Рус Каз Eng

Жамбыл облысы

Тараз
 

Қазақстан экономикасы

1990-шы жылдардың басында, КСРО құлағаннан кейін, Қазақстанда нарықтық экономика жасау басталды. Кәсіпорындар, кен орындары, және инфрақұрылымдық кешендер бөлігі жекеменшікке берілді. 1993 жылы ел кеңестік сомнан бас тартып, өз ақшасын – теңгені енгізді. Қазақстан шын мәнісінде түк жоқ жерден тиімді банк жүйесін құрды. Республикада бұрын дәстүрлі банк ісі мүлде болмаған еді. Бұл реформаланған және қарқынды дамушы сектор боп саналады. Түсті және қара металлургия, химия өнеркәсібі, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп және мұнай өңдеу Қазақстан экономикасының жетекші салалары. Республикада түсті және қара металдың, тас көмір мен қоңыр көмірдің, мұнай мен газдың, фосфориттің, ас тұзы мен асбестің үлкен қоры анықталған. 

Табиғи қорлар 

Қазақстан жер қойнауындағы басты байлық – түсті және қара металдар: мыс, мырыш, қорғасын, никель, вольфрам, молибден, темір және марганец рудалары, хромиттер. Республикада сондай-ақ, тас көмір мен қоңыр көмір, мұнай мен газ, фосфориттер, ас тұзы мен асбест көп. Жалпы алғанда, Қазақстан жер қойнауында 90-нан астам пайдалы қазбалардың түрі бар. Менделеевтің периодтық кестесіндегі элементтердің республикада табылмағаны жоқ деуге болады. Экологиялық көзқарас тұрғысынан қарағанда, осынау пайдалы қазбалардың өте маңызды ерекшелігі сол, олар көбінесе, жер бетіне жақын жатады, және сондықтан карьерлерден ашық әдіспен арзан алынады. Қазба қорларының молдығымен және сан алуандығымен кенді Алтай, Қаратау, Мұғаджар таулары, Торғай жазығы мен Маңғыстау түбегі ерекше көзге түседі. Қазақстанның дәлелденген газ қоры 2009 жылдың басында 1,82 трлн м³ (BP бағалауы бойынша), ол әлемдік қордың 1,7% -ын құрайды. Республика әлемдегі барланған уран кен орындарының қоры бойынша әлемде екінші орын алады, Қазақстан кен орындарында 1,69 млн тонна уран бар. 

Өнеркәсіп

Түсті және қара металлургия, химия өнеркәсібі, машина жасау, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, сондай-ақ, мұнай өңдеу мен құрылыс материалдарын шығару Қазақстан өнеркәсібігнің жетекші салалары боп саналады. Көмір, мұнай, табиғи газ, темір рудалары, мыс рудалары, қорғасын-мырыш рудалары, уран рудасы, никель рудасы, бокситтер, мен басқа да пайдалы қазбалар қарқынды алынуда. Металлургия өнімдерін, мұнай, газ және мұнай өнімдерін экспорттау ел бюджетінің негізгі қайнар көзі саналады. 

Ауыл шаруашылығы

Ауыл шаруашылығы ел экономикасының маңызды секторы санатында. Қазақстанның солтүстігінде астықтық бидай, сұлы, арпа және басқа да дәнді дақылдар өсіріледі. Дән өнімдері жөнінен Қазақстан ТМД елдері бойынша Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орында. Климаттық жағдайы көкөніс, бақша өнімдерін өсіруге, күнбағыс, зығыр, темекі, т.б. сияқты кейбір техникалық дақылдарды баптауға мүмкіндік береді. Республиканың оңтүстігінде мақталықтар, қант қызылшасы, күріш жайқала өсіп, жеміс бақтары мен жүзімдіктер мол өнімдер береді. Мал шаруашылығы – Қазақстан агроөнеркәсібіндегі басым бағыттардың бірі. Республика дәстүрлі қой, жылқы, түйе, мүйізді ірі қара өсірумен айналысады. Қазақстанның орталық және оңтүстік батыс бөлігіндегі шөл және шөлейт жерлер малдың маусымдық жайылымы мен өрісі. Республиканың шығысы мен оңтүстік шығысындағы көгарай шалғынды тау баурайлары жазғы жайлау есебінде қолданылады. 

