.

Қазақстанның негiзгi аймақтарын Ресей өз құрамына тек 19 ғ-дың 20 — 40-жылдары әскери-саяси күш қолданып қосты. Жоңғарияда 1745 ж. Қалдан Серен өлгеннен кейiн, оның мұрагерлерi арасында таққа талас бастады. Абылай хан осы сәттi пайдаланып, қазақ жерiн азат етуге кiрiстi. Созақ, Сайрам, Манкент, Шымкент қ-лары Әбiлмәмбет ханның қарамағына өттi. Абылай бастаған қазақ жасақтары 1750 ж. жауға жоңғар қақпасы маңында күйрете соққы бердi. 1755 ж. жоңғарлар бiрнеше ұсақ иелiктерге бөлiнiп кеттi. 1755 — 58 ж. Қытай әскерлерi жоңғар билеушiлерi арасындағы тақ таласын пайдалана отырып, оларды мүлдем жойып жiбердi.

1758 ж. Жоңғар мемлекетi құлады. Цинь империясының батыс шекарасы қазақ жерiмен шектестi. Қытайлар қазақтарға дүркiн-дүркiн шабуыл жасап, тыным бермедi. Абылай келiсiмге келу туралы Пекинге елшiлер жiбердi. Сөйтiп, Қытаймен сауда, экон. қатынас орнай бастады. 1771 ж. Әбiлмәмбет хан өлгеннен кейiн, Түркiстанда Абылай үш жүздiң ханы (бас хан) болып сайланды. Бiр жылдан кейiн, 1772 ж. Ресей патшайымы Екатерина II-нiң жарлығымен, Абылайға арналып Есiл өз-не таяу жерде, Жаңғызтөбеде ағаш үй салынды. Абылай 1781 ж. қайтыс болды. Орнына ұлы Уәли хан сайланды. Бұл кезде Ресей үкiметi барынша күшейiп, қазақ даласымен шындап айналыса бастаған. Қазақ даласында патша үкiметiнiң отарлау саясаты үш бағытта: 1) гарнизондар мен күшейтiлген бекiнiстi әскери шептер құрылысын салу және тұрақты казак-орыс (Орынбор, Жайық, Батыс-Сiбiр, кейiн Жетiсу) мекендерiн құру жолымен; 2) саяси әкiмш. реформалар енгiзу; 3) қазақ даласын өзiне қосу, ал Орта Азия мемлекеттерiмен сауда-саттықты кеңейту жолымен жүргiзiлдi. Отарлық билiкке қарсы қазақ халқы жиi-жиi көтерiлiстер жасап отырды. Алғашқы көтерiлiстер Ресейге алдымен бағынған Кiшi жүз жерiнде басталды. Сырым Датұлы бастаған көтерiлiс (1783 — 97). 18 ғ-дың 30-жылдары Кiшi жүз Ресейге қосылғаннан кейiн патша үкiметi қазақтарға iшкi жаққа, Жайық сыртына өтуге тыйым салды. Кiшi жүз ханы Нұралының да қысымы көп болды. 1783 ж. көктемде қазақтардың Орал бекiнiсiне шабуылы басталды; қ. Сырым Датұлы қозғалысы.

Ресей үкiметi жағдайды өзiнше шешпек оймен, хандық тәртiптi жою шарасын қолға алды. Сырым мұны мақұлдады. 1786 ж. хандық жойылып, Нұралы хан Жайық бойындағы орыс бекiнiстерiн паналады. Сырым он екi ата байұлының аға старшыны болды. Ұзақ жылдар бойы сүйенiшi болып келген хандық билiктi жойғаны қате болғанын Ресей үкiметi кейiн түсiндi. Сөйтiп, хандық билiктi қалпына келтiруге кiрiстi. 1790 ж. Нұралы өлгеннен кейiн осы оқиғаны желеу етiп, оның iнiсi Ерәлiнi хан еттi. Халық тағы да Сырым төңiрегiне топтасты. Сырымның Бұхара, Хиуа хандықтарымен келiсiм жасауынан қауiптенген патша үкiметi қазақтарға бiрқатар жеңiлдiктер жасауға мәжбүр болды. Жайық өз-нiң оң жағында мал жаюға, Жайық пен Едiл арасындағы Үлкен және Кiшi өзендердiң (Қара өзен, Сары өзен) бойындағы жайылымдарды пайдалануға рұқсат еттi. 1794 ж.

Ерәлi хан өлiп, орнына Есiм хан болды. Ұлт-азаттық көтерiлiс қайтадан өршiдi. 1797 ж. 26 — 27 наурызда Есiм хан өлтiрiлдi. Көтерiлiсшiлердi жазалау үшiн 1797 ж. күзде полковник А.Скворкин Сырымды қудалауды қолға алды. Хиуа жерiне өтiп кеткен Сырым 1802 ж. Үргенiште мерт қылды. Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемiсұлы бастаған шаруалар көтерiлiсi (1836 — 38). Едiл өз-нiң Каспийге құятын аймағына 1801 жылдан бастап патша рұқсатымен Кiшi жүздiң Бөкей сұлтан басқарған 5000 қазағы коныс аударды. Iшкi Бөкей ордасы құрылды. 19 ғ-дың 30 жылдарының соңында мұнда 20 мыңдай түтiн, 80 мың адам жайлады. Бөкей баласы Жәңгiр 1824 ж. хан тағына отырған соң, патша үкiметiнiң қолдауымен ел басқаруды өзгертуге кiрiстi. Ол отырықшылықты, елдi мекендер салуды, қырда пiшен шабуды, мектеп, уч-ще, мешiт ашуды, малды асылдандыруды қолға алып, сауданы жандандырмақ болды. 1827 ж. Жәңгiр хан Нарын құмындағы Жасқұс мекенiнде тұрақты хан ордасын орнатып, елдi орталықтан басқаратын болды. Сол жылы хан кеңесi құрылды.

Оның татар бөлiмi және жалпы бөлiмнен тұратын өз кеңсесi болды. Кеңсе жанында арнаулы тергеушi штат жұмыс iстедi. Наразылық жер дауынан басталды. Бiр ғана Жәңгiр хан 400 мың десятина жердi өз иелiгiне қаратқан. Жәңгiрдiң iнiсi Меңдiгерей Бөкейханұлы, би Балқы Құдайбергенұлы, ханның қайын атасы Қарауылқожа Бабажанұлы iрi меншiк иелерi болды. 1831 ж. Ресеймен шекаралас жерлерде сұлтандар мен Орынбор Шекара комиссиясына бағынатын әкiмшiлiктер құрылды. Ондағы әкiмдер мен старшындар жергiлiктi басқаруды өз қолдарына алды.

Ал Жайық бойын иемденген Орал казак-орыстары қазақтарға Жайық өз-нен өтуге, оның жағасына көшiп-қонуға тыйым салды. Жәңгiрге наразы болған бiр топ сұлтан шаруаларды Жайықтың арғы жағына қайтадан өтуге шақырды. 1827 ж. жұт жылынан аман қалған аз малды сақтау үшiн қазақтар Саратов губерниясына көшпек болды. Көктем шығысымен Байбақты руы бiрiншi болып Жайыққа бет алды. Ресми өкiмет орындары бұл көшке қарсы едi. Мұның өзi Кiшi жүз қазақтарының үкiметке наразылығын күшейттi. Содан, 1836 ж. ақпанда, халықтың Жәңгiр ханға қарсы күресi басталды. Исатай, Махамбеттер 1837 ж. қыркүйек, қазан айларында Қарауылқожаның, Балқы бидiң, Шоқы сұлтанның ауылдарын шапты. Ханға Орынбордан подполковник Геке бастаған әскер күшi көмекке келдi. 700 казак-орыс, екi зеңбiрек, ханның 400 сарбазына Исатайдың 2000-нан астам сарбазы бетпе-бет келдi. 1837 ж. 15 қарашада Тастөбе деген жерде шайқас басталды. Күшi басым жазалаушылар тегеурiнiне шыдай алмаған көтерiлiсшiлер топ-топқа бөлiнiп кеттi. 1838 ж. көктемде халық қозғалысы қайта күшейдi. Бұл кезде Сiбiр өңiрiнен шегiнген Кенесары әскерiнiң бiр бөлiгi Орынбор өлкесiне ауысқан-ды. Олардың Исатай тобына қосылуынан қорыққан Орынбор ген.-губернаторы В.А.Перовский көтерiлiсшiлерге қарсы қауырт күш жинады. Орск бекiнiсi жағынан құрамында Орал полкi казактары бар Баймағамбет сұлтанның жасағы, Орынбордан Геке әскерi қарсы шықты. 1838 ж. 12 шiлдеде Исатай жасағы мен подполковник Геке бастаған жазалаушы әскер Ақбұлақ деген өзеннiң бойындағы шайқаста бетпе-бет кездестi. Осы шайқаста Исатай қаза тауып, көтерiлiсшiлер талқандалды. 1846 ж. Махамбет жалдамалылардың қолынан қаза тапты; қ. Исатай Тайманұлы бастаған көтерiлiсi.

Отарлау барысында патша үкiметi қазақ жерiндегi хандық билiктi жоюға кiрiстi. 1815 ж. Орта жүзде Уәли ханның билiгiн әлсiрету мақсатымен, екiншi хан етiп Бөкейдi қойды. 1817 ж. Бөкей, 1819 ж. Уәли хан қайтыс болған соң, патша үкiметi Орта жүздi бiрнеше әкiмшiлiкке бөлдi. 1822 ж. Сiбiрдiң генерал-губернаторы М.М.Сперанскийдiң басшылығымен “Сiбiр қазақтары туралы жарғы”, 1824 ж. “Орынбор қазақтары жөнiндегi жарғы” деген құжаттармен қазақ жерiн басқару тәртiбi белгiлендi. Осы заңдар бойынша Орта жүз бен Кiшi жүз хандықтары жойылды. Кiшi жүзде (соңғы хан Шерғазы Айшуақов) хандық билiктiң орнына Ресейдегi сияқты әкiмш. басқару жүйесi қалыптасты. Ал Орта жүзде “аға сұлтан” деген басқарушы қызмет енгiзiлдi. Iшкi округтер құрылды. Округтер болыстарға, болыстар ауылдарға бөлiндi. Болысқа бөлу негiзiне рулық принцип алынды.

