Рус Каз Eng

Жамбыл облысы

Тараз
 

Президент билігінің рәміздері

Қазақстан Республикасының Президенті мемлекеттің жоғары лауазымды тұлғасы ретінде дербес рәміздер мен айырым белгілерін иеленеді. 

Соның бірі – Қазақстан Республикасы Президентінің төсбелгісі. Ол шапақтары сегіз қырлы нысанды құрайтын көп сәулелі жұлдыздан тұрады. Жұлдыздың ортасында алтын әріптермен «ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІ» деп айналдыра жазылған медальон бар. Белгі Қазақстанның елтаңбасы түріндегі ілгіш арқылы әрқайсысы қосарлы кішкене шынжыр арқылы біріктірілген жиырма бунақтан тұратын алқаға жалғасады. Жалғасқан бунақтар – көгілдір түсті эмальмен көмкерілген, жиегі ақ түсті, ортасында алтын шаңырақ бейнеленген үш бұрышты элементтер. Қазақстан Республикасының Президенті төсбелгіні ұлықтау рәсімінде, мемлекеттік мерекелерде, әскери парад өткізу және шет мемлекеткердің ресми тұлғаларын қабылдау кезінде тағады. 

Президент билігінің тағы бір рәмізі – оның дербес жалауы, Президент байрағы. Ол Мемлекет басшысының резиденциясына, сондай-ақ Қазақстан Президентінің көліктеріне орнатылады. 
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы өз лауазымына сәйкес «Алтын Қыран» орденінің иесі болып табылады. Бұл орденмен Президенттен басқа Қазақстан Республикасы алдында мемлекеттік деңгейде айрықша еңбек сіңірген азаматтар марапатталады. 

Қазақстан тарихында тұңғыш рет Мемлекет басшысының байрағы 1995 жылдан қолданыла бастады. Республика Президентінің төсбелгісі сияқты, ол да мемлекеттің жоғары лауазымды тұлғасының ресми айырым белгісі болып саналады. Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 31 қазандағы Жарлығында Президент байрағының сипаттамасы берілген. 

Қазақстан Республикасы Президентінің байрағы - көгілдір түсті (Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туымен түстес) тікбұрыш нысанындағы жақтары екіден біріне сәйкес келетін кездеме. Тікбұрыштың ортасында Қазақстан Республиткасының алтын түсті Мемлекеттік Туы бейнеленген. 
Саптың тұсына тік сызық түрінде алтын түсті ұлттық нақыш орналастырылған. 
Кездеме үш жағынан алтын шашақпен көмкерілген. Байрақтың сабы "қошқар мүйіз" түріндегі сретті қола кескіндемемен тұйықталған, оған көбілмелі шашақ бекітілген. 
Байрақтың сабына Қазақстан Республикасы Президентінің мемлекеттік тілде тегі, аты мен әкесінің аты және оның сайланған мерзімін көрсететін даталар өрнектеліп жазылған күміс темірше бекітіледі. 
Қазақстан Республикасы Президентінің байрағы Мемлекет басшысының Астанадағы резиденциясында тұрады, Елбасы сапарларында басқа резиденцияларда, оның көліктерінде болады. 
1995 жылғы 12 желтоқсандағы №2676 «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» ҚР Заңына сәйкес, «Алтын Қыран» ордені жоғары дәрежелі айырым белгісі болып саналады. Онымен мемлекетке айрықша еңбек сіңірген азаматтар марапатталады. «Алтын Қыран» орденін бұрын Қазақстан Республикасының немесе КСРО-ның ордендерінің бірімен марапатталғандар иеленуі мүмкін. Қазақстан Республикасының Президенті лауазымы бойынша айрықша үлгідегі «Алтын Қыран» орденінің иесі болады. 
Қазақстан Республикасы Президентінің төсбелгісі мемлекеттің жоғары лауазымды тұлғасының ресми айырым белгісі болып саналады. Оны ресми пайдалану тәртібі Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 29 желтоқсандағы №2736 «Қазақстан Республикасы Президентінің байрағы және оның айырым белгілерінің ресми пайдаланылу тәртібі туралы» Жарлығына сәйкес айқындалған. Қазақстан Республикасы Президентінің төсбелгісі Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 1995 жылғы 1 желтоқсандағы қаулысымен белгіленген. 
Материалдарды пайдалану тек қана құқығын иеленушілердің келісуімен ғана рұқсат етіледі. Барлық суреттер мен мәтіндер авторлардың құқығымен қорғалған.
Байланыста болыңыз