Қатынас көлігі

Қазақстанның географиялық орналасуы жөнінен Еуроазия құрлығының қақ ортасында жатуы оның көлік қатынасында транзиттік тасымалдау 
мүмкіндігінің айрықша маңыздылығын айқындайды. Республиканың жер бетіндегі көлік магистральдарының ұзындығы – 106 мың километр. Соның 13,5 мың километрі темір жол магистральдары, 87,4 мың километрі –жалпы қолданыстағы автомобиль тас жолдары, 4 мың километрі – су жолдары. Қазақстан мен Қытай арасындағы шекаралық Достық – Алашанькоу темір жолының және Түркіменстан мен Иран арасындағы Серахс - Мешхед темір жол өткелінің ашылуы Ұлы Жібек жолы бағдары бойынша: Қытайдың Тынық мұхиттағы Ляньюньган, Циньдао, Тяньцзин айлақтарынан Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Иран, Түркияға, сондай-ақ, Жерорта теңізіндегі және Парсы түбегіндегі айлақтарға дейінгі жаңа транзиттік дәліз ашты. 

Қолданыстағы автомобиль жолдары жүйесі Ресейге және бұрынғы одақтас республикаларға, сондай-ақ, Қара және Жерорта теңіздерінің, Үнді мұхитының айлақтарына шығуға мүмкіндік беретін Қытай, Түркия және Иранға жол ашады. Каспий теңізіндегі (Ақтау айлағы) теңіз кемежолдарынан Ресей өзен жолдары арқылы Қара және Балтық теңіздеріне бару жүзеге асады. 

Сыртқы сауда

Қазіргі кезде Қазақстанның экспорттық мүмкіндігі отындық, металлургиялық, химиялық кешендер есебінен айқын шикізаттық бағытта қалыптасады. Қазақстандық экспорт құрылымында негізгі үлес мұнай мен мұнай өнімдеріне (35%) тиесілі, ал басқа да маңызды тауарлық топтарда түсті металл (17%), қара металл (16%), рудалар (12%), экспорттың белгілі бір бөлігін дәнді дақылдар (9%) алады. Машиналар мен жабдықтар, транспорт құралдары, аспаптар мен автоматтар, химиялық өнімдер, отындық минералдар, азық-түлік өнімдері, дайын өнімдер мен халық тұтынатын тауарлар негізгі импорттық өнімдер саналады. Қазақстандық экспорт-импорт құрылымы жылдан-жылға іскерлік байланыстардың диверсификациясына қарай өзгерістерге ұшырауда. Дей тұрғанмен, дәстүрлі әріптестері ТМД және Балтық бойы елдерімен сауда үлесі әлі де өте жоғары: экспорттың 59%-дайы мен импорттың 63 %-ға жуығы соларға тиесілі. Осының өзінде Ресей негізгі саудалас серігі боп қала береді. Алыс шет мемлекеттерден Германия, Түркия, Швейцария, Чехия, Италия, Қытай, АҚШ, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, т.б.-мен сауда байланыстары табысты дамуда. 

Ақша бірлігі

Әнұран, жалау, және елтаңба сияқты ұлттық ақшасы да мемлекеттік нышандар санына қосылады. 90-жылдардың басында КСРО тарағасын кеңестік сомның құны түсе бастады. 1992 жылы инфляция деңгейі 250 пайызға жетті! 1993 жылдың шілдесінде Ресей өзінің ұлттық ақшасын енгізді. Сол оқиға болардан үш күн бұрын ғана Қазақстанды хабардар еткендіктен, республиканы ескі үлгідегі кеңестік ақша топаны басып салды. Ақша реформасы қарсаңында мемлекет басшысының теледидар мен радиодан түсіндірген сөзі қазақстандықтардың көңіл қобалжуын басты. Кеңестік ақшаны теңгеге айырбастау 1993 жылғы 15 қараша күні таңғы сағат 8.00-де басталып, 20 қараша күні кешкі сағат 20.00-де аяқталды. 1993 жылдың 15 қарашасынан бастап қазақстандықтар қаржы қызметкерлері күнін немесе теңгенің туған күнін атап өтуде. Еліміз өзін қағаз ақшамен қамтамасыз ету үшін банкнот фабрикасын құру жөнінде шешім қабылдады. Айтпақшы, қазақстандық Ақша сарайы әлемдегі 6 (алты) ең үздік ақша сарайының қатарына қосылады. Теңге ұлттық ақша ретінде республика тарихында маңызды роль атқарады. Өзінің ақшасын енгізу елдің дербес ақша-несие саясатын жүргізуіне мүмкіндік туғызды. Теңгені енгізумен бірге, нарықтық экономика құруға бағытталған құрылымдық өзгерістерді жүзеге асыру жеделдетілді. Бұған дейін дәстүрлі банк ісі мүлде болмаған Қазақстан түк жоқ жерден тиімді банк жүйесін құрды. Бұл реформаланған және қарқынды дамып келе жатқан сектор, ал банк технологиялары кешегі кеңестік кеңістіктегі ең сұранысқа ие, бәсекеге қабылетті, экспорттық өнімдер боп саналады.
Материалдарды пайдалану тек қана құқығын иеленушілердің келісуімен ғана рұқсат етіледі. Барлық суреттер мен мәтіндер авторлардың құқығымен қорғалған.
Байланыста болыңыз