19 ғ-дың басында Хиуа мен Қоқан хандары Оңт. Қазақстанға өз бақылауларын орнатты. Қазақтар Қоқан мен Хиуа билеушiлерiне қарсы жиi-жиi бас көтерiп отырды. 1821 ж. Тентек төре басқарған Түркiстан, Шымкент, Әулиеата маңы қазақтары Қоқан билеушiлерiне қарсы көтерiлiске шықты. Көтерiлiсшiлер Сайрам қ-н шабуылмен алды. 1819 ж. 18 қаңтарда Сүйiн Абылайханов сұлтан өзiне қараған 55462 адаммен Ресейге адал болатыны туралы ант бердi. 1845 — 47 ж. Ұлы жүз рулары (оңт-те көшiп жүрген, Қоқан хандығына бағынатындарынан басқалары) Ресейге қарады. 1847 ж. Орта жүз қазақтарының басым көпшiлiгi Ресей боданы болып, Қазақстанның империяға қосылу процесi аяқталуға жақындады. Әскери-әкiмш. отарлау 19 ғ-дың 2-жартысына дейiн жалғасты. 1831 ж. Аягөз, 1847 ж. Қапал, 1854 ж. Верный әскери бекiнiстерi салынды. 1855 ж. Лепсi, Үржар станицалары салынды. Жетiсу өлкесiнде 1847 — 67 ж. аралығында казак-орыстар тұратын 14 станица орын тептi. Бұл бекiнiстер Ресейдiң Iле өз-нiң арғы бетiндегi билiгiн нығайтуға арналған тiрек пункттер болды. 20 — 40 жылдары Қарқаралы, Көкшетау, Аягөз, Ақмола, Баянауыл, Аманқарағай округтерiн құру аяқталды. Ұлы жүздiң Ресейге қосылған аудандарын басқару үшiн 1848 ж. Бат. Сiбiр ген.-губернаторына бағынатын Үлкен орданың приставы лауазымы белгiлендi.

Ресей 19 ғ-дың 40-жылдарында Хиуа хандығына шабуыл жасады. Хиуа хандығы бұл кезде Мервтi басып алып, Маңғыстау, Үстiрт пен Сыр қазақтарына билiк жүргiзiп тұрған болатын. Бiрақ, В.А. Перовский басшылық еткен Хиуаға қарсы жорық (1839 — 40) сәтсiз аяқталды. Бұл кезде Ауғанстан, Иран, Қытайдың батысында, Бұхарада, Хиуада, Қоқанда, Қазақстанның оңт-нде ағылшындар әрекет ете бастаған. 1839 ж. ағылшындар Ауғанстанға басып кiрдi.

Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалыс (1837 — 47). 19 ғ-дың алғашқы ширегiнде патша үкiметi Қазақстанға әкiмш.-саяси өзгерiстер енгiзуге тырысты. 1822 жылғы “Сiбiр қазақтары туралы жарғы” далалық аудандарды басқарудың құрылымын өзгерттi. Ендi басқарудың округтiк жүйесi енгiзiлдi. Қарқаралы (бұрынғы Бөкей ханның иелiгiндегi) және Көкшетау (Уәли ханның иелiгiндегi) округтерiн құрып, Орта жүз бен Ұлы жүздiң рулары мекендеген аймақтардың түйiскен жерiндегi жайылымдарды тартып ала бастады. 19 ғ-дың 30-жылдарында отаршылдық саясатқа қарсы Абылайдың кiшi ұлы Қасым төре бас көтердi. Қоқан хандығына арқа сүйемек оймен, 40 мың үймен Қоқан хандығының қол астына көшiп барды. Оның қоқандықтардан күткен үмiтi ақталмады. Ұлдары Саржан, Есенгелдi, кейiнiрек өзi мерт болды. Отарлық езгiнiң күшеюi, шұрайлы жерлердi тартып алып, бекiнiстер салу Кенесары Қасымұлы бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысын (1837 — 47) тудырды. 1838 жылдың көктемiнен бастап Кенесары жасақтары патша әскерiне қарсы жоспарлы күрес жүргiздi. Ақмола қ-н қиратты, Қоңырқұлжа ауылын шапты. 1840 ж. күзде Ырғыз бен Торғай маңында патша әскерiмен қарулы қақтығыс басталды. 1841 ж. қыркүйекте үш жүз өкiлдерi Кенесарыны хан етiп сайлады. Кенесары ел билеу тәртiбiн өзгерттi. Алым-салық реформасы iске асырылды. Егiншiлiктi дамытуға, көршi елдермен сауда-саттық жасалып, керуеннен салық алынатын болды. Хан кеңесi құрылды. Жасақтар жүздiктерге, мыңдықтарға бөлiндi. Кенесары орыс үкiметiмен тату көршiлiк қарым-қатынас орнатуға тырысты. 1841 — 42 ж. Кенесары жасақтары қоқандықтарға қарсы соғыс жүргiздi. Созақ, Сауранды алды. Қоқандықтар Кенесарымен келiссөз жүргiзуге мәжбүр болды. Бұхар әмiрi, Хиуа хандығы Кенесарымен түсiнiстiк қатынасқа көштi. 1843 ж. Орынбор ген.-губернаторы Перовский орнына келген генерал В.А.Обручев Батыс Сiбiр губернаторы П.Д. Горчаковпен бiрге Кенесарыны қуғындауға кiрiстi. Ырғыз өз. бойында патша әскерiнiң бiр тобымен кездескен Кенесары патша үкiметiмен келiссөз жүргiзiп жатқанын айтып соғысты болдырмады. Бұл тұста екi жақ та әскери дайындығын мұқият жүргiзiп жатты. 1844 — 45 ж. көтерiлiс өршiдi. Оған Сыр бойының, оңт-тiң қазақтары қосылды. Кенесары өз әскерiнiң санын 20 мың адамға жеткiздi. Кенесары жасақтарын құрту, халық қозғалысын басу үшiн 1844 ж. жазда Ор бекiнiсiнен, Ұлытаудан, Тобыл өз. бағытынан шыққан патша әскерiнiң үш тобымен кескiлескен шайқастардан соң, 1845 ж. Кенесары Ұлы жүз жерiне қоныс аударып, халық күшiн бiрiктiрудi, қырғыздармен одақтасып, Қоқан хандығына шабуыл жасауды, сөйтiп олардың қол астындағы қазақтарды азат етудi мақсат еттi. Қытаймен келiссөз жүргiзу үшiн, Құлжаға елшi жiбердi. 1845 ж. қазан-қараша айларында Кенесары әскерi Қоқан хандығына жорыққа аттанды. Олар Қорған, Жаңа Жүлек, Созақ бекiнiстерiн алды. Патша үкiметi қырғыз манаптарын, Кенесарыға қас бай-сұлтандардың басын қосып, көтерiлiсшiлерге соққы берудi iске асыруға кiрiстi. 1847 ж. сәуiрде Кенесары жасақтарымен қырғыз жерiне басып кiрдi. Қырғыздармен соғыс Ыстықкөлдiң тау шатқалы қойнауында, Шу өз. жоғ. ағысында өттi. Кенесарыны Тоқмақтың маңында Кеклiк-Сеңгiр тауындағы Майтөбе деген жерде қырғыздар мен ген. Вишневский жасағы, Қоқан хандығы әскерi қоршауға алып тұтқынға түсiрдi де, айуандықпен өлтiрдi.

Хиуа, Қоқан хандары Сырдың төм. ағысы бойындағы, Ырғыз, Торғай, Ембi өзендерiнiң бойындағы қазақтарды билеуге тырысты. Сырдың төм. ағысы бойындағы Жаңадария және Қуаңдария алқаптарын басып алып, әскери бекiнiстер салды. Қазақтардан зекет пен ұшыр жинады. Сыр қазақтары Хиуа, Қоқан езгiсiне қарсы көтерiлдi. Оны әлiм руынан шыққан Жанқожа Нұрмұхамедұлы басқарды. 1843 ж. Жанқожа батырдың жасақтары Қуаңдария бойындағы хиуалықтар қамалын, кейiнiрек Бесқала қамалын талқандады. Сыр қазақтары солт.-батыс жақтан қауiп туғыза бастаған орыстарға да қарсы шықты. 1849 ж. Райым бекiнiсiне Орынбор казак-орыстарының алғашқы 26 отбасы қоныстанды. Олар қазақтарды отырған жерлерiнен ығыстырды. 1853 ж. орыс әскерi Ақмешiттi басып алды. Сөйтiп, Сырдария әскери желiсi пайда болды. Оған Райым бекiнiсiнен Ақмешiтке дейiнгi жерлер кiрдi. Бұл жерлерде отаршылар қатаң тәртiп орнатты. 1857 жылға дейiн үш мың қазақ отбасы жерiнен айрылды. Ресейге қарсы Сыр қазақтарының көтерiлiсi 1856 ж. желтоқсан айында басталды. Көтерiлiс бүкiл Қазалы өңiрiн қамтыды. Казак-орыстардың Солдатская слободасы кентiн жойып, 1856 ж. соңында Жанқожа Қазалы фортын қоршады. Бiрақ, күшi басым дұшпандарынан жеңiлiп, Жанқожа 20 шақты қазақ ауылдарымен Сырдың оң жағалауына, Хиуа хандығының жерiне өтiп кеттi.

1853 — 58 жылдарда Есет Көтiбарұлы бастаған Кiшi жүз қазақтарының көтерiлiсi болды. Көтерiлiстiң шығуына Арал т-нiң бат. жағындағы Үлкен және Кiшi Борсықты, Сам құмын, Сағыз, Жем өз-дерiнiң бойын мекендеген шектi руына түтiн салығын салу, әскери мақсат үшiн күш-көлiк алу, бекiнiс салынуы салдарынан жайылымдықтардың тарылуы себеп болды. 1855 жылғы 8 шiлдеде Есет жасақтары А.Жантөрин сұлтанның лагерiне шабуыл жасап, оны өлтiрдi. Бiрақ қару-жарақ жетiспей, көтерiлiсшiлер шегiнуге мәжбүр болды. Есеттiң қолға түскен 18 сарбазын патша үкiметi Сiбiрге айдап, 3 адамын атты. 1858 ж. қыркүйекте Сам құмында жеңiлген Есет көтерiлiстен бас тартып, үкiметке адал қызмет етуге уәде бердi.

1854 ж. Верный (Алматы) бекiнiсi салынғаннан кейiн, Бат. Сiбiрден Жетiсуға қазақ-орыс әскерлерi мен орыс шаруалары қоныс аудара бастады. Жетiсуда үстемдiк етуден бiржолата айырылу қаупiнен қорыққан Қоқан ханы қазақ, қырғыздарды өз уысында ұстауға бар күшiн салды. Әулиеата, Мерке, Пiшпек (қазiргi Бiшкек), Тоқмақ, т.б. бекiнiстердiң гарнизондарын күшейттi. 1860 ж. күзде Қоқан ханы Верный бекiнiсiне шабуыл жасауға 20 мыңдай әскер жiбердi. Ұзынағаш түбiндегi шайқаста (1860 ж. қазан) Г.Колпаковский бастаған шағын отряд қазақ жасақтарының көмегiмен Қоқан әскерлерiн жеңдi. Ұзынағаштағы жеңiс Жетiсуды Қоқан үстемдiгiнен құтқарғанымен, ендi Ресей империясының езгiсiне салып бердi.

19 ғ-дың 60 жылдарында Қазақстанның Ресейге қосылу үрдiсi аяқталды. Каспий жағалауынан Алтайға дейiнгi, Тобыл өз-нен Тянь-Шань тауына дейiнгi ұлан-байтақ ел Ресей империясының құрамына ендi. Патша үкiметi осы кең өлкенi басқару мақсатымен реформалар жүргiздi. 1867 ж. Түркiстан ген.-губернаторлығына бағынатын Жетiсу және Сырдария облыстары, ал 1868 ж. Орынбор ген.-губернаторлығына қарасты Орал мен Торғай, Бат. Сiбiр ген.-губернаторлығына қарайтын Ақмола және Семей облыстары құрылды. Облыстар уездерге, уездер болыстарға, болыстар ауылдарға бөлiндi. Әкiмш. бөлiктер аум. принцип бойынша ұйымдастырылды. Патша үкiметi “рулық бiрлестiктiң” рөлiн төмендетiп, ру ақсақалдары мен билерiнiң ықпалын жоюды көздедi. Барлық жер мемлекет меншiгi деп жарияланды. Қазақстандағы 1867 — 68 жылдардағы реформалар сот құрылысына да өзгерiстер енгiздi. Қазақстанда Ресей империясының құқығы мен соты қолданылды, сонымен бiрге iшiнара әдеттiк құқық пен билер соты да қалдырылды. Бiрақ билер соты тежелiп, ел басқарудың жаңа жүйесiне икемделдi.

Ресейде агр. мәселенiң шешiлмеуi, қазақ даласына қоныс аудару саясатының жоспарлы түрде жүргiзiлуi өлкенiң әлеум.-экон. жағдайына өзгерiстер енгiздi. Бұрынғы жаппай көшпелi шаруашылықтардың орнына ендi отырықшылықпен қатар мал бағу және егiн егу сияқты шаруашылықтың жаңа түрлерi орныға бастады. Үкiметтiң қауымдық жерлердi тартып алып, күнкөрiс жер-судан айыруы қазақ қоғамының әлеум. бөлшектенуiн туғызды. Қазақстанда өнеркәсiп өндiрiстерi, түрлi кәсiпшiлiк ашылып (мыс.: а. ш. шикiзаттарын өңдейтiн — май шайқайтын, терi өңдейтiн, ұн тартатын, т.б.), жедел дами бастады. Шымкент пен Түркiстанда мақта тазалайтын з-ттар, ал Верный қ-нда темекi шығаратын екi кәсiпорын жұмыс iстедi. Арал т-нде, Павлодар уезiндегi Қарабас к-нде тұз өндiру қолға алынды. Әсiресе ғасыр басында оның маңызы күшейдi. Тұз жергiлiктi мұқтаж үшiн де, сол сияқты шетке шығару үшiн де өндiрiлдi. Олардың неғұрлым iрiлерi Iшкi ордадағы 5 мың қазақ жұмыс iстеген Басқұншақ, Павлодар уезiндегi Коряков кәсiпшiлiктерi едi. Жайық, Ембi, Ертiс өзендерi, Арал мен Каспий т-дерi айдындарында балық кәсiпшiлiгi жанданды. Қазақстанда 19 ғ-дың соңы мен 20 ғ-дың басында Спасск мыс қорыту з-ты, Успенск мыс кенiшi, Қарағанды көмiр кенiшi, Екiбастұз және Риддер кәсiпорындары шет ел өнеркәсiпшiлерiнiң де (АҚШ, Германия, Бельгия, Швеция) назарын аударып, өлке байлығы талан-таражға түстi. 20 ғ-дың басында алтын шығару, көмiр өндiру (Екiбастұзда, Қарағандыда), мұнай (Бат. Қазақстанда, Орал-Ембi аймағында) шығару арта түстi. Ресейде капитализмнiң кең қанат жайып, оның ұлттық шет аймақтарына таралуы нәтижесiнде Қазақстанда банк бөлiмдерi мен несие мекемелерi құрыла бастады. Мемл. банктiң өлкедегi бөлiмдерi, сауда-өнеркәсiптiк орталықтары Оралда (1876), Петропавлда (1881), Семейде (1887), Омбыда (1895), Верныйда (1912) ашылды. Сауда-саттық, алыс-берiс қүшейдi. Негiзiнен мал сатылды. Әр жазда Ресей орталығына Ақмола, Қарқаралы және Сарысу уездерiнен 60 мыңға тарта iрi қара мал, 200 мыңға тарта қой жiберiлiп тұрды. Сыртқа шығарылатын астық көлемi де артты. Орал, Орынбор, Семей қ-лары астықпен сауда жасаудың iрi орталықтарына айналды. 19 ғ-дың екiншi жартысы мен 20 ғ-дың басында сауда-саттықтың жаңа — жәрмеңкелiк түрi пайда болды. Қарқаралы уезiндегi Қоянды, Петропавл уезiндегi Тайыншакөл, Ақмола уезiндегi Константиновск, Атбасар уезiндегi Перовск, Верный уезiндегi Қарқара жәрмеңкелерi неғұрлым iрi сауда орталықтары саналды. 20 ғ-дың басында қала халқының саны өсе түстi. Орал (47,5 мың адам), Петропавл мен Верный (43,2 мыңнан), Семей (34,4 мың) iрi қалалар саналды.

Қазақстанда өнеркәсiптiң дамуында т. ж. зор рөл атқарды. Өлкеде Орынбор-Ташкент, Троицк, Алтай және Жетiсу т. ж-дарын салу жеделдетiлдi. 1917 жылға дейiн Қазақстанда барлығы 2793 км жол төселдi. Су жолдары да (Семей обл-нда) пайдаланылды. Ертiс өз. арқылы “Пароход шаруашылығы мен Батыс-Сiбiр сауда серiктестiгi” компаниялары жүк тасыды. Өнәркәсiптiң дамуы, т. ж., су жолдардың кеңiнен пайдаланылуы Қазақстанда жұмысшы кадрларының қалыптасуына алғышарт жасады. 1913 ж. өлкедегi жұмысшылар саны 75 мың адамға жеттi. Ал Қазан төңкерiсi мен өзгерiстер жүрiп жатқан кезеңде Қазақстан жұмысшыларының саны 90 мыңға жеттi. Фабрика-зауыттарда жұмыс iстеген қазақ жұмысшыларының тұрмыс жағдайы төмен (жұмыстың ең ауырына жiберiлдi, мардымсыз жалақы тағайындалды, көптеген айыппұл салынды, басқа ұлт жұмысшыларынан кемсiтiп, алалаушылық орын алды) болды. 19 ғ-дың соңы мен 20 ғ-дың басында қазақ өлкесi Ресейге толығымен кiрiптар күй кештi.

20 ғ-дың басында өлкенiң жағдайына керi әсер еткен факторлардың бiрi — агр. саясат едi. Қоныс аудару кең қанат жайды. Қазақстанның аумағы бiрнеше қоныс аудару аймақтарына (Торғай, Орал, Семей, Сырдария, Жетiсу) бөлiндi. “Қоныс аудару қорын” жасау үшiн құрылған Қоныс аудару мекемелерi “артық” жерлер iздестiруге кiрiстi. Әрбiр қазақ отбасы 15 десятина үлес жер алып, қалған жер мемл. меншiкке берiлуi тиiс болды. Iс жүзiнде оларға үлес берiлмей, атамекен-шұрайлы жерлерiнен қуылып жатты. Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлi мал шаруашылығының құлдырауы, әсiресе “Столыпин реформасы” кезiнде күшейдi. 1906 ж. Ресей империясының премьер-министрi болып тағайындалған П.А. Столыпиннiң реформасы бойынша шаруаларға өз үлестерiмен қауымнан шығып, хутор құруларына еркiндiк берiлдi. Столыпин бұл мәселенi шешуге астық егуге қолайлы өңiр ретiнде қазақ даласын пайдаланды. Ресейден қоныс аударушы (переселен-мұғажыр) шаруалардың Қазақстанда кулак шаруашылықтарын құруына түрлi жеңiлдiктер жасалды. Хутор үшiн 45 десятина қолайлы жер және 15 десятина егiн салатын жер бөлiндi. Жер бөлушi ұйымдарға жергiлiктi халықты атамекендерiнен зорлықпен көшiрiлiп, олардың жерiне шаруа-кулактарды қоныстандыруға рұқсат берiлдi. Қоныс аудару науқаны нәтижесiнде 1895 — 1905 ж. далалық облыстарға 294 296 адам, ал 1906 — 10 ж. 770 мыңнан астам қоныс аударушылар келдi. 1893 — 1905 ж. қазақтардан 4 млн. десятина жер, 1906 — 12 ж. 17 млн. десятинадан астам, ал 1917 ж. барлығы 45 млн. десятина жер тартып алынды. “Столыпиннiң аграрлық саясаты” қазақтарды жерiнен айырумен қоса, олардың өлкеде үлес санының азаюына да себеп болды.

Қазақстанды қосып алғаннан кейiн Ресей өлкенiң табиғатын, тарихын, экономикасын зерттей бастады. Қазақ өлкесiн зерттеушiлердiң бiрi Орыс география қоғамының басшысы П.П. Семенов-Тяньшанский (1827 — 1914) едi. Оның басшылығымен көп томдық “Ресей. Отанды географиялық тұрғыдан толық баяндау” деп аталатын зерттеу құрастырылып, басып шығарылды. Оның “Қазақ (қырғыз) өлкесi”, “Түркiстан өлкесi” деп аталатын екi томы Қазақстан мен Орта Азияның геогр. жағдайын, табиғи байлығын, тарихын, халық тұрмысын баяндауға арналды. “Түркi тайпаларының ауыз әдебиетiнiң үлгiлерi” атты еңбек жазған Петербург академиясының акад. В.В.Радлов қазақ халқының ауыз әдебиетiн зерттеуге зор үлес қосты. Сондай-ақ “Қасым патшалары мен ханзадалары туралы зерттеу”, “Қырғыз-қайсақтар (қазақтар) туралы тарихи мәлiметтер” деп аталатын кiтаптардың авторы шығыстанушы-ғалым В.В. Вельяминов-Зернов қазақ халқы тарихының маңызды кезеңдерiн зерттедi. 1841 ж. Бөкей хандығында, 1850 ж. Орынборда Шекаралық комиссия жанынан қазақ азаматтық мектебi ашылды. 1877 ж. Ы.Алтынсариннiң күш салуымен Ырғызда қыздар уч-щесi жұмыс iстей бастады. 1890 — 96 ж. Торғайда, Қостанайда, Қарабұтақта, Ақтөбеде орыс-қазақ уч-щелерi, 1883 ж. Орынборда қазақ мұғалiмдер мектебi ашылды. 19 ғ-дың 2-жартысында қазақ халқының Ш.Уәлиханов, М.С. Бабажанов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев сияқты азаматтары өмiр сүрiп, шығармашылықпен айналысса, 20 ғ-дың басында олардың қатарын Ш.Құдайбердiұлы, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, т.б. толықтырды. 19 — 20 ғ-дың басында қазақ муз. мәдениетi өрлеу кезеңiн бастан өткердi. Сазгерлер: Құрманғазы, Дина Нұрпейiсова, Тәттiмбет, Ықылас, әншi-сазгерлер: Бiржан сал, Ақан серi, Мұхит, Жаяу Мұса, Мәди шығармалары халық арасына кең тарады. 1870 ж. 28 наурызда “Түркiстан уәлаятының газетi”, 1888 ж. 1 қаңтарда, “Дала уәлаятының газетi”, 1911 ж. “Айқап” журналының алғашқы сандары жарияланды. 1913 — 18 ж. аралығында шыққан “Қазақ” газетi қазақ қоғамының барлық салаларынан жан-жақты хабардар етiп тұрды.

1905 ж. 9 қаңтарда “Қанды жексенбiден” басталған бiрiншi орыс төңкерiсiнен Қазақстан да сырт қалмады. Ақпан айында Түркiстанда, Перовскiде, Жосалыда, Шалқарда демонстрациялар, мамыр айында Верный, Қостанайда жұмысшы толқулары өттi. 1905 ж. жазда қазақ халқының үкiметке наразылығы ұйымдасқан әрi саяси сипат алды. Қозғалыстың басында ұлттық интеллигенция тұрды. 1905 ж. жазда Қоянды жәрмеңкесiнде 14500 адам қол қойған Қарқаралы петициясын дайындаушылар қатарында Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынов, Ж.Ақбаев, т.б. зиялылары тұрды. Петицияда қазақ халқының өмiрлiк маңызды мұқтаждары, саяси агр., дiни мәселелер қойылды. 18 — 19 қазанда Орынборда жаппай саяси ереуiлдер, 25 қазанда Омбыда саяси демонстрация, 16 — 28 қарашада Семейде почта-телеграф қызметшiлерiнiң ереуiлдерi өттi. Жұмысшы, шаруа қозғалысына, 6 — 7 қарашада Бат. Сiбiр полкiнiң солдаттары, ал 21 қарашада Жаркент гарнизонының солдаттары қосылды. Қазақ және орыс жұмысшыларының ең iрi бас көтерулерi Успенск кенiшiнде болды. Оны “Капиталға қарсы орыс-қазақ одағы” басқарды. 1906 ж. ақпанда Семейде қазақтардың съезi өтiп, онда қоныс аударуды тоқтату, жердi қазақ халқының меншiгi етiп тану, тiл, дiн тұту еркiндiгi, ана тiлiнде бiлiм алуды дамыту, т.б. талаптар айтылды. Рев. қозғалыс Ресейде екi жарым жылға созылды. 1905 ж. 17 қазандағы манифест бойынша Ресейде Мемл. Дума сайланды. 1906 жылғы 27 сәуiрден 8 шiлдеге дейiн өмiр сүрген I-Мемл. Думаға Қазақстаннан 9 депутат сайланды. Думада үлкен айтыс тудырған агр. мәселе Думаның таратылуына себеп болды. 1907 ж. 20 ақпанда өз жұмысын бастаған 2-Мемл. Думада да агр. мәселе баса айтылды.

Қазақстаннан оған 13 депутат қатысты. Рев. толқу әлсiреп, 1907 ж. 3 маусымда патшаның 2-Думаны таратып жiберуiне, қазақтарды сайлау құқынан айыруға мүмкiндiгi артты. 1914 ж. 1-тамызда Ресейдiң 1-дүниежүз. соғысқа тартылуы Қазақстан халқына ауыр соққы болып тидi. Қазақ халқына “өз ерiктерiмен қаржы жинау”, мемл. заемдарды зорлап жаздыру, соғыс салығы түрiндегi барлығы 10-ға жуық түрлi салықтар мен баж салығын төлеу мiндеттелдi. Қазақтарды тонау одан әрi жалғасты, соғыс жүктерiн (астықты) т.ж. ст-ларына жеткiзу үшiн олардың көлiктерi зорлықпен пайдаланылды. Соғыс уақытында Түркiстан өлкесiнен 300 мың пұт ет, 70 мың жылқы, 13 мың бас түйе әкетiлдi. 1914 ж. тек Жетiсудан ғана 34 млн. сомның малы мен мал ш. өнiмдерi жөнелтiлдi. Әскерге алынғандардың отбастарына көмек көрсету желеуiмен еңбек ету мiндетi енгiзiлдi, қазақтар жұмыс күшi ретiнде қоныс аударып келгендер деревняларының жерiн жыртып, тұқымын сеуiп, өнiмiн жинап беруге тиiстi болды. Қаладағы еңбекшiлердiң, өнеркәсiп орындарындағы жұмысшылардың жағдайы күрт нашарлап кеттi. Үкiметтiң Қазақстанның барлық облыстарына төтенше соғыс жағдайын енгiзуi де халықтың соғысқа наразылығын күшейтiп жiбердi. 1915 ж. маусымда Екiбастұз бен Қарағанды көмiр кендерiнiң, Қазақ (киргиз) тау-кен қазу өнеркәсiбi акцион. қоғамының, Спасск мыс қорыту з-тының қазақ жұмысшылары ереуiл жасады. 1916 жылдың жазында жұмысшы қозғалысы Риддер кенiштерiн, Ембi мұнай кәсiпшiлiктерiн, Екiбастұз, Байкоңыр көмiр кендерiн, Орынбор — Ташкент т. жолын қамтыды. Осындай жаппай наразылықтар нәтижесiнде 1916 жылғы көтерiлiс шықты. Көтерiлiстiң басталуына патшаның 1916 жылғы 25-маусымдағы майдандағы қара жұмысқа Қазақ және Түркiстан өлкелерiнiң және iшiнара Сiбiрдiң 19-дан 43 жас аралығындағы ер-азаматтарын шақыру жөнiндегi жарлығы түрткi болды.

Шiлденiң басында қазақ даласында көп кешiкпей қарулы көтерiлiске айналған стихиялық бас көтерулер басталды. Қазақ қоғамында патша жарлығы мен көтерiлiске деген көзқарас бiр мәндi болған жоқ. Интеллигенцияның кейбiр өкiлдерi (Бокин, Ниязбеков, Жүнiсов) жарлыққа қарсы шығып, оны орындауға қарсыластық көрсетуге шақырса, “Қазақ” газетi төңiрегiндегi зиялылар (Бөкейханов, Байтұрсынов, Дулатов, т.б.) күшi басым үкiметке қарсы шығудың халықты қырғынға ұшырататынын ескертiп, сабыр сақтауға шақырды. Көтерiлiстiң аса iрi ошақтары Жетiсу мен Торғайда болды. Жетiсу облысында қарулы қарсылық шiлде-тамыз айларында жаппай қарқын алды. 17 шiлдеде Түркiстан өлкесiнде соғыс жағдайы жарияланды. Патша үкiметi Жетiсуға iрi әскери күштердi жiбере бастады. Қыркүйек, қазан айының басында жетiсулық көтерiлiсшiлер шегiнiп, Бат. Қытайға өтiп кетуге мәжбүр болды (қ. Қарқара көтерiлiсi). Торғай көтерiлiсi (басшылары Ә.Жанбосынұлы, А.Иманов, Ә.Жангелдин) 50 мыңдай адамды қамтыды. 1916 ж. 21 қарашада Торғайда 13 болыс ел өкiлдерi Әбдiғапарды хан, Амангелдi Имановты сардарбегi (қолбасы) етiп сайлады. А.Иманов көтерiлiсшiлердi ондыққа, елулiкке, жүздiкке, мыңдыққа бөлдi. Арнайы мергендер отряды құрылды. Көтерiлiс штабында әскери кеңес жұмыс iстедi. Торғай облысындағы көтерiлiс патша үкiметi құлатылғаннан кейiн ғана тоқтады. 1916 жылғы көтерiлiс қазақ халқының көп ғасырлық ұлт-азаттық қозғалысының тарихында маңызды орын алады. Ол отарлауға және империалистiк саясатқа қарсы өрбiдi.

1917 ж. патшаны тақтан құлатқан Ақпан революциясының оқиғалары көп ұзамай Қазақстанға да жетiп, наурыз айының басында iрi қалаларда төңкерiстi қолдаған митингiлер, демонстрациялар өттi. Ресейде қос өкiмет билiгi (Уақытша үкiмет пен Жұмысшы және солдат депутаттары кеңестерi) орнады. Қазақстан көп өкiметтi қоғамға айналды. Өлкеде ұлыдержавалық саясат жалғаса бердi. 1917 ж. көктем, жаз айларында жұмысшы, рев.-демокр. жастар ұйымдары, саяси партиялар құрылды. Омбыдағы оқушы жастардың 1914 ж. ашылған “Бiрлiк” мәдени-ағарту ұйымы жұмысын жаңа саяси ахуалға орай жандандырды. С.Сейфуллин Ақмолада “Жас қазақ”, Т.Рысқұлов Меркеде “Қазақ жастарының революциялық одағы” ұйымдарын құрды. Спасск мыс қорыту з-тында “Жас жүрек”, Петропавлда “Талап”, Семейде “Жанар” т.б. ұйымдар жұмыс iстей бастады.

1917 ж. 21 — 28 шiлдеде Орынборда 1-Бүкiлқазақ съезi өттi. Делегаттар ұлттық автономия, жер-су, т.б. мәселелердiң шешiлуiне, Құрылтай жиналысына әзiрлiк және қазақ саяси партиясын құру мәселелерiне баса назар аударды. Съезд, шын мәнiнде, қазақтың ұлттық саяси партиясы — “Алаштың” съезi болып айқындалды. Ә.Бөкейхан, М.Тынышбаев, М.Дулатов, А.Байтұрсынов, Ж.Досмұхамедұлы және Х.Досмұхамедұлы, М.Жұмабаев т.б. Алаш партиясына кiрдi. Дегенмен көпшiлiк қазақ қоғамы сол кезеңде дайын болмағандықтан әлеум. бағдарлама қабылдаған жоқ. Олар Қазақ халқын отарлық езгiден азат ету ұраны төңiрегiне топтасты. 1917 жылдың күзiнде тағы бiр ұлттық-саяси ұйым — Қазақтың соц. партиясы болып саналған “Үш жүз” партиясы пайда болды. Көлбай Тоғысов басқарған бұл партия солшыл бағыт ұстап, Алаш партиясына, Алашорда үкiметiнiң құрылуына қарсы шығып, большевиктердi жақтады. 1917 ж. жаз, күз айларының басында елде халықтың большевиктер жағына шығуына әлеум. жағдайдың төмендеуi, аштық, Уақытша үкiметтiң шарасыздығы себеп болды.

 

1917 ж. 24 қазанда (6 қарашада) Петроградта қарулы көтерiлiс басталды. Ертеңiне көтерiлiсшi жұмысшы, солдат, матростар астананың аса маңызды орындарын басып алды. 25 қазанда (7 қарашада) таңертең Әскери-рев. к-т Уақытша үкiметтiң құлатылғанын хабарлады (қ. Қазан революциясы). 1917 ж. 2 қарашада Бүкiлтүркiстандық IV Төтенше съезi өз жұмысын бастады. Оны М.Шоқай ашты. Съезд Түркiстан автономиясын (Түркистон мухтарияты) (төрағасы М.Тынышбаев, кейiн М.Шоқай) жариялады. Автономияны 1918 ж. ақпанда большевиктер қарулы күшпен қуып таратты.

Қазан төңкерiсiнен кейiн қалыптасқан саяси ауыр жағдайда өздерiнiң iс-әрекеттерiн айқындап алу үшiн ұлттық интеллигенция бастаған қазақ қоғамы Орынборда (1917 ж. 5 — 13 желтоқсанда) 2-Бүкiлқазақ съезiн өткiздi. Оған Ресейдiң қазақтар тұратын барлық облыстарынан дерлiк өкiлдер қатысты. Съездi Бөкейхан, Байтұрсынов, Дулатов, И.Омаров ұйымдастырды. Б.Құлманов төрағалық еттi. Съезде алдымен тез өзгерiп жатқан саяси жағдайда партия тактикасын нақтылау, қазақ автономиясын құру және оның үкiметiн қалыптастыру мәселелерi талқыланды. Съезд делегаттары Уақытша үкiмет құлатылғаннан кейiн қазақтар өмiрiн қиындатып жiберген аласапыран жағдайда елдi сақтап қалу үшiн, Уақытша халық кеңесi түрiндегi билiк орнату, оған Алашорда деген ат беру (төрағасы Бөкейхан, Атқару кеңесi құрамына 25 адам кiрдi), сондай-ақ милиция жасақтау туралы қаулы қабылдады. Қазақ автономиясының астанасына Семей (Жаңа Семей) қ. белгiленiп, оған Алаш қ. деген ат берiлдi. Алашорда жетекшiлерi Кеңес үкiметiмен байланыс жасауға тырысты. 1918 ж. наурызда Ж.Досмұхамедұлы және Х.Досмұхамедұлы Мәскеуге барып, В.И. Ленин мен И.В. Сталинмен келiссөз жүргiздi. Сондай-ақ, 1918 ж. сәуiрдiң басында Х.Ғаббасов Семейден төте желi арқылы ұлт iсi жөнiндегi халық комиссары Сталинмен байланысқа шықты. Келiссөз барысында Кеңес тарапынан 2-Жалпықазақ съезi шешiмдерiнiң мойындалуы, Алашорданың кеңес өкiметiн тануы, автономияның мәдени мұқтажына орталықтың көмегi, бүкiлқазақтық құрылтайды шақыру, өлкеде азаматтық бiтiмге келу мәселелерi қозғалды. Автономияны кеңес тұғырына аудару жайында құрғақ уәделер болды. Ұзамай, кеңестiк билiк автономияның тек депутаттар кеңесi арқылы таптық негiзде берiлетiнi жайындағы қағидасын алға тартты. Сонда Алашорда мемл. құрылымын өз бетiнше жасауға мәжбүр болды, сонымен бiрге 1918 жылдың күзi мен қысында атаман А.И. Дутовпен, Самарадағы құрылтайшы жиналыс мүшелерi к-тiмен (Комуч), Омбыдағы Уақытша Сiбiр (Колчак) үкiметiмен де байланыс жасады. Басталып кеткен азамат соғысы алашорданың ұстанар бағытын айқындауды қажет еттi. Қазақ автономиясы өлкеде әлеум.-саяси негiзi жоқ кеңес өкiметiне қарсы ақтармен бiрге күреске шықты.

Большевиктiк ұйымдар, Қазақстан мен Түркiстан кеңестерi өздерiнiң бүкiлқазақтық және бүкiлтүркiстандық съездерiн шақыруға әзiрлене бастады. Бұл жұмыстарды өлкеде кеңес өкiметiн нығайту жолындағы күрес әрi кеңестiк мемлекеттiлiктiң қалыптасу кезеңi де болды деуге болатын. Мұнымен Қазан төңкерiсiн және Қазақ мемлекеттiлiгiн кеңестiк негiзде құру идеясын қабылдамаған Алаш партиясы мен оның көсемдерi келiсе алмады. Ұлттық мәселелер, ұлттық-мемл. құрылыс мәселелерi талқылана бастады. Кеңес өкiметi ұлт саясатының негiзгi принциптерi екi құжатта — Ресей халықтары құқықтарының Декларациясы (1917 ж. 2 қараша) және Ресей мен Шығыстың барлық мұсылман еңбекшiлерiне үндеуiнде (1917 ж. 20 қараша) жарияланған-ды.

Кеңес өкiметiнiң орнауы құлатылған таптың қарулы қарсылығын алғашқы сәттен-ақ тудырды. Әскери тұтқындардан жасақталған чехословак корпусының 1918 ж. мамырдағы бүлiгi азамат соғысын өршiтiп жiбердi. Сiбiр, Орал, Орта Едiл жағалауы қалалары: Новосибирск, Челябинск, Том, Омбы чехтар қолына көштi. 31 мамырда контрреволюция Петропавлды, маусымда Ақмола, Атбасар, Қостанай, Павлодар, Семейдегi Кеңес үкiметiн құлатты. 1918 ж. 29 мамырда БРОАК Декретiмен Қызыл Армия қатарына әскери мiндеттi енгiзiлдi. Қазақ, мұсылман, дүнген, ұйғыр бөлiмдерi жасақталды. 1918 ж. жазда Орынбор аймағында ауыр жағдай қалыптасты. Қаланы 3 шiлдеде атаман Дутов басып алып, кеңестiк Түркiстанды Орт. Ресейден бөлiп тастады. Ақтарды оңт-ке, Ташкентке жiбермеу үшiн кеңестер Ақтөбе майданын құрды. Дала өлкесiнiң Төтенше комиссары Ә.Жангелдин басқарған экспедиция осы кезде жасақталды; (қ. Жангелдин экспедициясы). Ақтөбе майданы азамат соғысында шешушi рөл атқарды. 1919 ж. Орынбор, Орал, Орск азат етiлгеннен кейiн Ақтөбе майданы мен Шығыс майданы әскерлерi қосылды. 1918 ж. жаз, күз айларында Жетiсу облысында да ауыр соғыс болды. Ақгвардияшылдар Iле өлкесiн, Верный, Сергиополь, Үржар, Сарқант қалаларын басып алды. 1918 ж. Солт. Жетiсу майданы құрылды, күзде Солт. Жетiсудың тек Лепсi уезiнен басқа өңiрi ақтардың қол астында қалды. Ақмола, Семей облыстарында Тарбағатай мен Алтайдың Тау қырандары деген атпен мәлiм болған партизандық қозғалыс қанат жайды. 1919 ж. жазда Колчак армиясының басты күштерi талқандалып, Бат., Солт., Шығ. Қазақстан мен Жетiсудi азат етуге қолайлы жағдай туды. 1920 ж. наурызда Солт. Жетiсу майданының таратылуымен қазақ өлкесiнде азамат соғысы аяқталды. Азамат соғысы жылдарында материалдық қорды жинау және оны үнемдеу мақсатымен төтенше енгiзiлген шара “әскери коммунизм” деп аталды. “Артық” азық-түлiктi халықтан жинап алып, азық-түлiк салғыртын енгiзген бұл декрет 1919 ж. 11 қаңтарда жарияланды.

1919 ж. наурыз-көкек айларында алашорда өкiлi А.Байтұрсынов бастаған делегация орт. кеңес өкiметiмен келiссөз жүргiзiп, келiсiмге келдi. Алашорда қайраткерлерiне кешiрiм жарияланды. 1919 ж. 10 шiлдеде В.И.Ленин Қазақ өлкесiн басқару жөнiндегi рев. к-т құру туралы декретке қол қойды. Қазревком құрамына С.С.Пестковский, Б.Қаратаев, Ә.Жангелдин, А.Байтұрсынов, С.Меңдешев, Ә.Әйтиев, т.б. ендi. 1920 ж. 30 тамызда Бүкiлресейлiк ОАК мен РКФСР ХКК РКФСР-дiң құрамында “Автономиялы Киргиз (қазақ) Социалистiк Кеңес республикасын құру туралы” декрет қабылдады. Республика құрамына Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Каспий обл. мен Астрахан губ-ның қазақтар тұратын аудандары ендi. 1920 ж. 4 — 12 қазанда Орынборда ҚазАКСР-ы Кеңестерiнiң құрылтай жиналысы өттi. Съезге 273 делегат қатынасты. Съезд С.Меңдешовтi басшы етiп, ҚазАКСР-ның ОАК-н және Радус-Зенькович басқарған ХКК-н сайлады. 1925 ж. Түркiстан АКСР-iнiң таратылуына байланысты Жетiсу және Сырдария облыстары Қазақ АКСР-iне қосылды. Жергiлiктi халықтың “Қазақ” атауы қалпына келтiрiлдi. 1921 — 22 ж. Қазақстанда жер-су реформасы жүргiзiлдi. Оның мақсаты — кезiнде патша үкiметi отарлау үшiн тартып алған Ертiс пен Жайықтың сол жағалауындағы, Жетiсу мен Оңт. Қазақстандағы жерлердi өлкенiң байырғы халқы — қазақтарға қайтару едi. Соның нәтижесiнде шаруалар 1 млн. 385 мың десятина жерге ие болды. 1921 ж. “Қосшы” кедейлер одағы құрылып, олар жер реформасын жүргiзуге белсене қатысты. 1921 ж. 8 — 16 наурызда Ресей большевиктер партиясының 10 съезi өттi. Онда жаңа экономикалық саясатқа (ЖЭС) көшу туралы шешiм қабылданды. Азық-түлiк салғырты салықпен алмастырылды, жаппай еңбек мiндеткерлiгi жойылды, еркiн саудаға рұқсат берiлдi, жалдамалы еңбек, жердi жалға алу, кооп. дамуына қолдау көрсетiлдi. ЖЭС-тiң нәтижесi 20-жылдардың ортасында көрiндi. 1925 жылға қарай халық ш. қалпына келтiрiлдi. Өнеркәсiптiң 60%-н, көлiк қатарға қосылды. Мал басы 1922 жылмен салыстырғанда екi есе өсiп, 26 млн. басқа жеттi. Ойыл, Қоянды, Темiр жәрмеңкелерi қайта жанданды. Сөйтiп, халықтың әл-ауқаты көтерiле бастады. Қазақстанның табиғи қазба байлықтарына баса назар аударылып, өндiрушi салалар — түстi металлургия, көмiр және мұнай өнеркәсiптерi қолға алынды. 1928 — 29 ж. республикада 50 геол., 1931 ж. 140 экспедиция жұмыс iстедi. Осы кезеңде iрi құрылыстар: Шымкент қорғасын з-ты, Балқаш мыс қорыту, Ащысай полиметалл комб-тары iске қосылып, Текелi полиметалл, Жезқазған мыс қорыту комб-тары, Өскемен қорғасын-мырыш з-ты салына бастады. 1927 ж. сәуiрде индустрияландырудың iрi нысандарының бiрi — Түркiстан-Сiбiр темiр жолының (Түркiсiб) құрылысы басталды. 1927 ж. желтоқсанда өткен БПК(б) 15 съезi ауылдарды ұжымдық шаруашылықтар құру туралы шешiм қабылдады. Ұжымдастыруды 1932 ж. аяқтау көзделдi. Ол күштеу тәсiлiмен жүрдi, жергiлiктi халықтың тұрмыс дәстүрi назарға алынбады. Осы кезеңде кулактар мен байларды тап ретiнде жою науқаны басталды (қ. Кәмпескелеу). 1928 ж. 27 тамызда Қазақ АКСР-iнiң ОАК мен ХКК қабылдаған “Iрi бай шаруашылықтары мен жартылай феодалдарды тәркiлеу және жер аудару” туралы декретке сәйкес 657 жеке шаруашылық тәркiленiп, иелерi жер аударылды. Олардан 145 мың бас мал, а. ш. құралдары тартып алынды. Отырықшыландыру iсi күштеп ұжымдастырумен астасты, соның салдарынан шаруалар мал өрiсiнен, су мен жайылым ауыстыру мүмкiндiгiнен айрылды. Мұның бәрi ашаршылыққа, мал ш-ның құлдырауына әкелiп соқтырды, егiс көлемi төмендедi (қ. Ашаршылық). Халық наразылығы күшейдi. 1929 — 31 ж. Қазақстанда 372 көтерiлiс болып өттi. Шет елдерге (Қытайға, Моңғолияға, Иранға, Ауғанстанға) жаппай ауа көшу басталды.

1930 ж. 27 тамызда Қазақ АКСР ОАК мен ХКК жалпыға бiрдей мiндеттi бастауыш бiлiм беру туралы қаулы қабылдады. 1920 — 21 ж. басталған сауатсыздықпен күрес нәтижесiнде 1940 жылға қарай еңбекке жарамды тұрғындар негiзiнен сауат ашты. Педагог-кадрларды даярлауға көңiл бөлiне бастады. Тұрақты, қысқа мерзiмдi курстар, педтехникумдар ашылды. 1922 ж. ҚазАКСР Денсаулық сақтау комиссариатының жанынан Өлкелiк химия-бактериол. лаборатория, 1924 ж. Санитарлық-бактериол. ин-т, 1926 ж. Тыңайтқаш және агротопырақ зерттеу ин-ты құрылды. 1932 жылға қарай Қазақстанда 12 ғыл.-зерттеу ин-ты, 15 тәжiрибе ст., 186 тiрек пунктi, лаб., гидромет. ст., кен барлау ұйымдары жұмыс iстедi. КСРО ҒА-ның қазақстандық базасы құрылды. Жоғары оқу орындары ашыла бастады. ҚазПИ (1928), Алматы зоотех.-малдәрiгерлiк ин-ты (1929), Қазақ а. ш. ин-ты (1930), Алматы медицина ин-ты (1931), Қазақ мемл. ун-тi (1934) құрылды. Осы ғасырдың 20-жылдарында iшiнде Қазақстан зерттеу қоғамы құрылған болатын. Қоғам тарихи-геогр., этногр., экон. бағыттағы еңбектер жариялады. 1925 ж. тұңғыш ұлттық қазақ театрын ұйымдастыру қолға алынып, оны Д.Әдiлов басқарды. Республиканың шартарабынан өнерпаздар шақырылды. 1925 ж. желтоқсанда “Еңлiк — Кебек” пьесасы (М.Әуезов) мен үлкен концерт қойылды. Ал 1926 ж. 13 қаңтардағы ресми ашылуында “Алтын сақина” (Қ.Кемеңгеров) қойылды. 1934 ж. муз. театр ашылып, оны Ж.Шанин басқарды. Бiрiншi қазақ операсы “Қыз Жiбек” (Е.Брусиловский) қойылды. 1934 ж. А.Жұбанов басқарған Құрманғазы атынд. оркестр құрылды. 1936 ж. мамырда Мәскеуде қазақ әдебиетi мен өнерiнiң алғашқы онкүндiгi өттi. К.Байсейiтоваға КСРО Халық артисi атағы берiлдi. 1934 ж. көркемфильм студиясы ашылды. 1938 ж. тұңғыш дыбысты кино “Амангелдi” фильмi түсiрiлдi. Қазақтың муз. өнерiнiң дамуына этнограф-композитор А.В.Затаевич (“Қазақтың 1000 әнi”), (“Қазақ халқының 500 әнi мен күйi”) зор үлес қосты. Аталған кезеңде Ж.Аймауытов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, I.Жансүгiров, Б.Майлин шығармалары кеңiнен мәлiм болды. Ауыз әдебиетiнiң көрнектi өкiлдерi Ж.Жабаев, Н.Байғанин, О.Шипин, К.Әзiрбаев, И.Байзақов есiмдерi халыққа танылды.

1925 жылдан кейiн республиканың қоғамдық-саяси өмiрi күрт өзгерiп кеттi. Қазақстанда “Кiшi қазан” төңкерiсiн өткiзуге идеол. негiз жасалды. Тәркiлеу, күштеп ұжымдастыру, саяси қуғын-сүргiн, қарулы жазалаушылардың елдi қанға бөктiрген ожарлықтары халықты қайғы-қасiретке ұшыратты. 1928 — 30 ж. 80-нен астам адамға саяси айып тағылып, түрмеге жабылды. Қазақ жерi саяси тұтқындар қамалатын лагерге айналдырылды. Олардың ең iрiсi Қарағанды лагерi болды. Ақмолада “Отан сатқындары” жұбайларына арналған лагерь (қ. АЛЖИР) құрылды. 1937 жылдың күзiнде Қазақстанға Қиыр Шығыстан 100 мың кәрiс, 1943 — 44 жылдары күрд, түрiк, иран, әзербайжандар, шешен-ингуштар жер аударылып қоныс тептi; қ. Депортация.

1941 ж. 22 маусымда Германия КСРО-ға соғыс ашты. Қазақстан алғашқы күндерiнен-ақ соғыс арсеналына айналды. Елдiң бүкiл экономикасы соғыс қажетiне лайықталып қайта құрылды. Қарағанды шахтерлерi төрт жыл iшiнде 34 млн. тонна көмiр өндiрдi. Орал-Ембi мұнайлы ауд-ның кәсiпорындары сұйық отын шығаруды 39% арттырды, электр қуатын өндiру екi есе дерлiк өстi. Шығыс Қоңырат молибден, Жездi марганец, Дөң (Дон) хромит кенiштерi, Ақшатау молибден-вольфрам комб. салынды. 1941 — 45 ж. барлығы 460 зауыт, фабрика, кенiш, шахта, т.б. кәсiпорындар салынды. Бұлардың қатарына соғыс жүрiп жатқан аймақтардан көшiрiп әкелiнген металл өңдейтiн, машина жасайтын з-ттар қосылды, олар мина, снаряд, торпедо, бомба, огнемет, радиост. шығарды. 1941 — 42 ж. Қазақстанға Мәскеуден, Ленинградтан, Украина, Беларусьтен әкелiнген 220 з-т, ф-ка қайта жабдықталды. Олар негiзiнен Алматы, Орал, Шымкент, Семей, Қарағанды қ-ларына орналастырылды. Ауыл-село еңбеккерлерi өздерiнiң патриоттық мiндеттерiн адал өтедi: 1941 — 45 ж. олар 5829 мың т астық, 734 мың т ет және басқа азық-түлiк, өнеркәсiп үшiн шикiзат өндiрдi. 1943 ж. Ш.Берсиев тарының әр га-нан 202 ц, Ы.Жақаев күрiштiң га-нан 172 ц өнiм алып, әлемдiк зор табысқа жеттi. Қазақстанға шығарм. және ғыл. ұжымдар да көшiрiлiп әкелiндi. Олардың қатарында Мәскеу, Ленинград киностудиялары, 20 ғыл. мекеме, атақты ғалымдар И.П. Вернадский, А.М.Панкратова, А.А.Скочинский, т.б. келдi. Белгiлi қазақ ақын-жазушылары: Ж.Жабаев, С.Мұқанов, Д.Снегин, М.Әуезов өз шығармаларын халықты патриоттық рухта тәрбиелеуге арнады. Соғыс жылдары Қазақстанда 12 атқыштар, 4 атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы жасақталды. Қазақстандық жауынгерлер алғашқылардың бiрi болып соғысқа кiрiстi. Брест қорғанын К.Әбдiрахманов, В.Лобанов, К.Иманқұлов, Ұ.Жұматов, т.б. қорғады. Мәскеу үшiн шайқаста қазақстандықтар даңққа бөлендi. Дубосековода гитлершiлердi бөгеген 28 батыр жауынгер ерен ерлiктiң үлгiсiн көрсеттi. Алматыда жасақталған 316 атқыштар дивизиясы 8-панфиловшы гвардияшылар болып қайта құрылды. Мұнда аға лейтенант Б.Момышұлы (1990 ж. КСРО батыры) басқарған батальон ерекше көзге түстi. Сондай-ақ, осында Кеңес Одағының Батырлары Т.Тоқтаров, М.Ғабдуллин, т.б. соғысты. 310-, 314-Қазақстан дивизиялары Ленинградты қорғауға қатысты. Ленинград үшiн шайқаста С.Баймағамбетов кеудесiмен дзотты жауып соғыс тарихында теңдесi жоқ ерлiк жасады. Жамбыл өзiнiң “Ленинградтық, өренiм!” атты жалынды өлеңiмен ленинградтықтарды жiгерлендiрдi. 1942 ж. күзде Сталинград үшiн шайқас болып жатқанда Бат. Қазақстан облысында соғыс жағдайы жарияланды. Сталинград операциясына Қазақстаннан 5 атқыштар, 1 атты әскер дивизиясы, 1 танк атқыштар бригадасы, 1 минометтi полк қатысты. Осы шайқаста Н.Әбдiров, Қ.Спатаев, т.б. қазақ жауынгерлерi батыр атағын алды. Қазақтар Курск түбiндегi, Беларусьтегi, Украинадағы шайқастарда ерлiк көрсеттi. Берлинге алғаш ту тiккендердiң бiрi — Р.Қошқарбаев болды. Қазақстандықтар партизан қозғалысында (Қ.Қайсенов, Ж.Саин, Ә.Шәрiпов, т.б.), қарсыласу қимылдарында белсендiлiк көрсеттi. Соғыстағы ерлiктерi үшiн 499 қазақстандық (94-i қазақ) жауынгерлер Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Т.Бигелдинов, Л.Беда, И.Павлов, С.Луганский жоғары атақты екi дүркiн алды. Шығыс қыздары арасынан Ә.Молдағұлова мен М.Мәметова Кеңес Одағының Батыры атанды. 410 мыңға тарта қазақстандық соғыстан оралмады. 1941 ж. күзде жеке адамдар мен ұжымдардан майданға ерiктi көмек ұйымдастырылып, қаржысына танктер, ұшақтар, сүңгуiр қайықтар сатып алынды. Майдандағы солдаттарға 1600 вагон азық-түлiк, киiм-кешек жiберiлдi. Қазақстан артистерi майдан шебiнде 1216 рет концерт көрсеттi. Соғыс жылдарынан республика әлеум.-экон. жағынан әбден қалжырап шықты. Соған қарамастан Қазақстан тұрғындары Ленинград, Сталинград, Брянск, Донбасс, Украина, т.б. бүлiншiлiкке ұшыраған аймақтарды қалпына келтiруге белсендi көмек көрсеттi. 1946 ж. 18 наурызда қабылданған 4-бесжылдық жоспарда соғыстан бүлiнген аудандарды қалпына келтiру, өнеркәсiп пен а. ш-ның соғыстан бұрынғы дәрежесiне жеткiзу, одан асып түсу белгiлендi. Өнеркәсiптi дамытуға баса көңiл бөлiндi. Алты жаңа көмiр шахтасы, Қаратон және Мұнайлы кәсiпшiлiктерi қатарға қосылды. Қазақ металлургия з-тының құрылысы аяқталды, Ақтөбе Қайта балқыту з-тының қуаты арттырылды. Жеңiл және тамақ өнеркәсiптерi онан әрi дамыды. 65 жеңiл өнеркәсiп орыны өнiм бере бастады. А. ш-нда ұжымшарларды iрiлендiру қолға алынып, 1945 — 52 ж. ұжымшарлар саны 3 есе кысқарып, 2047-ге жеттi. А. ш. дақылдары өнiмiнiң көл. артты. 1950 ж. астықтың жалпы түсiмi бұрынғыдан 89% асып түстi. Қазақтың ақ бас қойы, алатау сиыры, қазақтың биязы жүндi қойы, арқар-меринос қойы, Қостанай жылқысы будандастырылып, жаңа тұқым алынды. Қазақстан бұрынғысынша орталықтың отары, тiрек базаларының бiрi болып қалды. Республика металл, шикiзат, отын, құрылыс материалдары, өнеркәсiп тауарлары, азық-түлiк, асыл тұқымды мал, т.б. одақтық қорға жөнелтуге мәжбүр болды. Соғыстан кейiнгi жылдарда республикада бiрқатар жоғары оқу орындары ашылып, халыққа бiлiм беру жүйесiн жетiлдiру қолға алынды. 1946 ж. 1 маусымда Қазақстан ҒА ұйымдастырылып, оның тұңғыш президентi болып Қ.Сәтбаев сайланды.

Кеңес Одағындағы әмiршiл-әкiмшiл жүйе 40-жылдардың соңы мен 50-жылдардың басында өзiнiң шарықтау шегiне жеттi. Елде И.В. Сталиннiң жеке басына табыну белең алды. Интеллигенцияға қатысты саяси қуғын-сүргiннiң үшiншi кезеңi басталды. Әсiресе, БК(б)П ОК-нiң “Звезда”, “Ленинград” журналдары туралы (1946 ж. 14 тамыз) қаулысынан кейiн еркiн ойды қудалау басталды. Ленинград, Мәскеуде “Ленинградтық iс”, “Дәрiгерлер iсi”, т.б. қолдан жасалынып жатқан кезде Қазақстанда “Бекмаханов iсi” пайда болды. ҚКП ОК-нiң 1947 ж. наурызда өткен пленумы партия к-ттерiнен Қазақстан тарихын жазудағы, әдебиет пен өнердегi саяси қателер мен ұлтшылдық бұрмалауларға қарсы большевиктiк сынды кеңiнен өрiстетiп, БКП ОК-нiң идеол. мәселелер жөнiндегi қаулыларын сөзсiз орындауды талап еттi. Тарихшы Ермұхан Бекмахановтың (1915 — 66) соғыс жылдарында Алматыда болған А.П. Кучкин, А.М.Панкратова, В.Д.Греков, т.б. белгiлi тарихшылармен бiрге жазған “Қазақ ССР тарихы” (1943), “Қазақстан XIX ғасырдың 20 — 40 жылдарында” (1947) деген еңбектерiндегi Кенесары Қасымовтың көтерiлiсiне қатысты көзқарасы ұлтшылдық, саяси зиянды деп табылды. Сөйтiп, Е.Бекмаханов 1952 ж. 4 желтоқсанда 25 жылға сотталды. А.Жұбанов, Қ.Жұмалиев, Б.Сүлейменов, т.б. зиялы қауым өкiлдерi де қуғын-сүргiнге ұшырады. Көрнектi ғалымдар Қ.Сәтбаев, М.Әуезов қудалауға түсiп, Қазақстаннан сыртқа кетуге мәжбүр болды. И.В. Сталиннiң өлiмiнен (1953) кейiн елдi демократияландыру нышандары басталды. Алайда бұл әмiршiл-әкiмшiл жүйенiң күйреуi емес едi. Мыңдаған адамдар жазықсыз түрмеде отыра бердi, оларды жазалауға қатысқандар жоғары үкiмет қызметтерiнен кетпедi. 1956 ж. ақпанда Мәскеуде өткен партияның 20 съезi Сталиннiң жеке басына табынушылықты жою мәселесiн қарастырғанымен авторитарлық жүйенi жою соңына дейiн жүргiзiлмедi. Өткен тарихтың қайғылы беттерi: Қазан төңкерiсi тарихы, азамат соғысы, 30-жылдардағы ашаршылық себептерi айтылмады немесе бiржақты көрсетiлдi. Кешiкпей саяси тұрғыда басқаша ойлайтындар қудалана бастады.

1954 ж. ОК-тiң ақпан-наурыз пленумы “Елде астық өндiрудi одан әрi ұлғайту және тыңайған жерлердi игеру” туралы қаулы қабылданып, КСРО-да 13,4 млн. га жаңа жерлер, соның iшiнде Қазақстанда 6,5 млн. га жер жыртылды. 1954 жылғы наурыз айына дейiн Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Солт. Қазақстан облыстарында 337 кеңшар құрылды. Тың көтеру нәтижесiнде Қазақстанда халықтың жан басына шаққанда 2 мың кг-нан астам астық өндiруге мүмкiндiк бердi. Ал әлемдiк тәжiрибеде азық-түлiк тапшылығын шешу үшiн 1 мың кг төңiрегiндегi көрсеткiш те жеткiлiктi едi. 1954 — 55 ж. бүкiл елде 29,7 млн. га жер жыртылып, оның 18 млн. га-сы Қазақстан үлесiне тидi. Тың игерудiң залалдары да байқалды. 1960 жылы-ақ республика тың аймағының 9 млн. га жерi топырақ эрозиясына ұшырады. Халықтың 61%-ы РКФСР, Украина, Молдовадан келгендермен көбейдi. 1954 — 62 ж. Қазақстанға тың игеруге 2 млн. адам келдi. Республиканың жергiлiктi халқы — қазақтардың саны 30%-ға дейiн төмендеп, этнос ретiнде дамуына қауiп төндi.

Соғыстан кейiнгi халық ш-ның қарқындап дамуы көлiктiң барлық түрiн, әсiресе т. ж. көлiгiн жедел қарқынмен дамытуды қажет еттi. 1945 ж. т. ж-дың ұз. 8112 км болса, 1960 ж. 11470 км-ге, 1970 ж. 13669 км-ге дейiн жеттi. 1953 ж. 27 қазанда

Мойынты — Шу т. ж. тұрақты пайдалануға берiлдi (қ. Көлiк құрылысы; Көлiк). 1948 ж. үш облыстың (Семей, Павлодар, Қарағанды) түйiскен жерiне орналасқан ядр. сынақ полигоны салынды. 1949 ж. 29 тамызда Семей полигонында тұңғыш рет ядр. сынақ жасалды. Қорғаныс мин-нiң өз мәлiметi бойынша 1949 жылдан 1963 жылға дейiнгi аралықта полигонда қуаты бiрнеше т-дан 100 килотоннаға дейiн жететiн 113 жарылыс ауада жасалған, 1964 жылдан кейiн ғана сынақ жер астында жасала бастады. 1989 ж. қыркүйектiң 19-ына дейiн қуаты бiрнеше т-дан 150 килотоннаға дейiнгi 343 сынақ жасалған. Полигон халықтың денсаулығына зор зиянын тигiздi.

20 ғ-дың 70 — 80 жылдарында КСРО-да (соның iшiнде Қазақстанда да) кеңестiк жүйе дағдарысқа ұшырай бастады. Федерациялық мемлекет ретiнде жобаланып, 1922 ж. құрылған КСРО iс жүзiнде унитарлық мемлекетке айналды. Оның құрамындағы Одақтас республикалардың құқықтары шектелiп, нақты егемендiгi жоқ автономия ретiнде дамыды. Ұлттардың өзiн-өзi билеуi сөз жүзiнде ғана айтылды. Бүкiл кеңестiк тарихтың өне бойында, кеңестiк федерализм жағдайында соц. ұлттардың федерациядан шығуына қажеттiлiк пайда болуы мүмкiн емес деген тұжырым берiк бекiдi. 70 — 80 жылдары ұлттық салт-санадан гөрi кеңестiк салт-сана көбiрек дәрiптелдi. Ұлттық республикалардың қоғамдық-саяси өмiрiнде еуроцентризм басымдық алды. Ұлт саясатындағы бұрмалаулар, еркiн ой-пiкiрге тыйым салу интеллигенттердiң наразылығын туғызды. Ол түрлiше көрiндi. Мыс., Мәскеуде оқитын қазақ жастары 1963 ж. “Жас тұлпар” атты тұңғыш бейресми бiрлестiк құрды. Кейiн бұл қоғам өрiсiн едәуiр кеңейттi. Семейде — “Тайшұбар”, Қарағандыда — “Жас қазақ” ұйымдары жұмыс iстедi. Бiрақ мұның бәрi бауырын жаза алмай, бесiкте тұншықтырылды. Жүйе баспасөзде, әдебиет пен өнер шығармаларында қоғамның көлеңкелi терiс жақтарын көрсеткен интеллигенцияны қудалауға түсiрдi. Мыс., 60-жылдарда “Социалистiк Қазақстан” (қазiргi “Егемен Қазақстан”) мен “Қазақ әдебиетi” газеттерiнiң, 70 — 80-жылдары “Бiлiм және еңбек” (қазiргi “Зерде”) журналының басшылары Қазақстанның шынайы тарихын қозғаған мақалалар жариялағаны үшiн қызметтен қуылды. О.Сүлейменовтiң “Аз и Я” атты кiтабы ұлтшылдық көрiнiсi ретiнде, орысқа қарсы деп бағаланды. Антрополог О.Смағұловтың “Қазақстанның этностық географиясы” деген кiтабы идеялық тұрғыдан зиянды деп табылды. 1979 ж. орт. үкiметтiң Қазақстанның Ақмола қ-нда немiс автономиясын құру жайындағы шешiмi жергiлiктi халықтың мүддесiн ескермеудiң нақты көрiнiсi едi. Бiрақ қазақ халқының батыл қарсылығы бұл жоспарды жүзеге асыртпай тастады. 60-жылдардың ортасында-ақ ел басшылығы халықтың ақшалай табысын арттыру бағытын ұстанды, мұның өзi тұрғындардың тұрмыс дәрежесiнiң 40 — 50-жылдармен салыстырғанда бiршама артуына жағдай туғызды. Халықты қоғамдық тұтыну қоры есебiнен қамтамасыз ету бiраз жақсарды. Оның бiр бөлiгi жәрдем, зейнетақы, стипендия төлеуге, мәдени және тұрмыстық қызмет көрсетуге жұмсалды. Соған сәйкес бағаны халықтан ресми жасырын түрде көтеру жүрiп отырды. Мұның өзi мұқтаждықты (қарттарға, балаларға арналған тауарлардың жетпеуi, тамақ түрлерiнiң жетiспеуi, дүкендерде сағаттап кезекте тұру т.т.) арттырды. 70 — 80-жылдары Батыс елдерi кеңес қоғамын барып тұрған әдiлетсiз қоғам деп бiлдi. Бұл ең алдымен партиялық-мемл., әскери, шаруашылық номенклатурасына берiлген артықшылықтарға байланысты қорытылған пiкiр едi. Әлеум. саладағы қиын мәселе — тұрғын үй тапшылығы болды. Қордаланған әлеум.-экон. қайшылықтар — еңбекке немқұрайлы қарау, өндiрiстегi ұрлық, маскүнемдiк, қылмыс жасау, еңбек тәртiбiнiң құлдырауы, “қылмысты экономика” сияқты келеңсiз құбылыстарды туғызды. Мұның бәрi әлеум. саладағы дағдарыстың көрiнiстерi және әмiршiлдiк жүйенi күйретуге алып келген заңды себептер едi. 1985 жылғы наурызда өткен КОКП ОК-нiң сәуiр Пленумында қоғамның әлеум.-экон. дамуын жеделдету мәселесi қозғалып, одақты қайта құру идеясы пайда болды және ол “төменнен” — автон. және одақтас республикалардан басталды. Қазақстанда республиканың өзiн-өзi басқару, өзiн-өзi қаржыландыру тұжырымдамасы жасалды. Онда Қазақстан аумағындағы табиғи байлықтар мен өндiрiс құрал-жабдықтарына республиканың меншiктiк құқы дәлелдендi, елдiң егемендiгiн саяси және экон. салада нақты түрде қамтамасыз ету қажеттiгi туралы батыл мәлiмдеме жасалды. Бiрақ мұның бәрiн жүзеге асыруға мемл. басқару құрылымының, Коммунистiк партияның қатаң билiгi кедергi жасады. 1986 ж. 16 желтоқсанда Қазақстан компартиясы ОК пленумы жедел шақырылып, ОК-тiң бiрiншi хатшысы Д.А. Қонаевты қызметiнен босатты да, орнына осыған дейiн Ульяновск обл. партия к-тiнiң бiрiншi хатшысы болып iстеген Г.В. Колбин қойылды.

Сөйтiп, Қазақстанды басқару мәселесi тағы да көне әдiс бойынша — Қазақстанның сыртынан шешiлдi. Бұл жайт жергiлiктi қазақ жастарының қарсылығын туғызды. 17 желтоқсанда ертеңгiсiн партияның ОК орналасқан алаңға студент және жұмысшы жастар жиналды. Демонстрация бiрнеше күнге созылды, оны обл. орталықтарындағы жастар қолдады. Жастардың Алматыдағы ереуiлiн үкiмет қарулы күшпен таратты. Ереуiлге қатысқандарды саяси тұрғыдан қуғындау басталды. 99 адам сотталды, 264 студент оқудан шығарылды, жүздеген адамға партиялық, комсомолдық жазалар берiлдi. 1987 ж. жазда КОКП ОК-нiң “Қазақстан партия ұйымдарындағы интернационалдық тәрбиелiк кемшiлiктерi жөнiндегi” қаулысы шығып, желтоқсан оқиғасы “қазақ ұлтшылдығының көрiнiсi” ретiнде бағаланды. 1986 ж. Желтоқсан ереуiлi күллi Кеңес одағындағы халықтардың саяси өмiрiн жандандырудың басы болды, қасаң әмiршiлдiктi тыю және елдi демократияландыру жолындағы күреске жаңа серпiн бердi (қ. Желтоқсан көтерiлiсi).

Республика жұртшылығының 1989 ж. ақпандағы митингiсi Невада — Семей халықаралық қозғалысына жол ашты. Оны ақын О.Сүлейменов басқарды. Қысқа мерзiм iшiнде бұл қозғалыс ең ықпалды қоғамдық қозғалысқа айналып, ядр. сынақты тоқтату үшiн әскери өнеркәсiп кешенiмен тегеурiндi күрес жүргiздi. “Невада—Семей” қозғалысының бастамасы мен әлемдегi барлық ядр. қаруға қарсы қозғалыстардың атом қаруын сынауды толық тоқтату жолындағы күш-жiгерiн бiрiктiру мақсатымен 1990 ж. мамырда Алматыда “Дүние жүзiнiң сайлаушылары ядролық қаруға қарсы” деген халықар. конгресс өткiзiлдi. Қазақстан Президентi Н.Ә.Назарбаев 1991 ж. 28 тамызда Семей полигонын жабу туралы өкiмге қол қойды. Осы жылдары Кеңес одағында саяси-экон. жағдай қайта шиеленiстi. 1991 ж. 19 тамызда Төтенше оқиғалар жөнiндегi мемл. к-т (ГКЧП) құрылды. Олар КСРО президентi М.С. Горбачевтi Фороста оқшау ұстады, бұл мемл. төңкерiс жасау әрекетi едi. Бiрақ ГКЧП жеңiлiске ұшырап, оны ұйымдастырушылар тұтқындалды (қ. Тамыз бүлiгi). Оқиға КСРО-ның күйреуiн тездеттi. Бүлiктiң әшкереленуi компартияның таратылуына әкелдi. 7 қыркүйекте Қазақстан компартиясының кезектен тыс съезi болып, партияның таратылатындығы мәлiмделдi.

Материалдарды пайдалану тек қана құқығын иеленушілердің келісуімен ғана рұқсат етіледі. Барлық суреттер мен мәтіндер авторлардың құқығымен қорғалған.
Байланыста болыңыз